Бүгінгі оқушы – ертеңгі жас маман. Елдің дамуы мен ілгері жылжуына өз үлесін қосамын дейтін әрбір саналы ұрпақ сол жолда сапалы білім мен саналы тәрбие нәрімен сусындауы қажет. Бұл ретте жастардың бойынан патриоттық рухты қалыптастыру, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін ояту – бүгінгі күннің басты мәселесі. Өйткені, бүгінгі жасөспірім, ертең еліне қорған, халқына қалқан болар қайратты азамат болып жетілуі тиіс.
Мектеп қабырғасынан қанат қағар әрбір түлек «Кім болам?» деген сауалға бас қатырары хақ. Әрине, таңдау әркімнің өз еркінде. Осы уақыт мұғалімдердің жұмысының да сыналар шағы. Егер түлектер арасынан ата-бабамыздың ерлік дәстүрін жалғастыратын патриотты жастар тәрбиеленіп шықса, онда осы жолда ұзақ жыл тер төккен ұлағатты ұстаздар еңбегінің өтелгені. Өйткені, елін-жерін қорғау – қасиетті борыш. Осы қасиетті терең сезініп өскен жас парасатты педагогтың берген терең тәлім-тәрбие бесігінде тербеліп жетілері белгілі.
Өзге салаға мамандар қандай керек болса, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштер қатарына да кәсіби шыңдалған әскери қызметшілер ауадай қажет. Бұл ретте халқына қалқан болар сардарлар дайындайтын жоғары және арнаулы оқу орындары біздің елімізде де аз емес. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Т.Саденовтің айтуынша, бөлім мамандары ондай тілек білдіруші жастарды қолдауға әрқашан да дайын.
-Қарулы күштер қатарына мамандар даярлайтын елімізде үш институт және бір колледж бар. Олар – Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты мен Құрлық әскерлерінің әскери институты және Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Бигельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институты, сондай-ақ, Ақмола облысы, Щучинск қаласындағы Әскери колледжі. Бұл әскери оқу орындарында студенттер тегін білім алады және оқуын ойдағыдай бітірген соң бірден жұмысқа қабылданады. Әскери мамандықтар дайындау ісінде нағыз ұстахана саналатын Құрлық әскерлерінің әскери институты офицерлік кадрларды 11 мамандық бойынша дайындайды. Ал Радио-электроника және байланыс әскери-инженерлік институтының міндеті - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскерлері мен қаруланудың зенитті ракеталық, радиотехникалық әскерлерінің, байланыс бөлімдерінің, авиацияны радиотехникалық қамтамасыз етудің автоматтандырылған басқару жүйелерінің кәсіби офицерлерін дайындау болып саналады. Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты – аты айтып тұрғандай, еліміздегі әскери ұшқыш, әскери инженер мамандарды әзірлейтін жалғыз білім ордасы. Бұл оқу орындарына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуден 50-ден жоғары балл жинау керек. Сонымен қатар, үміткерлердің денсаулық жағдайы жақсы болуы тиіс. Өйткені, бұл оқу орындарында болашақ кәсіби мықты офицерлер дайындалады,-деді ол.
Сөз соңында айта кетер жайт, әскери борышын өтеп келген азаматтарға Ұлттық бірыңғай тестілеусіз оқуға түсуге де болады. Бұл – мемлекетіміздің ел ертеңі – жастарға жасап отырған қамқорлығы. Сондықтан өзін қазақпын, батыр бабалар ұрпағымын деп санайтын әрбір 18 жасқа толған жас жігіт Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтеп келуге асыққаны абзал.
Шаттық ХАМИТОВА