қандай білім алатыны алаңдатады
Өткен дүйсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіровтің төрағалық етуімен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның отырысы болып өтті. Оған комиссия мүшелерінен бөлек Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің және облыстық білім беру басқармасының өкілдері «ZOOM» қосымшасы арқылы қашықтықтан қатысып отырды.
«Мектепке жол» қайырымдылық акциясының өткізілуі, ұйымдастырылған «Жасөспірім», «Балалар түнгі қалада» рейдтерінің нәтижелері, полиция есебінде тұрған мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қала, кент, ауыл мектептеріндегі оқушыларды қауіпті діни ағымдар мен экстремистік топтардың ықпалынан қорғау бағытындағы жүргізілген жұмыстар күн тәртібінде қаралып, жан-жақты талқыланды.
Қозғалған алғашқы мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Айбарша Қақпанбаева баяндама жасады.
-Осы оқу жылының тамыз айының есебі бойынша 20 мектепте 242 балаға 2 млн 751 мың 130 теңгеге көмек көрсетілді. Оның ішінде 90 оқушы мектептің жалпы оқу қорынан 1 млн 490 мың теңгеге киім-кешекпен қамтамасыз етілсе, демеушілер мен жеке тұлғалар тарапынан 152 оқушыға 1 млн 261 мың 130 теңге көлемінде мектеп және техникалық құралдармен, азық-түлік түріндегі көмектер берілді. Қыркүйек айының есебі бойынша жалпыға міндетті оқу қаражаты қорынан 400 балаға 16 млн теңгеге роутер сатып алынды. 1375 оқушыға 34 млн 375 мың теңге бөлініп, қажетті киім-кешектермен қамтылды. Тағы да 50 млн 375 мың теңгеге 1775 оқушыға арналған қажетті оқу құралдары мен киім-кешек алынды. Демеушілердің көрсеткен көмектерінің барлығы да тұрмыстық жағдайы төмен, мұқтаж отбасыларға тізім арқылы таратылды, – деді бөлім басшысы.
Аудандық полиция бөлімшесінің ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Ринат Мырзабековтың мәліметінше, соңғы 9 айдың ішінде әртүрлі құқық бұзушылық жасағаны үшін және жайсыз отбасында тәрбиеленетін барлығы 43 кәмелетке толмаған балалар есепке алынса, жайсыз жанұя ретінде 12 ата-ана профилактикалық есепке ілініп үлгерген.
Ювеналды полиция тобының ұйымдастыруымен қазан айының 14-і мен 16-ы аралығында «Жасөспірім» профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Оған барлығы 49 қызметкер жұмылдырылды. Шара барысында ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігімен түнгі мезгілде заңды өкілсіз үй жайдан тыс жерде жүрген жасөспірімнің ата-анасына қатысты 15 жадығат, 127-баппен ата-аналық міндетін орындамағаны үшін 2 жадығат, 443-бап бойынша ұсақ бұзақылықпен айналысқан жасөспірімге 2 әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, іс-шара мезгілінде 2 жасөспірім және 2 ата-ана профилактикалық есепке алынды. Күні бүгінге дейін өткізілген іс-шара нәтижесінде жоғарыда келтірген оқиғаларға ұқсас жайттар орын алған. Заң талаптарына қайшы әрекет жасағандарға жадығаттар толтырылып, ескерту берілді.
Аудандық полиция бөлімінің профилактикалық есебінде тұрған «Қолайсыз отбасында» тәрбиеленетін және әртүрлі құқық бұзушылық жасағаны үшін есепте тұрған кәмелетке толмағандардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізу мақсатында спорт және т.б. үйірмелерге қатысуларына жағдай туғызу үшін бөлім басшыларына ұсыныс хаттар жолданған.
Биылғы оқу жылында №7 Е.Халықов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 3-ші және 4-сынып оқушылары ата-аналарымен бірге Түркия еліне кеткен. Құлсарыдағы үйлері жалға берілген. Ата-аналарының айтулары бойынша бір үйдің екі баласы ақылы медреседе білім алуда. Бірақ, неге екені белгісіз, олардың медресеге орналасқандығы жөніндегі анықтама елге жеткізілмеген. Дәл осындай жағдай ауданның өзге екі мектебінде кездесіп отыр. №19 мектептің 10 сынып оқушысы 2020-2022 жылдар аралығында білім алу үшін Түркияға аттанады. Сол жақтағы «Куран адына хершей» деп аталатын қауымдастықта оқуға орналасқан. №22 орта білім беретін мектептің 2-ші, 3-сынып оқушыларын да әкесі көршілес Түркия мемлекетіне алып кетіп, қазіргі таңда екі бала біліммен қамтамасыз етілмей отыр. Білім бөлімі тарапынан көрсетілген мәліметті оқушылардың әжесі берген. Бөлім басшысы аудан әкімдігіне, ұлттық қауіпсіздік комитетіне, ішкі саясат бөліміне, облыстық білім беру басқармасына жоғарыдағы жайттар бойынша жазбаша ақпараттар беріп, күні бүгін зерттеу, зерделеу жұмыстары жүріп жатыр.
Ш.Хамитова