Шіркеудегі қайырымдылық мерекесі

2002 жылдың қараша айында Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында барлық діни конфессияларды Еуразиялық дінаралық бейбітшілік пен келісім хартиясын қабылдауға шақырды.

2003 жылдың ақпанында Елбасының бастамасымен Алматыда мемлекеттің ресми және мұсылман, христиан, иудей және басқа конфессия өкілдері қатысқан бейбітшілік пен келісім халықаралық конференциясы болып өтті.

Онда бейбітшілік пен тұрақтылық декларациясы қабылданды. Бұл құжатта «дін өркениеттер диалогын байланыстырушы болуы керек», «бейбітшілік пен халықтың гүлденуі барлық діндер мен әлем мәдениетінің ақырғы мақсаты болып табылады» делінген. Президент бастамасымен әрбір үш жылда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өтті. Бұл – ғаламдық және аймақтық қауіпсіздікті қолдау механизмі ретінде мәдениет және өркениеттер диалогін дамытуға Қазақстанның қосқан нақты үлесі.

Өткен аптада Құлсары қаласындағы католик шіркеуінде ауданымыздағы тұрмысы төмен отбасы балалары және мүмкіндігі шектеулі балалар үшін қайырымдылық мерекесі өтті. Шіркеу ауласына батут құрылып, балалар асыр салып ойнады. Балалар үшін әртүрлі қызықты ойындар ұйымдастырылды. Үстел теннисі, үстел хоккейінен жарыс өтті. Кішкентай бүлдіршіндер ермексаздан ойыншықтар жасап, әртүрлі түске боялған топырақпен сурет салды. Шараға қатысқан балаларға тегін тәтті жүгері, тәтті мақта таратылды. Ересек балалар арасында өлең оқу, ұлттық әндерден жарыс өтті. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар атынан шағын сыйлықтар табыс етілді.

-Біз мұндай қайырымдылық шарасын екінші рет өткізіп отырмыз. Алғашқы шараны өткен жылы өткізген болатынбыз. Мақсатымыз – адамдарды ұлтына, дініне, қандай әлеуметтік топқа жататына қарамастан бірлікке шақыру. Балаларды салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу. Шараны өткізуге аудан әкімдігі қолдау көрсетіп отыр. Барлық материалдық шығындар шіркеудің есебінен шығарылуда,-дейді католик шіркеуінің діни қызметкері Немец Лукаш Францишек.

Қ.НҰРТАЙҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521