Шексіз шығармашылық

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамнан тыс қалмауына соңғы уақытта мемлекет тарапынан жіті көңіл бөліне бастады. Мүгедек жандарды қоғамнан тыс қалдырмау, олардың белсенділігін арттыру, қамқорлық көрсету бағытында ауданымызда шаралар өткізіліп келеді.

Жалпы ауданымыз бойынша 2360 мүмкіндігі шектеулі жан бар екен. Оның ішінде 460-ы - бала жастан мүгедек. Жақында аудан әкімдігі жанындағы Аналар кеңесі мен аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі жандардың «Шексіз шығармашылық» атты байқауы өтті. «Кең Жылыой» мәдениет үйінің дәлізінде мүмкіндігі шектеулі жандардың қолөнер бұйымдары, салған суреттерінен көрме ұйымдастырылды. Моншақтан, жіптен және қағаздан жасалған бұйымдар. Әрқайсысы өзінің жасалуы бойынша ерекше, көздің жауын алады. Бұл - мүмкіндігі шектеулі балалардың байқауға әкелген заттары. Ұйымдастырушылар жарымжан жандардың көз майын тамызып жасаған түрлі бұйымдарын сатып алуға болатынын, ол қаражат қолөнер бұйымының иесіне берілетінін түсіндірді. Мүгедек жандардың мүмкіндігін ашатын, талабы мен талантын танытатын байқауды Аналар кеңесінің төрайымы Мұстахима Исаинова ашты. Сахнаға шыққан мүмкіндігі шектеулі балалардың бірі ән шырқап, бірі би билеп, сонымен қатар күй тартып, әсерлі өлең жолдарын да оқып берді. Сезіммен сызылтып, жүректен төккен әндері тыңдармандардың жанарын жасауратты. Тағдырға налып, құрдымға құламай, қайратын, жігерін қамшылап сахнаға шыққан саңлақтар өмірге құштар жандар екенін көрсетті. Әрқилы тағдырмен қоларбаға таңылса да, талантын шыңдап, сахна төрінен табылған өнерпаздарға көрермендер ду қол соғып, қошемет көрсетіп отырды. Байқау соңында ауданымыздың ерлі-зайыпты тұрғыны Нұрлан мен Гүлжан барлық байқауға қатысқан үміткерлерге өз жанұяларының атынан сыйлықтар табыс етті. М.Малашқызы барлық қатысушыларға алғысхат және планшет табыс етті. Байқауға қатысушылар үшін сыйлық алуға Теңіз кенішіндегі «Ариадна» компаниясы демеушілік қолдау көрсеткен болатын. Ұйымдастырушылар атынан аталған компания басшысы Алан Кайтуковқа алғыс айтылды.

Міне, осылайша ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі, дегенмен өнерлі жандарды белсенді өмірге тартып, өздерін қоғамның толық мүшесі сезінуіне жағдай жасалып отыр.

-Қоларбаға көндіккен бұл өнерпаздардың бір ғана арманы бар. Өмірлеріне сәуле шашқан өнер өшпесе екен,-дейді ұйымдастырушылар.

Қ.НҰРТАЙҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521