Құлсарыда жаңадан бой көтерген ықшамаудандарға инфрақұрылыммен бірге кезең-кезеңімен асфальт төсеу жұмыстары да жүргізіліп келеді. Қазір«Береке-2», «Жадырасын», «Оңтүстік аэропорт», «Мұрагер» ықшамаудандарына бара қалсаңыз, ондағы тақтайдай теп-тегіс тасжолдарды көріп қызығасың.
Өткен жылы да қаланың Махамбет даңғылындағы көптен жөндеу көрмей жатқан орталық көшенің жолдары бүтінделіп, жүргізушілер бір қуанып қалды. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын табары анық. Әрине, мұның барлығы қаламыздың келешегі үшін жасалып жатқан жоспарлы шаралар.
Қазақта «Басына тартсаң, аяғына жетпейді» деген сөз бар. Қазіргідей қысқа жіп күрмеуге келмей жатқан заманда тақтайдай теп-тегіс етіп тасжол төсеу қыруар қаржыны талап етерін түсінеміз. Бірақ осындай жұмыстар қаланың бұрыннан келе жатқан өзге көшелерінде неге жүргізілмейді?
Өйткені олардың көпшілігі көптен күрделі жөндеу көрмеген соң әбден тозығы жеткен. Тозығы жеткені соншалық, кей жерлері ойылып, ойқы-шойқы кішігірім шұңқырлар пайда болған. Оны қала ішімен күнде көлік жүргізіп жүрген жүргізушілер жақсы біледі. Мәселен, қалаға кіреберістегі теміржол өткелі (шлагбаум) маңындағы Мақсот Таңқыбаев көшесінен бастап, 8-учаске тұсындағы айналма жолдарға дейін осындай ойылып қалған жерлер жетіп артылады.
Әсіресе, «Атырау-Жарық» мекемесінің қатарындағы аялдама тұсындағы тасжолдың үстіндегі ойықтан айналып өтемін деп талай көлік қарсы келе жатқан автокөлікпен соқтығысып қала жаздады. 1 учаскенің бұрынғы Төлес, ІІІ ықшамаудандағы Қ.Сыдиықов, 5-учаскедегі Қашаған, 4, 2-3- учаскелер мен «Барлаушы», «Кең Жылыой» ықшамауданы аралығындағы, Орталық базар мен «Ақтан» сауда үйінің маңындағы тасжолдарда көше қозғалысына қауіп төндіріп, апаттық ахуал туғызатын ойылған жерлер өте көп. Соның кесірінен онсыз да тар көшеде шортандай шоршыған көліктер бір-бірімен соқтығыса жаздап, әрең өтеді.
Бұл бір жағынан қозғалыс қауіпсіздігіне, адам өмірі мен денсаулығына нұқсан келтірсе, екіншіден көлік иелерін қыруар шығынға батыруда. Өйткені тозығы жеткен тасжолдар қала тұрғындарының көлігін де тоздырып болды. Талай жүргізуші асфальттағы терең ойықты байқамай қалып, дөңгелегін соғып, «ходовойын» кетіріп алуда.
Сондықтан жергілікті құзырлы органдар қаланың орталық көшелерінен басқа да, жоғарыда айтып өткен учаскелердегі тасжолдарды да күрделі жөндеуден өткізіп, жүргізушілерге жағдай жасаса дейміз.
Е.БИСЕКЕНҰЛЫ