Шаттығы шалқыған шаңырақ

Ауданымыздың ең қарт өзге ұлт өкілі, тыл ардагері, ұлты татар - Юсупова Сағадат Абдоллақызы. Ол кезінде мұнай кәсіпшілігінде елу жылдай есепші қызметін атқарған, бірнеше медальдардың иегері, қазір де қыз-күйеубаласы, үлгілі шаңырақ иелері Рамазан мен Мадинаның отбасында шөбере-шөпшек сүйген, отбасының алтын қазынасы болып отырған жайы бар. Қызы Әбдіғалиева Мәдина Сабыржанқызы қазақ ұлтының келіні, көпбалалы ана, республикаға танымал оқу-ағарту ісінің үздігі, қазірде Т.Байсырымов атындағы Құлсары гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры, ауданымыздың белсенді қоғам қайраткері.

Сондай бір үлгілі қариямыздың бірі - жұмыс бабымен 1964 жылы Қосшағыл ауылына қоныс аударып, сол жерде тұрақтап қалған, татар ұлтының өкілі Сибагатова Зульфира Файзиқызы. Бүгінде көпбалалы ана, қазақтан, татардан келін алса, башқұрт, шешен, орыс, молдаванға қыз берген, шөбере, шөпшек сүйген көп ұлтты тату-тәтті үлгілі отбасы.

Қолындағы ұлы Ильнурдың жұбайы қазақ қызы - Исахаева Гүлфара Жолдасқызы. Зульфира апайдың келіні аудандық №4 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқу ісі меңгерушісі, Қосшағыл ауылдық Аналар кеңесінің төрайымы. Немересі Рафхатов ФархатИльнурович ҚХА «Жаңғыру жолы» РЖҚ Атырау облысы Жылыой ауданы бойынша көшбасшысы, аудандағы өзге ұлт өкілдері ішіндегі қоғамдық жұмыстарға және спорттық жарыстарда аудан намысын қорғап жүрген жастардың бірегейі. Ол қазіргі таңда С.Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінің мұғалімі. Апайдың 14 жастағы немересі Алишер де спорттық жарыста аудан намысын қорғап жүр. Өзге ұлт арасында өткен республикалық, облыстық сайыстарда баян аспабында жергілікті сазгер Қ.Бекеновтың «Кең Жылойым» әнін нақышына келтіре орындап, көпті тәнті етіп, жүлделі орындарды жеңіп алды.

Аудандағы көнекөз қарияның бірі, ұлты татар Галимжанова Клара Файзрахмановна. Ол осыдан 60 жыл бұрын Құлсарыға жұмыс бабымен келген. Жемісті еңбегінің арқасында еңбек озаты, еңбек ардагері медальдарының иегері, «Алтын алқалы» ана, ұрпағынан шөбере, шөпшек сүйген, көп ұлтты отбасының асыл әжесі. Балалары қазақтан келін әкеліп, қазақтың салт-дәстүріне сый-құрметпен қараған, құда-жекжаттары, ағайын-туыс, көрші- қолаңмен сыйлас-сырлас болып кеткен үлгілі отбасы иесі.

Клара апай мен Валиахметова Земфира Шакирқызы апайымыз аудандағы өзге ұлттар тізімін жасақтауға бірден-бір жәрдемдескен жандар. Өкінішке орай, былтыр 81 жасқа қараған шағында Земфира апай дүниеден озды.

Аудандағы өзге ұлттар арасында қазақтың ұлттық домбырасын меңгерген жалғыз орыс баласы 15 жасар Романов Андрианды да айрықша атап өткен жөн. Ол №6 жалпы орта білім беретін мектептің және Құлсары Балалар өнер мектебінің домбыра сыныбы оқушысы. Андриан халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық конкурстардың жүлдегері. Қай-қай шараларға да белсенді атсалысады. Орыс баласының домбырада күмбірлетіп күй шерткенін көргенде әр қазақтың көзіне қуаныштан жас үйірлететіні анық.

 ЖЫЛЫОЙ ЖҰРТЫНА АЛҒЫСЫ ШЕКСІЗ

Былтырғы жылдың наурыз айында қазақтың салт-дәстүрін ұстанып жүрген өзге ұлт отбасыларының қарт кісілеріне көрісіп бардық.

Сондай-ақ, Алғыс айту күніне орай ұлты неміс Сергей Баумгертнер, ұлты башқұрт Надежда Милингалина, ұлты лезгин, көп балалы ана Зебо Сайдахмедова, ұлты татар Зарина Насырова, ұлты өзбек, көпбалалы ана Надира Палванова қазақ халқына өз Алғыстарын қазақ тілінде бейнежолдау арқылы жеткізді.

Халықаралық отбасы күніне ұлты орыс, қазақ келіні Лариса Аксакалова, ұлты орыс, қазақтың келіні, көпбалалы ана Ирина Сафонова өз отбасыларынан қазақша құттықтау бейнежолдауларын тарту етті.
Қазақстан Республикасының 30 жылдығы мен 1 мамыр - Қазақстан халқының бірілігі күніне орай ұйымдастырылған этносаралық онлайн байқауда ұлты орыс Анастасия Васина, Андриан Романов, Дмитрий Емельянов, ұлты лак Зайнаб Ятарова, татар Диляра Шафигуллина, аралас қанды балалар Нұржан Жақашев, Амина Ерлан өз өнерлерін қазақ тілінде көрсетіп, тиісті марапаттарға ие болды.

Мерекеге орай және іс-шараларда белсенді атсалысып жүргендер өзге ұлт өкілдері аудан әкімінің құттықтаухатымен марапатталды. Олардың қатарында; татар ұлтының өкілдері Зульфира Сибагатова, Клара Галимжанова, Фирая Хакимова, Земфира Валиахметова, Алишер Рафхатов, ұлты лезгин Зебо Сайдахмедова және орыс ұлтының өкілдері Алла Круцкая, Мария Амантурлина, Марина Щедрина, Андриан Романовтар да бар еді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық келісім кеңесінің ұйымдастыруымен облыста өткен «Берекелі шаңырақ» фестиваліне ауданымыздың атынан берекесі мен ынтымағы жарасқан Есеевтер отбасының келіні, орыс ұлтының өкілі, көпбалалы ана Валькаева Василя қатысты.

Қасиетті Жылыой жерінде жергілікті қазақтармен осылай біте қайнасып, қазақ тілін жетік меңгерген, тату-тәтті өмір сүріп жатқан ұлттар көп. Бірақ, біз оларды әлі де болса белсенділік танытып, ынтымағымызды одан да бетер арттыра түсіп, халық бірлігі жолында тәрбиелік мәні бар іс-шараға атсалысып, қоғамдық жұмыста белсенді болуға шақырғым келеді.

А.СЫДЫКОВА,
Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы Қоғамдық келісім кеңесінің Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдарымен жұмыс бөлімінің
Жылыой ауданы бойынша
Сарапшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT