Ауданда ветеринариялық зертхана барын біреу білсе, біреу білмейді. Құлсары қаласының өндірістік аймағында орналасқан онда күні бүгін екі мал дәрігері, лаборант, жануарлар күтушісі және санитар қызмет атқарады. Оларға зертхана меңгерушісі Гүлнәр Тұрсынова басшылық етеді.
Жақында зертхана басшылығы «Ашық есік» күнін өткізді. Ондағы мақсат: аудан аумағындағы шаруа қожалығы, ауыл мен қаладағы өзге де шаруашылық жетекшілерін, мал дәрігерлерін, жалпы халықты зертхананың жұмысымен таныстыру.
Зертхана, негізінен, екі бөлімнен тұрады. Олар: жануарлар аурула- рын диагностикалау, сынама және ақпаратты қабылдау бөлімдері. Алғашқысында серологиялық зертте- улер жүргізіледі. Онда бруцеллезге, инфекциялық эпидидимитке және листериозға қарсы классикалық әдістермен зерттеу жұмыстары жасалады.
-Зертхананың ветеринариялық мамандары жыл сайын семинарлар, біліктілікті арттыру курстарынан өтіп тұрады. Жануарлар ауруын диагностикалау жөніндегі зертхана мамандарының барлық кадрлық құрамы біліктілік талабына сәйкес келеді. Олар 3 жыл сайын кәсіби жарамдылығына аттестаттаудан өтіп тұрады,-дейді зертхана меңгерушісі Гүлнәр Ормашқызы.
Биыл алғашқы рет мемлекеттік деңгейде атап өтілген 10 шілде - ветеринария қызметкерлері күнін аудандық ветеринариялық зертхана ұжымы да үлкен табыспен және зор қуанышпен қарсы алды. Алға қарай да «адамзатты емдейтін» кәнігі кәсіптің қыр-сырын танытып, ауданда жұқпалы аурудың алдын алу жолында аянбай еңбек ете бермек. Өйткені ұжым шағын болса да, атқаратын қызметі орасан.
Е.БИСЕКЕНҰЛЫ