Үшжақты меморандум: үміт пен күдік

Бұған дейін аудан әкімі Жұмабек Қаражановпен бетпе-бет өткен кездесулерде өңір тұрғындары талап қойып, Теңіз кенішіндегі бос жұмыс орындарына, бірінші кезекте, жергілікті жұмысшыларды қабылдауды, еліміздің өзге аймақтарынан келіп еңбек ететін тұрғындарды босатуды ұсынған еді. Олар, тіпті, ақпанда әкімдікке барып, наразылық білдіріп, нәтижесінде аудандық “Кең Жылыой” мәдениет үйінде жұмыссыздармен алқалы жиын өткені есімізде.

Жақында мәселенің түйіні тарқатылып, сең қозғалғандай болды. Аудандық әкімдікте «Теңізшевройл» ЖШС-ның бас директоры Кевин Лайонмен бірге үшжақты меморандумға қол қойылды. Жиынға аудан әкімі Жұмабек Қаражанов пен құзырлы орган басшылары, Теңіз кенішіндегі мердігер мекемелер өкілдері қатысты. Сол күні жалпы есеппен 40-қа тарта кәсіпорындармен өзара келісімге қол қойылды.

«Мансап» орталығының берген мәліметіне қарағанда, ауданда жыл басынан бері 2591 адам жұмыссыздыққа тіркелген. Олардың 437-сі қызметпен қамтылса, 302-сі уақытша, ал 135-і тұрақты жұмысқа орналасты.

-Аудандық «Мансап» орталығының Теңіз қалашығындағы мекемелер мен мердігер мекемелермен өзара іс – қимыл алгоритмі бойынша 2023 жылғы 18-ші қазаннан бастап күні бүгінге дейін 70 мекемемен келісім орнатылды. Өзара әрекеттесу алгоритмі нәтижесінде бос жұмыс орындары саны 3311 болса, тұрақты жұмыспен қамтылған – 1104 (2023ж- 207, 2024ж-1050, 2025ж-54) тұрғын қос қолына бір кәсіп көзін тапты,-дейді «Мансап» орталығының басшысы Ақылбек Едігеев.

Ал “Теңішевройл” ЖШС-нің Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Айбек Қрамбаев:

-Меморандум нәтижесінде біз мердігер мекемелермен тікелей жұмыс жасаймыз. Бұл жергілікті азаматтардың қызметке орналасуына септігін тигізе түседі деп сенеміз. Сондықтан болашақта осы құжаттың нәтижесін бірге көреміз деп есептеймін!-деді іс-шараны қорытындылап.

Иә, үшжақты меморандумға қол қойылып, алғашқы қадам жасалды. Бұл құжат, әрине, алтын көмбенің үстінде отырған өңірде жұмыссыздық мәселесін түбегейлі шешсе игі!

Д.ІЗБАСАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT