Бүгін Шоқпартоғай ауылдық округі әкімінің сайлауы басталды. Жиын таңғы сағат 07:00-де басталып, ҚР Мемлекеттік әнұранымен ашылды. Сайлау Қара Арна ауылдық округінің орталығы Шоқпартоғай ауылында, Т.Дешенов көшесі, №378 үйдегі №3 жалпы білім беретін орта мектепте орналасқан №107 уаскелік сайлау учаскесінде өтіп жатыр.
Сайлау учаскесінің төрағасы Аманқос Талбаев ала таңмен жарысып келген ауыл тұрғындарына түсінік беріп, дауыс берудің басталғанын жария етті. Алғашқы минуттан бастап-ақ 10-ға жуық адам дауыс беріп, ауыл басшылығының қызметіне тағайындалатын кандидаттардың ішінен көңілі қалаған азаматқа өз дауысын беріп үлгерді. Олардың қатарында алғаш келген жергілікті ауыл тұрғыны - Нұрлан Махамбетов еді. Сайлаушының сөзінше, ол мұндай маңызды жиындардан қалмайды. Бұл жөнінде өзі:
- Ауылымызда қандай да болмасын сайлау өтсе, мен қалмауға тырысамын. Үйде сырқат анам бар. Өз аяғымен жүре алса, ол да қатардан қалмас еді. Жұмысқа асығып бара жатсам да, өз дауысымның маңызды екенін білемін. Сондықтан, арнайы келдім,-дейді қысқа-нұсқа.
Еске салсақ, Қара Арна ауылдық округі әкіміне 3 кандидат дауысқа түсуде.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ