Өткен аптаның жұма күні көрші отырған қос облыстың төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп, оқу-жаттығу жиынын өткізді. Маңғыстау мен Атырау аймағының аралығындағы трансшекарада құтқарушылар қысқы кезеңге дайындығын пысықтады. Екі облыстың шекарасымен екі аймаққа да ортақ республикалық Атырау-Ақтау тасжолы өтіп жатыр. Бұл жиын ел үшін маңызды автомобиль жолында 2024-2025 жылғы қысқы кезеңде орын алуы мүмкін төтенше жағдайға жедел ден қою және жергілікті атқарушы органдар арасында өзара іс-қимылды қалыптастыруды мақсат тұтты. Оқу-жаттығуға қос облыстың сайдың тасындай іріктелген ең мықты құтқарушылар жұмылдырылып, бір-бірімен тәжірибе алмасты. Оның ішінде қозғалысты уақытылы шектеу, адам күштері мен техника құралдарын жедел ден қоюға жұмылдыру, зардап шеккендерді құтқару мен эвакуациялау мәселелері пысықталды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау майоры Райымбек Бақтиярұлы:
- Оқу-жаттығу жиыны жоғары деңгейде өтті. Облыстан берілген баға да бұл сөзімізге дәлел. Осындай жиындар жиі өтіп тұрса, біздің құтқарушылар да кез-келген жағдайға сақадай сай дайын тұрар еді. Жалпы алда қытымыр қыс келеді. Барлық тұрғындарды трассаға автокөлікпен жолға шыққанда барынша мұқият болуға шақырамыз. Біз өз кезегімізде күн демей, түн демей, кірпік қақпастан азаматтардың амандығы үшін осылай қызмет атқаратын боламыз,-деді өз сөзінде. Оқу-жаттығу жиынына біздің облыстан 21 адам мен 9 техника, ал Маңғыстаудан 57 адам, 14 бірлік пен 2 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды. Иә, ел амандығы үшін тыным таппай жүрген Төтенше жағдайлар департаменті құтқарушыларының еңбегі орасан. Оған, әсіресе, ауданда болған көктемгі су тасқыны кезінде көзіміз жетті. Енді алдағы қыс та олар үшін біраз сынақ болғалы тұр. Бұл қиындықтан да қаймықпай шығарына сенім мол.
Е.Алтайұлы