Шоқпартоғай республиканың үздік 30 ауылы қатарына енді

Еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толғанына орай «Үздік 30 ауыл» республикалық жобасы қолға алынған болатын. Қазақстандағы жүздеген ауылдардың ішінен 30 жыл ішінде көркейіп дамыған 30 ауылды анықтау оңай болмағаны анық. Міне, осы ең үздік 30 ауылдардың қатарына облысымыздағы екі ауыл енді.

Олардың бірі Махамбет ауданындағы Махамбет ауылы болса, енді бірі ауданымыздағы Шоқпартоғай ауылы. «Қос ауыл еліміз бойынша әр өңірдегі болашағы зор елді мекендер арасынан озық шығып, «Үздік 30 ауыл» анықтамалық кітабына енді», - деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

-Ауыл – қазақтың қазығы, алтын бесігі. Ал жобаның мақсаты – сол үздік ауылдарды анықтап, өзгелерге үлгі ету, ауылын көркейтуге үлес қосып жүрген азаматтарды дәріптеу, сол арқылы кәсіпкерлердің, жастардың назарын туған ауылға бұру, - дейді жоба авторы, «Тұлға-достық» қоғамдық қорының директоры Мұратхан Шоқан.

shokpartogay-1074703

Ол бұл кітабында туған жерге туын тігіп, ауылын ардақтаған азаматтарды кейінгі буынға үлгі етуді ойлаған. Жастардың кезінде ауылды қомсынып, қалаға алып қашатын ұшқары пікірін түзетуді де мақсат еткен. Кітапты жазып шығу үшін автор 1 ай бойы үздіксіз кең байтақ еліміздегі ауыл-аймақты аралаған. Уақыт бір орында тұрмайды, ел мен жер қайта түлеп , әлі талай елді мекен дамиды. Сондықтан үздіктер қатары мұнымен шектеліп қалмасы анық. Ендеше автор алдағы уақытта бұл анықтамалықтың жалғасы болатынын айтады. «Үздік 30 ауыл» кітабына үздік деп аталған әр ауылдың тарихы, тыныс-тіршілігі, білім, спорт, денсаулық, мәдениет саласы мен әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы, шағын және орта кәсіпкерліктің өркендеуі және ауылдан шыққан танымал тұлғалар туралы мағлұматтар енгізілген.
Шоқпартоғай ауылы өрісі малға, бау-бақшасы өнімге толған берекелі ауыл. Әр қазақтың шалқыған шаңырағынан құралған мекенде 3100-ден астам тұрғын тұрады. 58 шаруа қожалығы бар. 1 балабақша, 1 мектеп, 1 емхана мен спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Небір күміс көмей әнші- термеші, балбармақ күйші, от ауызды ақындар, жауырыны жерге тимеген палуандар осы ауылдан шыққан. Жеке кәсіппен айналысып, дүкен, басқа да жұмыс орындарын ашып, елге қызмет етіп жүрген еңбекқор жандар да аз емес. Сайрап жатқан асфальт жолы мен заманауи интернет желісі, газ, су – бәрі бар. Алайда ауылдың әлі де дамудың даңғыл жолына түсер кемел келешегі, баянды болашағы алда.
«Үздік 30 ауыл» жобасына енген 13 мыңнан астам тұрғыны бар Махамбет ауылында 19-ға жуық өзге ұлт өкілі тұрады екен. 3 орта мектеп, 1 саз мектебі, 2 спорт мектебі, 5 балабақша, 1 емхана мен аурухана, орталық және балалар кітапханасы, жаңадан салынған мұражай, сәулетті мәдениет үйі және мешіт бар. 2007 жылдан бастап ипотекалық әдіспен 80 үй бөлек мөлтек аудан ретінде бой көтерді. Барлық үйлер мен мекемелер түгелге жуық табиғи газ желісіне қосылған. Ауылда 3 сауда үйі, 3 жанар-жағармай құю стансасы халыққа қызмет көрсетіп отыр. Егін және мал шаруашылығымен айналысатын 12 шаруа қожалығы бар.
Қазақтың тілі мен ділін, барша салт-дәстүрін қаймағын бұзбай сақтап, көздің қарашығындай қорғап, алаштың алтын қазығы боп отырған ауылдардың аты озып, абыройы асқақтай берсін деп тілейміз.

С.ТӘЖІҚЫЗЫ

Фото ашық дерекөздерден алынды

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT