Семинарға қатысушылар шешендік сөз саптауға қатысты тапсырмалар мен жаттығуларды орындады.
Аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық са- ясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен әр саланың мамандары соның ішінде, аудандық мәслихат депутаттары, мәслихат аппаратының және қала, кент, округтер аппараты мамандарының қатысуымен «Шешендік өнер- көшбасшылық тәсілі» атты семинар-тренинг өткізілді. Семинарды аудандық Саясаткер әйелдер клубының мүшесі Зәуреш Қалмұханова ашып берді.
-Қазақта сөздің құдіреті өте зор екенін жақсы білеміз. Сөйлей білу, сөздің құдіретін тыңдап отырған адамға жеткізе білу - халықтың ортасында жүрген қызметкерлерге бірден-бір қажет дүние. Осы семинардың мақсаты - тіл байлығын нығайту, сөйлеу шеберлігіне үйрету, кез-келген іс-шараларда ойын еркін, шешен де сырлы сөздермен жеткізуді үйрету болып табылады,- деді ол.
Сонымен қатар, аудандық Саясаткер әйелдер клубының жетекшісі, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Жанар Дүсіпова әр мемлекеттік қызметкер бойында шешендік сөз саптау, ораторлық қабілет болуы керек деген ойын айтты. Бизнес-тренер Алтынгүл Атабаева көшбасшы болу шешен сөйлей білу, ойын анық жеткізе білу қажет екендігін, әсіресе мұның басшылық лауазым атқаратындар үшін аса қажет екенін әртүрлі мысалдармен түсіндірді. Сонымен қатар, семинарда шешен сөйлеуден бөлек, адамның дауыс ырғағы мен жүріс-тұрысы да маңызды рөл атқаратыны жөнінде толық ақпарат берілді. Семинарға қатысушылар шешендік сөз саптауға қатысты тапсырмалар мен жаттығуларды орындады. Соңында адам бойындағы жағымды қасиеттер мен осал тұстарын анықтайтын тестерден өтті. Қатысушылар семинардан көптеген пайдалы мәліметтер алды. Соңында оларға арнайы сертификаттар тапсырылды.
А.ДОЛЫБЕКОВА