«Өнер мен оны мәдениетке айналдырмаған халықтың әдебі жоқ. Әдебі жоқ халықтың бары не, жоғы не?» деген екен мәдениеттанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай. Шетелдік ресми мәртебелі қонақтар мен туристердің, ең алдымен, көз тоқтатып, мән беретін құндылығы – елдің мәдениеті мен өнері. Өнері өрге жүзген өңір мәдениетінің мәйегі де мықты. Осы бір егіз саланы көтерудің жолы – «бұлақтың көзін ашып», таланттарды танытып қана қою емес, оларға жайлы жағдай жасау. Ал бүгінгі өнер мен саз ордаларының материалдық-техникалық жай-күйі қалай?
Жарыққа жарымаған, төбесінен тамшы аққан...
Сондай өнер ошағының бірі – Т.Құлтумиев атындағы №1 балалар саз мектебі. Талай таланттарды тәрбиелеп шығарған аудандағы іргелі өнер ошағының бірі де бірегейі. Міне, осы білім ордасына аудандық «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасының Жол картасы бойынша құрылған жұмысшы тобы бақылау жүргізіп, материалдық-техникалық базасымен танысты. Топ жетекшісі, аудандық партия төрағасы Сайлаубай Таласов, аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев бастаған топ мүшелерін мектеп директорының орынбасары Тыныштық Жакеева қарсы алды. Өзі ескі әрі тар ғимараттың есігінен ішке енгеннен-ақ саз ордасы жағдайының қандай екені белгілі болды. Жарықтың нашарлығы сондай, ғимарат іші күңгірт тартып тұрды. Бірақ соған қарамастан, жүздері жарқын ұстаздардың балаға дәріс беруге деген ынтасы зор. Әр кабинетте ойнаған аспаптардың үні әдемі естіледі. Зерделеу топ мүшелері Т.Жакеевадан саз мектебі мұғалімдерін толғандырған мәселелер туралы сұрады. Көп нәрсені ашып айтқысы келмеген орынбасар тек ноутбуктың жетіспейтінін тілге тиек етті. Сөйтсек, проблема жалғыз онда болмай шықты. Саз мектебіндегі ұядай ғана акт залға кіргенімізде көп нәрсеге көз жеткіздік. Күйі кетіп, балаларға арналған қондырғылардың да ескіргені көрініп тұрды. Тіпті екі мұғалімнің бір құрылғыны кезекпен-кезек пайдалануына тура келеді екен. Ал атышулы Т.Құлтумиев атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің сахналық костюмдері соңғы рет 2016 жылы тігілген. Сегіз жылдан бері пайдаланылып келе жатқан ұлттық нақыштағы киімдер әбден ескіріп қалғаны көрер көзге ұят. Бір қадамға ғана көтерілетін сахнаның аты ғана бар, затына сай емес. Орындықтар да сынып, қисалаңдап тұр. Перделері жаңартуды қажет етеді. «Өзіміздің кітапхана бар» деп мақтанып қойды бір кезде Т.Жакеева. Бірақ, сол кітапхана кабинетінде фортепиано сабағы өтеді. Өйткені 815 оқушыны қамтитын ғимаратта кабинет жетіспейді. Ең сорақысы, соңғы рет 2016 жылы жөндеу жұмысы жүргізілген саз мектебінің төбесінен жауын-шашынды күндері тамшы ағып, су сорғалайды екен. Ал жаңағы айтқан жарықтың жайы кәдімгідей өткір мәселеге айналып тұр. Өйткені қатар қосылған аппарат пен микрофон секілді құралдарды тоқ көтере алмай жандырып жібереді. Ноутбук те осы жарыққа жарымағанның кесірінен бұзылып тынған. Саз мектебі коммуналдық төлемдерді, конкурсқа баратын оқушылар мен ұстаздардың барып-келу шығындарын, кейін оларға берілетін ынталандыру сыйлықтарын ай сайынғы әр баладан түсетін жарна есебінен жауып отырады. Бірақ мектептің қомақты қаржыны қажет ететін жаңа киімдер тіктіру, музыкалық аппараттар алу, жарықты ауыстыру, жаңа ғимарат салу секілді күрделі мәселелерді шешуге қауқары жетпейді.
Комиссия төрағасы С.Таласов мәселенің барлығы міндетті түрде ұсыныс ретінде берілуі керектігін түсіндірді. Қазіргі таңда «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасының Жол картасы арқылы балалардың интеллектуалдық жағдайын дамыту басты назарға алынғанын, осыған орай аудандағы өнер мектептерінің жай-күйі қадағаланып, орын алған мәселелер уақытылы шешілуі керектігін ескертті. Партиялық бақылау жүргізілген Т.Құлтумиев атындағы балалар саз мектебіне музыкалық қондырғылар, онда жұмыс жасайтын оркестр, хор, балалар оркестріне ұлттық сахналық киімдер, ал ұзындығы 12.10 метр, ені 5,80 метр акт залына орындықтар, перделер мен жаңа люстралар қажет екенін, сонымен қатар жалпы саз мектебіне жаңа мүліктердің керек екені белгілі болды.
Айналымға келмейтін акт залы
Иә, небір таланттар түлеп ұшқан, әлі де болашақ өнер майталмандары тәрбиеленетін аты қарағайдай саз мектебінің қазіргі жағдайы осындай. Негізінен, туған жердің рухани дамуына және бай мәдени мұрасының дәріптелуіне еңбек сіңіріп жүрген әрбір өнер ордасының материалдық-техникалық базасы мықты болуы керек. Сонда ғана мәдениеті дамыған өркениетті өңірдің қатарынан табыларымыз сөзсіз. Ал біздегі жағдай, өкінішке орай, мәз болмай шықты. Бұдан соң жұмысшы тобы аталған саз мектебінің 4-ші учаскеде орналасқан 2-ші ғимаратына бас сұқты. Мұнда да 800-ден астам бала ұстаздардан тәлім алуда. Саз мектебі директорының уақытша міндетін атқарушы Гүлдер Есенқызы тасқын кезінде ғимараттың жылу қазандығы орналасқан бөлмесіне су кіріп, жылу қазандығы істен шыққанын айтты. Қазіргі таңда ғимаратқа жаңа жылу қазандығы орнатылғанымен, газ жанарғысы жаңартылмай, бұрынғысы қайта орнатылған. Саз мектебіне кіргеннен-ақ тырсылдаған дыбыстың шығып тұрғаны да содан болып шықты. Мәслихат төрағасы Қ.Мыңбаев мұндай мәселеге бейжай қарауға болмайтынын, суға кеткен ескі құрылғының кез келген уақытта істен шығуы ықтимал екенін ескертті. Сондықтан қыстың қытымыр аязында ғимарат жылусыз қалмау үшін жылу қазандығының жұмысын қазірден бір пысықтап алуға шақырды. Партиялық жұмысшы топ әрі қарай қаладағы 8-учаскеде орналасқан Құлсары балалар өнер мектебіне табан тіреді. Жаңадан берілген нысан іші жарық әрі жылы. Барлық жағдайы жасалған. Өнер мектебінің директоры Г.Аязбаева мұнда аса бір алаңдайтын мәселенің жоқ екенін жеткізді. Тек акт залдың тарлығы оркестрге қолайсыз болып тұрғанын айтып, қынжылды. Қаладағы бұрынғы аудандық сот болған орталық базар маңындағы ғимаратқа «Жас техниктер станциясы» коммуналдық-мемлекеттік мекемесі орналасқалы біраз жыл. Балаларға алғашқы техникалық модельдеу, робототехника, тігін, қолөнер бағыты бойынша білім беретін қосымша білім беру ұйымына қазіргі таңда 1517 оқушы қатынайды. Көптеген жетістікке жетіп үлгерген станцияға ауылдық округте тұратын балалар да қызығушылық танытып, дәріс алып жүр. Директоры Ақмарал Нұғманова қазіргі таңда ғимарат алдына көлік тұрағын салуды жоспарлап жатқанын жеткізді. Ал мәселеге келер болсақ, жас техниктер станциясына мұғалімдер жетіспейді. Әсіресе робототехника сияқты сұранысқа ие үйірмеге мамандар қажет. Ал оған жұмысқа орналасу үшін міндетті түрде педагогикалық диплом болуы шарт. Осы тектес мәселелер болмаса, мекемеде жұмыс қызу жүріп жатыр.
Жоғарыда көтерілген мәселелер бойынша Т.Құлтумиев атындағы №1 балалар саз мектебі мен өнер мектебі, Жас техниктер станциясы аудандық «АМАНАТ» партиясына өз ұсыныстарын жолдады. Мұндай зерделеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
П.ҚИЗАТОВА