Шаруасы шираған шағын шаһар

Жасыратыны жоқ, аудан орталығы Құлсары қаласы жылдан жылға көркейіп, жаңарып келеді. Өңір жасыл желекке оранып, биік ғимараттар бой көтеруде. Білім ордалары көбейіп, стратегиялық маңызы зор көпірлер қайта жаңғыртылып жатыр. 

Халықтың игілігіне бағытталған игі бастамалар мұнымен тоқтап қалмасы анық. Оған тұрғындардың тынығуына арналған жаңа демалыс орындарының салына бастауы дәлел.

Айталық, жақында қаламыздағы Қ.Сыдиықов көшесінен Аллея құрылысының жобасы бастау алды. Бұл жоба аясында алғашқы құрылыс-монтаж жұмыстары қолға алынып, қазіргі таңда демонтаждау жүргізілуде. Бұл жөнінде аудан әкімі Жұмабек Қаражанов:

- Жобаға жауапты мердігер мекеме – «Adilkhan West Group». Бұл орын алдағы уақытта көшенің сәнін кіргізетін жасыл желекке толып, жергілікті тұрғындар мен өңірге келетін қонақтардың таза ауада серуендеп, демалуына қолайлы жерге айналмақ. Және бұл тек бастамасы деп білуіміз қажет. Өйткені біз, алдағы уақытта да қаламызды көркейту жұмыстарын күшейтіп, халық игілігі үшін тың жобаларды жүзеге асыруға жұмыстанып жатырмыз. Бәрі де қаламыздың келбеті үшін, жұртшылықтың өмір сапасын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан игі істер, - деп жазды өзінің instagram парақшасында.

Бұған қоса, қаламыздың көп қабатты ықшам ауданынан алғаш рет Арбат құрылысы басталды. Әдетте «Арбат» сөзін Алматы мен облыс орталығынан еститін жұрт енді мұндай сәнді орынды өзіміздің шағын шаһардан да көре алатын болады. І ықшам аудандағы Махамбет даңғылы бойынан қолға алынған жобаны бүгінде «Орлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Қазіргі таңда мұнда да демонтаждау жұмыстары жүріп жатыр.

Арбат – қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналатын, жастардың бас қосып, өнерлі өрендердің өнерін паш ететін ерекше мәдени орта болмақ. Сондықтан болар, жаңалыққа, алдымен, жастар қауымы ерекше қуанды. Бұл ретте қаланың сәні үшін қалтқысыз қызмет атқарып, ой ұшқырлығын қағаз бетіне түсіріп, осынау орындардың эскиз архитектурасын жасайтын жерлесіміз Құдайберген Ізтілеуов екенін еске сала кетейік. Оның сөзінше, бұл жоба қаланың Бас жоспарына сәйкес, ерекше талғаммен сызылған. Сондай-ақ ол:

- Қ.Сыдиықов көшесі, сондай-ақ Махамбет даңғылы бойында орналасқан бұл Арбат пен аллея – қоғамдық тамақтану орындары мен шағын мейрамханалар шоғырланған, көп қабатты тұрғын үйлермен қоршалған, жоғары тығыздықтағы урбанистік аймақ. Мұнда халықтың жаяу қозғалысы мен әлеуметтік байланысы айқын байқалады. Ол құрылымдық тұрғыда жаяу жүргіншілерге қолайлы қоғамдық кеңістікке айналады деп сенеміз. Жобалау шешімдері көшенің функционалды сипатын күшейтуге бағытталған. Қаланың басты қағидаты – оның тұрғындарға арналуы ғой. Сондықтан, инфрақұрылым, көше мен алаңдардың құрылымы, ең алдымен, тұрғындардың қауіпсіздігіне, қолайлылығына және әлеуметтік байланысына қызмет етуі тиіс. Адамға бағытталған қала – дамыған қоғамның кепілі. Қазір аталған қағидатта жасалған Бас жоспарды бекітіп, жұмыс жасап жатқан әкімдікке алғыс айтамын,-дейді өз сөзінде.

Бұдан бөлек Махамбет даңғылы бойынан тағы бір демалыс орнының құрылыс жұмыстары басталды. Бұл игі істі мемлекеттік сатып алу порталы арқылы анықталған «ClimaEng» мердігер мекемесі атқаруда. Жоба тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізіп, отбасымен серуендеуге арналған қолайлы орынға айналады деп сенеміз.

Әрине, өңірде 84 000-нан астам тұрғын халық болса, оларға алақандай 4-5 саябақ аздық етері анық. Ал бұл игі жобалар сол олқылықтың орнын толтырады. Оның үстіне, қаланың келбеті көркейіп, жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, ой сергітер жері көбейе түспек. Тек салынған нысан мен демалыс орындарына ұқыпты қарап, көше мәдениетін қалыптастырсақ, тіптен керемет болар еді!

Д.ДЕРБІС

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT