Солярка сатамын деп сан соқты

Оның міндеті ТШО-ның дизель отынын қазанды көлігімен мердігер мекемелерге тасымалдап, жеткізу болатын-ды. Сол күні әдеттегідей темір тұлпарын соляркаға сылқита толтырып алған ол түске жақын Кеңарал елдімекеніне ат басын тіреді. Осы жерде бейтаныс орыс жігітін кезіктірді. Оған арзан бағасына солярка сататынын мәлімдейді. «Сауда – сақал сипағанша» дегендей, әлгі адам келісімін бере қойды. Қуанып кеткен жүргізуші дереу көлігінің үстіне мініп, қазанының қақпағын ашып жіберді де, еш ойланбастан 6653 литр дизель отынын құйып берді. Есесіне 332 650 теңге ақшаны сытырлатып тұрып санап алды. «Ұрлықтың құйрығы – бір тұтам», бірақ жүргізушінің ұрлығы көп ұзамай ашылып қалды.

Сөйтсе, мекемеде арнайы «Гломос» атты арнайы деректер базасы бар болып шықты. Онда мердігер компаниялар автокөліктерінің қозғалысы, жүрген-тұрғаны, ішіндегі жанар-жағармайдың көлемі мен қай жерде құйылып алынғаны бақыланып отырады екен. Солярка сатқан серінің қылмысы сол бағдарлама арқылы анықталды. ТШО-ның қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері «10150 литр дизель отынының 6 653 литрі қайда?» деп сұрағанда «КамАЗ» жүргізушісінің амалсыздан кінәсін мойындауға тура келді. Құқық қорғаушылар оның үстінен Қылмыстық кодекстің 189-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс көтеріп, алдын ала тергеу амалдары арқылы сотқа жолдады. Сот іс бойынша жинақталған және басты сот отырысында зерттелген дәлелдемелердің негізінде сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық әрекеті жоғарыдағы баппен дұрыс сараланған деп санады. Себебі ол ТШО мен оған қызмет көрсетіп жатқан мердігер мекемелердің көлік құралдарына құю үшін өзіне сеніп тапсырылған 6 653 литр дизель жанар-жағармайын иемденіп алып, жымқырған.

– Аудандық соттың үкімімен айыпкер кінәлі деп танылды. Оның асырауында кәмелетке толмаған балаларының барлығын және келтірілген шығын орнының толтырылғанын ескеріп, 200 сағаттық қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалды. Сонымен бірге, жәбірленушінің өтемақы қорына 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 36075 теңге мөлшерінде мәжбүрлі төлем өндіру міндеттелді, – аудандық соттың судьясы Р.Алдамбергенов.

Осылайша, компанияға 1 187 000 теңге мөлшерінде мүліктік залал келтірген жүргізуші көлденең табыс табамын деп абыройынан да, жұмысынан да айрылды. Бұл ұрлыққа бейім өзге азаматтарға ащы сабақ болса керек.

Е.Бисекенұлы,

өз тілшіміз.

COVID 19

covid

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

logo1

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамыр күні тiркеліп, тіркеу туралы №17099-Г куәлiгi берiлген

Редакция мекенжайы: Құлсары қаласы, Исатай Тайманов көшесі, 4 үй.

Тел: 5-16-83, 5-07-66, 30-51-06, 30-51-05.

 

Яндекс.Метрика