Шыңдалған 70 сарбаздар үйлеріне оралды

Бірқатар әскери қызметшілерге кезекті әскери атақтары берілді

Шынайы әскери өмір мектебінен өтіп, табанды, қайтпас қайсар мінезді сарбаздар бір жыл әскери өмірін артқа тастап, Атыраудан туған жерлеріне оралуда. «Батыс» өңірлік қолбасшылығының барлық әскери бөлімдерінде сарбаздардың туған жерлеріне оралуға байланысты салтанатты түрде жауынгерлік туымен қоштасу рәсімдері өткізілуде. Атырау гарнизонының 70 сарбазы алғашқылардың бірі болып үйлеріне салтанатты жағдайда шығарып салынды.

Іс-шараға өңірлік қолбасшылықтың басшылығы шақырылды, бөлім офицерлері мен сарбаздары, сондай-ақ Қарулы Күштер ардагерлері сарбаздарға соңғы алғыстары мен тілектерін айтты. Олар сарбаздарға денсаулық, сәттілік пен береке, ал отбасыларына бейбіт өмір тіледі.

«Әскери бөлім мен «Батыс» өңірлік қолбасшылығына алғысымыз шексіз. Бізді бір жылда нағыз жауынгер етіп, қамқорлық тағытты. Маған әскердегі жауынгерлік дайындық үрдісі қатты ұнады. Қаруымды жетік меңгеріп, жан-жақты шыңдалдым. Осы жерде көп достарды таптым», - дейді қатардағы жауынгер Мүслім Мухамбедияров.

Бір жыл ішінде әскери қызметшілер әскери мамандықтарды игерді, жауынгерлік дайындықта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді, ауқымды арнайы-тактикалық оқу-жаттығулар мен «Алтын жебе» кешенді тексерісіне қатысты. Жауынгерлер қару-жарақты шебер меңгере білді және далалық жағдайда өмір сүруге үйренді. Сонымен қатар, запасқа шығарылғандар арасында келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастыруға шешім қабылдағандар да бар.

Қызметтік міндеттерін адал орындағаны, үлгілі әскери тәртібі, жауынгерлік және дене шынықтыру жаттығуларындағы жоғары көрсеткіштері үшін сарбаздар дипломдармен, ата-аналарына алғыс хаттармен, қызмет туралы естелік фотоальбомдармен марапатталды, сондай-ақ үздік сарбаздар әскери бөлімнің Құрмет кітабына енгізілді. Бірқатар әскери қызметшілерге кезекті әскери атақтары берілді, ал жақсы физикалық дайындығымен көзге түскен сарбаздарға әртүрлі дәрежедегі «Спортшы-жауынгер» төсбелгілері табысталды.

Іс-шара соңында сарбаздар соңғы рет өз бөлімшелерінің плацтық алаңымен жүріп өтті. Енді олар оқуын жалғастырып, жұмысқа кірісіп, отбасыларын құрып, жинақталған әскери тәжірибелерін өмірде қолдану үшін әскери форманы азаматтық киімге ауысады.

Рустем Игисинов,

Атырау гарнизонының баспасөз қызметі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT