Шоқпартоғайда жаңа мәдениет үйі

«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан Қара-Арна ауылдық округінің орталығы Шоқпартоғайдағы мәдениет үйі пайдалануға берілді. Мемлекет қаражатына бой көтерген мәдениет ошағының ашылу салтанатына облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов келіп, ауыл тұрғындарын құттықтады.
-«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы 2025 жылға дейінгі аймақтарды дамытуға арналған, соның ішінде ауылдарды өркендету үшін бірнеше бағыт қарастырылған. Соның бірі - ауыл мәдениетінің мәйегін мықты ету. Осы мақсатта ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша осы құрылыс жұмыстары басталған-ды. Бүгінде ел игілігіне беріліп отыр. Жаңа нысан ауыл халқына қалтқысыз қызмет етер деген сенімдеміз,-деді облыс әкімінің құттықтауын жеткізген Нұрберген Мәлікұлы.

Салтанатты сәтте аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова да сөз алып, шоқпартоғайлықтарды өткен жылы басталып, межелі мерзімде құрылысы аяқталған жаңа мәдениет үйінің ашылуымен шын жүректен құттықтады. Әрине, кешегі кеңес өкіметі кезінде де ауылда мәдениет ошағы болып, халықтың рухани қажетін өтеді. Бірақ нар көтермес нарықтың ауыртпалығы оны жекеге өткізуге мәжбүр етті. Міне, сол кеңшарлар кезінде ауылдық клубтың меңгерушісі ретінде осы саланың дамуына сүбелі үлес қосқан мәдениет ардагері, ақын Дүйсенбек Бөкенов те ауыл қуанышына ортақтаса келді. Ол өткен күндердің естен кетпес естелігімен бөлісіп, өзінің жүрекжарды жылы лебізін білдіріп, арнау өлеңін оқыды.

200 көрерменге арналған жаңа ауыл мәдениет үйін тұрғызған мердігер мекеме «БатысСтройСервис-Атырау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болатын. Жалпы құны 700,588 млн теңге тұратын құрылыс жұмыстарын былтырғы шілде айында басталды. Мәдениет үйінің ішінде көрермен залынан бөлек, кітапхана, үйірме бөлмелері, асхана бар. Ғимараттың жалпы көлемі 750 шаршы метрді құрайды.

Сондықтан ашылу салтанатында «БатысСтройСервис-Атырау» ЖШС-нің директоры Аманжол Құспанов Шоқпартоғай мәдениет үйі директорының міндетін атқарушы Амангелді Сатыбалдиевке символикалық кілтті салтанатты жағдайда табыстады.
Ауыл әкімі Ерболат Елеусінов құрылыс мекемесінің басшы, өкілдері Асқар Құмаров пен Нұртай Нәсіпқалиевтерді ауыл халқының атынан Алғысхатпен марапаттады. Жаңа ғимараттың алқызыл лентасын аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова мен мәдениет ардагері Дүйсенбек Бөкенов қиып, ауыл тұрғындары мен қонақтары мәдениет үйінің ішін аралап көрді. Көп ұзамай жаңа мәдениет үйінің алғашқы шарасының шымылдығы ашылды. Ол ауданның 95 жылдығы аясында ұйымдастырылған айтыскер ақын Салауат Исахаевты еске алуға арналған «Елі сүйген Салауат» атты Батыс аймақтық ақындар айтысымен басталды.
Айта кету керек, дәл осындай мәдениет үйінің құрылысы Ақкиізтоғай ауылынан да салынатын болады. Ал Тұрғызба мен Майкөмгендегі нысандардың құрылыс жұмыстары аяқталып, биыл пайдалануға берілмек. Бұл жөнінде жақында Өңірлік коммуникацилар орталығында өткен брифингте облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов мәлім еткен еді.
Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521