Еуразия кіндігінен салынған, сәні мен сәулеті жарасқан Елордамыз әлем назарына іліккен іргелі шаһарға айналды. Шынымен де бас қала бүгінде мыңдаған қазақ жастарының арманына қанат бітіреді. Өйткені ол қиялымен құс қанаты жетпеген қиырларға самғаған ел ертеңі мен алдына айқын мақсат ұстанған еңбекқор жандардың да рухани ордасы болып үлгерді. Сондықтан да еліміздің түкпір-түкпірінен Астана қаласына бет алған ұлы көш толастар емес. Солардың қатарында құлсарылық жастармен бірге жылыойлық аға буын өкілдері де жетерлік.
Міне, осындай мерейлі мереке қарсаңында туған жерден түлеп ұшқан сондай азамат жайлы сөз еткенді жөн көрдік. Ол біздің оқырмандарға жақсы таныс, қоғам белсендісі, «Кең Жылой» газетінің белді қызметкері, әрі жанашыры Зүлпия Мырзағалиева Астана күні қарсаңында бас қалаға табан тіреп, Елордамыздың тұрақты бір тұрғынына айналып отыр.
Иә, газет редакциясы - талай жыл бойы аудан халқының тыныс-тіршілігін, жетістігі мен қуанышын халыққа жеткізіп келе жатқан қара шаңырақ. Сол басылымның абырой-беделі жоғары қызметкері Зүлпия Мырзағалиева десек артық айтқандық емес. Ол күні бүгінге дейін газет тиражының көбеюіне зор үлес қосып, аудандағы түрлі сала басшыларымен тығыз байланыс орнатып келді. Шабыты шалқыған сәттерде мақала да жазып, газет таралымының көбеюіне айтарлықтай үлес қоса білді. Бірақ тағдырдың біз күтпеген тосын сыйы оның өміріне де өзгерістер әкеліп, батыл шешім қабылдатып, үлкен қадам жасауға итермеледі.
Тағдырдың жазуымен жан жолдасы Еділбайдан ерте көз жазып қалса да, әріптесіміздің өмірге деген құштарлығы, мақсатына талпынысы ерекше еді. Ол, ең алдымен, ұл-қызын аяққа тұрғызып, бақытты да жақсы өмір сүрсем деген нәзік жандардың бірі. Ұжыммен де, өзін қоршаған қоғаммен де бір кісідей сыйласқан сыпайылығынан ақжарқын, адал жан екенін бірден ұғынуға болады. Бүгінде қасиетті Кең Жылыой мекенімен қимай қоштасып, Елорда төріне орныққан ол мұндай батыл қадамға қалай барғанын қысқаша баяндап берді:
- Шыны керек, жолдасымнан айырылған соң бар ойым төрт баламды аяққа тұрғызу болды. Тұңғышым мектеп бітіргенде-ақ Астанаға кеткісі келген. Бірақ мен «әлі жассың, оң-солыңды танып ал. Осында қалып, жанымда жүр, колледжде оқы. Содан кейін ғана қалаған жағыңа бара аласың» деп тоқтатып, өзіміздің Құлсарыдағы Сафи Өтебаев атындағы мұнай және газ технологиялық колледжіне құжат тапсыруға көндірдім. Осылайша үлкен қызым Земфира есепші мамандығына оқуға түсті. Бірақ қанша жерден қаржы саласын меңгерсе де, әкесі секілді өнерден алыстап кете алмады. Колледжде оқып жүріп, аудандағы «Егіз лебіз» би ансамблі құрамында болды. Кейін оқу ордасын үздік аяқтап, дипломын қолына алды. Сол жылы маған келіп: «Мама, сіз айтқандай, Құлсарыда қалып оқыдым. Енді өзімнің қалаған жұмысымды жасап, жетілуім үшін мені Астанаға жіберіңізші» деп өтініп, арманының аяқ асты қалмауын сұрады. Уәденің аты – уәде. Осылайша отбасымыздың бір мүшесі арман қуып Астана қаласына қоныс аударды,-деп бастады әңгімесін Зүлпия Өтепқалиқызы.
Тұңғышының алғаш рет алыстағы арман қалаға аттануына алаңдаса да, сыр білдірмеген әріптесіміз қызына кетерінде бір ғана шарт қойыпты. «Бір мүмкіндік беремін. Астанаға барасың. Бірақ ол жақта мақсатың жүзеге аспаса, кейін елге келесің және кері Астанаға барамын деп айтушы болмайсың!» деп талап еткен екен. Одан қалса, алғашқы айлары қызына көп хабарласпай, қоңырау шалмағанын да жасырмады. «Бұл менің қаталдығым емес, бұл қызымның қайсар да өжет болуына жасаған амалым еді» дейді сол жылдарды еске алған Зүлпия апай. Арада ай өтті, жыл өтті. Тұңғышы алыстағы анасын талай қуантып, бірде кастингтен өткенін, бірде театрға жұмысқа орналасқанын айтып қуантып отырған.
- Қызым арасында ауылды сағынып үйге келіп кететін. Сондай бір күні тұңғышым: «Мама, бірге тұрайықшы. Жұмыстан келгенде сізді үйден көргім келеді. Астанаға жүріңіздерші» деп ойда жоқта ұсыныс айтты. Басында онша мән бермедім де, «бауырларың оқуын аяқтасын, сосын көре жатармыз» деп жылы жауып қойдым. Көзді ашып-жұмғанша бауырлары да оқу бітіріп, қолына дипломын алды. Ұлым ержетіп, қызым бойжетті. Міне, осы уақытты күтіп жүрген үлкен қызым да кезіндегі ұсынысын тағы да еске салып: «Мама, енді не дейсіз? Бауырларың оқуды аяқтасын дедіңіз, аяқтады. Біле білсеңіз, Астана жастарды өшірмейді, керісінше өсіреді. Оның үстіне ауданда жұмыс жоқ. Елордаға келсеңіздер мүмкіндік көп қой. Сіз жанымызда болсаңыз, біз арман-мақсаттың бәріне бірге жетеміз!»,- дегенде ойланып қалдым. Расымен, бізде жұмыс тапшы. Балаларым да жетілді. Мүмкін, шынымен ұл-қыздарымның мен білмейтін арман-мақсаттары бар шығар. Тұңғышымды «сарым» деп атаушы едім. Сол қызымның сөзін сараласам, оның сөзінің жаны бар екен. Бір сәт балаларымды тыңдайын деп осындай шешімге келдім,-дейді сөзін жалғастырған Зүлпия Өтепқалиқызы.
Осылайша анасына әр сәт сайын сонау Астана қаласынан шоқ-шоқ алқызыл гүлдер сыйлап, мерекелерде түрлі сыйлықтар тарту етіп жататын тұңғыш қызының тартуымен әріптесіміз көп ұзамай ел ордасы – Астана қаласына қоныс аударуға бел буды. Көп ұзамай артынан ерген ұл-қыздарының жарқын болашағы үшін «Кең Жылой» газетіндегі қызметін тоқтатып, бүтін бір отбасы Елорданың сән-салтанатымен жарасып, мүмкіндігі мол жаңа өмірге қадам басып жатыр. Бұл ретте әсіресе тұңғышы «сары қызының» қуанышында шек жоқ. Арманы асқақ, мақсаты айқын құлсарылық ару биыл Астана күнін алғаш рет толық жанұя құрамымен, бауырлары мен анасының қасында отырып, қарсы алып, тойламақшы.
«Кең Жылой» газеті редакциясының шығармашылық ұжымы да басылымның басты қызметкері болған астаналық Зүлпия Мырзағалиеваға жаңа қонысында сәттілік қана тілейді. Шырайлы шаһарда шабытыңыз шарықтап, қаламыңыздан қуат, сөзіңізден нәр кетпесін, Зүлпия апай! Елордамыз Астана сіздің де, балаларыңыздың да арманын аялайтын құтты қалаға айналсын!
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ