Шымқаладан жеткен көмек

Жылыойлықтар Жем өзенінің тасқын суынан зардап шеккелі гуманитарлық көмектер ел аймағының түкпіртүкпірінен ағылып келіп жатты. Оның барлығын айтса сөз де, жазса есеп те жетпейді. Қиын-қыстау кезеңде қолдау көрсеткен барша отандастарына құлсарылықтардың алғыстан басқа айтары жоқ. Сондай гуманитарлық көмектің бірі - еліміздің үшінші мегаполисі саналатын шырайлы Шымкент қаласынан да келіп жеткен еді.

Сонау 1991-1994 жылдары осы өңірдегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аудандық бөлімін басқарған Бауыржан Әлтеевтің бүйрегі жылыойлықтарға да бұрып тұратыны рас. Ол бүгінде «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.

- «Бірлік бар жерде, тірлік бар. Қазақстандықтардың күші – бірлікте» екендігі осындай қиын-қыстау кезеңде дәлелденіп жатқаны қуантады. Бұл құлсарылықтар үшін уақытша ауыртпалық деп есептейміз. Жарқын күндеріміз бен қуанышты сәттеріміз көп болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай, ағайын! - деді шымкенттіктердің шынайы ниетімен жинақталған қайырымдылық көмегі тиелген автокеруенді бастап келген Бауыржан Ілімшеұлы.

Иә, бұл жолғы көмек «YNTYMAQ» салалық кәсіподағының Шымкент қаласы бойынша филиалының және «Т–BUS», «Т.Т.К», «Радуга» автобус парктері бастауыш кәсіподақтары көшбасшыларының белсенділігімен жинақталды. Онда баспанасыз қалған тұрғындардың күнделікті үй тұрмысына қажетті төсек-көрпе, ыдыс-аяқ, жылыту құралдары, ересектер мен балаларға арналған киім-кешек, аяқ киім, мектеп оқушыларының арнайы үлгідегі киімдері мен құралдары бар.

Облыстық Кәсіподақтар бірлестігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, барлық көмек түрлері Бауыржан Әлтеевтің жетекшілігімен зардап шеккен тұрғындарға жеткізілген. Оны аудандағы жауапты қоғам белсендісі, Құлсарыдағы №7 Е.Халықов атындағы орта мектептің бастауыш кәсіподақ комитетінің төрайымы Жанаргүл Шарғабаева қабылдап алды.

Ол жергілікті тұрғындар атынан шымкенттіктерге шынайы ризашылығын жеткізді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT