Шоқпартоғайдағы әкім сайлауы: ауыл халқы өз таңдауын жасады

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөніндегі кеңесте былай деген еді: «Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі. Жұрт олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды. Сондықтан тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болу үшін сайлауды дұрыс ұйымдастыру өте маңызды. Қазақстан халқының 40%-дан астамы ауылда тұрады, бұл саяси шара, ең алдымен, сол ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқанын білуіміз қажет. Сондықтан сайлау біз жүзеге асырып жатқан саяси реформаларға тың серпін береді деп сенемін. Сондай-ақ тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашады».

Көптен күткен саяси сәт

Міне, содан бері Мемлекет басшысы жүргізген саяси реформаларының нәтижесінде 2021 жылдан бастап елімізде ауыл әкімдері тікелей сайланатын болды.

Иә, бұл оқиға елімізге жаңа серпіліс әкелді десек, артық айтқандық емес. Себебі сайлаудың жаңа ережесінің стратегиялық мәні айрықша еді. Ел Президенті де бұл бастаманы ерекше атап өтіп, қазақстандықтардың алғаш рет атқарушы билік басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болғанын қуанышпен хабарлады. Бұл жүйе содан бері өз маңыздылығын жоймай, халық пен бұқара арасындағы көпірдің нығая түсуіне өз септігін тигізіп келеді. Оған өткен жексенбі күні Қара Арна ауылдық округінде өткен ауыл әкімінің сайлауы дәлел бола алады.

Саяси науқан таңғы сағат 07:00-де Қара Арна ауылдық округінің орталығы Шоқпартоғай ауылындағы №3 жалпы орта білім беретін мектеп ғимаратында басталды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалып, сайлау учаскесінің төрағасы Аманқос Таубаевтың сөзімен ресми түрде ашылды. Сол сәттен бастап-ақ №107 сайлау учаскесінде мерекелік атмосфера сезілді. Таңғы самалмен мектепке ағылған жұрттың қарасы көп болды. Олардың арасында ауыл қариялары мен ақ жаулықты аналар бар еді.

Сайлау учаскесінің төрағасы Аманқос Сайынұлы мен хатшысы Айгүл Әлиқызы ауыл халқына дауыс беру тәртібін жан-жақты түсіндіріп, әрбір келген сайлаушыға барынша жағдай жасады. Учаскеде санитарлық талаптар сақталып, бақылаушылар тарапынан әділдік пен ашықтық қамтамасыз етілді. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де арнайы орын дайындалып, зағип азаматтар үшін қажетті құралдар болды. Сайлаушылар өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжатымен келіп, өздерін тізімнен тауып жатты. Содан кейін барып қана бюллетень қағазын алып, үш үміткер арасынан бір адамға өз дауысын беріп жатты. Бұл ретте олар қаламаса, ауылдық округ әкіміне ұсынылған үміткерлер аты-жөні белгіленген бюллетень ішінен ешкімге де дауыс бермей, «бәріне қарсымын» деген нұсқаны таңдай алатын еді.

Иә, ауыл әкімдігіне үш үміткер ұсынылды. Олар: Ақтоты Әбілқайырова, Ербол Сағынов және Ербол Шымырбай. Екі кандидат өзін-өзі, біреуі «Amanat» партиясынан ұсынылған. Бұл — халыққа нағыз таңдау мүмкіндігін беріп, әр кандидаттың бағдарламасына әділ баға беруге жағдай жасады.

1201 тұрғын дауыс берді

Сайлау ауыл тұрғындары үшін маңызды болғаны сонша, онда таңнан бастап дауыс беруге келгендер легі толастамады. Жастарға қарағанда, ақ жаулықты әжелер мен ардагерлер ерекше ықыласпен қатысып, ауыл болашағына алаңдайтынын көрсетті. Бірі немересін жетектеп келсе, бірі көршісін, бірі жан жолдасын ертіп кіріп жатты. Әсіресе, алғашқы болып дауыс берген Нұрлан Махамбетовтің әрекеті көпшілікке үлгі болды. Ол жұмысқа асығып бара жатса да, өз азаматтық борышын орындауды жөн санап, ауылы үшін маңызды іс-шарада алғаш болып төбе көрсетті. Таңғы сағат 7-ден 01 минут өткенде тіркелген ол:

- Ауылымызда қандай да бір сайлау өтсе, мен қалмауға тырысамын. Қазір де солай. Қанша жерден жұмысқа асығып бара жатсам да, өз дауысымды беруге арнайы келдім. Үйде сырқат анам бар. Өз аяғымен жүре алса, ол да қатардан қалмас еді,-деді де жұмысына қарай асығыс адымдай жөнелді.

Жергілікті тұрғындар арасынан сексеннің сеңгіріне таяған Жеңіс Махамбетұлы да сайлаудан шет қалмады. Ел ішінде сыйлы қария өзінің жүрекжарды жылы лебізін білдірді.

- Бұл – біздің азаматтық борышымыз. Елдің ертеңі, балаларымыздың болашағы, ауылдың тыныштығы осы таңдауға байланысты. Жасым 80-ге таяп қалса да, сайлаудан қалмауды парыз санаймын. Үй ішіне де әрдайым осындай шаралардың маңыздылығын түсіндіріп отырамын. Байқасам, кандидаттардың көбі жас екен.

Мұндайда «Жас келсе – іске» дейді қазақ. Әрине, іштей аз-мұз алаң бар. Дегенмен, жаңа әкіміміз бұрынғы басшылардың жолын жалғастырып, елге адал қызмет етеді деп сенемін, - деді қария. Сайлау басталған алғашқы екі сағат ішінде 100-ден астам ауыл тұрғыны келіп дауыс берсе, үш сағат уақытта 187 тұрғын өз таңдауын жасап үлгерді. Түске қарай бұл көрсеткіш 500-ден асып жығылып, жеті сағат ішінде 512 адам дауыс бергені белгілі болды.

Иә, уақыт өткен сайын ауыл тұрғындарының сайлауға деген белсенділігі артып, халықтың ел тағдырына бейжай қарай алмайтыны анық көрінді. Ал сайлауға үйден дауыс бергендер саны 13 адамды құрады. Оларға сайлау учаскесінің мүшелері арнайы барып, үйден шықпай-ақ маңызды іс-шараға бір кісідей қатысуына мүмкіндік жасады. Сол күні сайлау учаскесіне бұрын Қара Арна ауылдық әкімі аппаратында бас маман қызметін атқарған, бүгінде зейнеткер Серік Сеңгірбай да келіп дауыс берді. Ол мемлекеттік қызмет ардагері ретінде болашақ әкімнің бойынан табылуы тиіс қасиеттерге тоқталды.

- Әкім болу үшін, ең бірінші – адамгершілік, одан кейін – парасаттылық керек. Бұл қасиеттерді ешқандай да оқу орны бере алмайды. Әкім «халқым» деп тұрса ғана сыйлы болады. Ол халықтың ризашылығымен, батасымен өсіп-өркендейді. Сондықтан, болашақ әкіміміздің адал болғанын қалаймыз және солай болады деп сенеміз,-деді іс-тәжірибесі мен соған сай ой-пікірімен бөлісіп.                                                                                                     

Ал Құдай қосқан жарымен бірге келіп, таңдауын жасаған Бақытжан Ерғалиев әрбір дауыстың ауылдың болашағы үшін жасалған маңызды қадам екенін жеткізді. Сондай-ақ отағасы өз сөзінде «Қара Арна – біздің туған жеріміз, сол үшін оның дамуы мен тыныштығы бәрімізге ортақ жауапкершілік болуы керек»,-деп қысқаша ойын жеткізді.

Сайлауда аудан айнасына айналған «Кең Жылой» газетінің байырғы штаттан тыс тілшісі, ақын Дүйсенбай Бөкенов те төбе көрсетті. Қаншама жыл аудан мен ауылдың тыныс-тіршілігін жазып, оқырман ықыласына бөленген қаламгер саяси науқанға байланысты Шоқпартоғай ауылының азаматы ретінде өз ойын жеткізіп:

-Халықтың үні мен сенімі – әрқашан ең басты құндылық. Ал сол сенімді ақтайтын әкімді таңдау - әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Әуелден мұндай саяси науқандардан қалмауға тырысамын. Бұл жолы да сол көне жолдан таймай, арнайы келіп, дауысымды бердім. Сайлаудың әділ өтеріне сенемін. Ауыл әкіміне кім тағайындалса да, адал азамат болса екен,-дейді қариялық тілегін жеткізіп.

Аудан әкімдігі аппаратының ресми сайтына сүйенсек, жалпы округте 1715 сайлаушы тіркелген екен. Сол күні сайлау учаскесіне 1201 ауыл тұрғыны дауыс беруге келгені белгілі болды. Үйден таңдау жасаған сайлаушылардың саны – 13 болса, 5 адам «Бәріне қарсы» болған. 11 бюллетень жарамсыз деп танылды. Нәтижесінде, үміткер Ақтоты Әбілқайыроваға – 209, Ербол Сағыновқа – 701, ал Ербол Шымырбайға 275 адам дауыс беріп, қолдау көрсеткен.

Осылайша 13 шілдеде өткен ауыл әкімі сайлауының қорытындысымен «Amanat» партиясының аудандық филиалынан ұсынылған үміткер 1983 жылғы Ербол Нұртайұлы жеңіске жетті. Ол аудан әкімі аппаратының бас инспекторы қызметін атқарып келеді.

Иә, сайлау арқылы елдің ертеңі үшін алаңдайтын саналы азаматтардың дауысы жаңғырып, болашаққа деген үміт оты күшейе түсті. Қарапайым ауыл тұрғындарының таңдауы — ауылдың жарқын келешегі үшін берілген ең маңызды дауыс. Халық сенім артқан болашақ әкім де осы міндетті мінсіз абыроймен көтеріп, ел алғысына бөленеді деген ойдамыз.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT