Қаламыздан оңтүстікке қарай 60 шақырым қашықтықта, әкімшілік аумағы Маңғыстау облысымен шектесетін Майкөмген ауылдық округі республикалық маңызы бар Атырау – Ақтау тасжолы мен Атырау мен Ақтөбеден Маңғыстауға қатынайтын теміржол торабының күре тамырында орналасқан аудандағы ең шалғай елді мекеннің бірі. Шалғайдағы шағын ауылдың әкімі Нұржарық Сауытов та өзге әріптестері секілді өткен аптада халықпен тығыз байланыс орнату мақсатында тікелей эфирге шығып, жыл басынан бері жасалған жұмыстарын қорытындылап, алдағы жоспарларымен бөлісті. «Instagram» және «Facebook» әлеуметтік желілері арқылы жасалған тікелей байланысқа ауыл тұрғындары қатысып, ауыл әкіміне көкейтесті сұрақтарын қойды.
Иә, күні кеше ғана ауылының 60 жылдық торқалы тойын өткізген майкөмгендіктердің даладай дархан көңілін жақсы білеміз. Сәуірдегі су тасқынында баз кешіп, баспанасынан айырылған жылойлықтарға құшағын ашқан алғашқы шаңырақ иелері осы ауылдан табылып еді. Ауданнан алты жасар бала келсе, алпыстағы қариясына дейін тұрып амандасатын ауылдың қазіргі ахуалы қалай екен? Бұл жөнінде ауыл тұрғындарымен тікелей байланысқа шыққан Майкөмген ауылдық округінің әкімі Нұржарық Сауытовтың берген есепті баяндамасынан көп нәрсеге қанықтық. Ол өз сөзінде:
- Ауыл аумағы – 78 004 гектар. Соңғы есеп бойынша халық саны 1158 адамды құрайды. Оның 443-і балалар да, ал 486-сы еңбекке қабілетті азаматтар, зейнеткерлер саны – 109 адам. Сонымен қатар округ бойынша 41 мүмкіндігі шектеулі жан тұрады, оның 9-ы бүлдіршін. Ауылда әкімшілік, мектеп, балабақша, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, емхана, мәдениет үйі бар. Толтыр теміржол бекеті жұмыс жасап тұр. Ауыл халқының басым көпшілігі осы мекемелерде еңбек етеді. Ал ауылдың шаруашылық жағдайына тоқталсақ, қазіргі таңда 17 шаруа қожалығы, 4 дүкен, 2 шайхана, бір жанар-жағармай құю стансасы жұмыс жасайды. 1 қарашадағы есеппен округте 2138 сиыр, 1667 жылқы, 11 314 бас қой-ешкі, 1910 бас түйе малы бар,-деді ол.
Бүгінде ауыл түгелдей табиғи газбен, электр желісімен қамтылған. 2015 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы су-айдау су тазарту стансасы пайдалануға берілді. Округ «Tele2», «Kcell», «Beeline» сынды мобильді интернет операторларына қосылып, мұнаралары орнатылған. Ауыл көшелері жарықтандырылып, қазіргі таңда ауылішілік тасжол төсеу жұмыстары жасалу үстінде. Және бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын сақтау мақсатында ауылда спорт алаңының құрылысы басталып, ауылды көгалдандыру, құм көшкінінің алдын алу мақсатында сексеуіл егу жұмысы да жүргізіліп жатыр. Нұржарық Сағиұлы ауылдың проблемалық мәселелеріне де тоқталды. Соның бірі – ауылдан салынуы тиісті 300 орындық мектеп.
- Округтегі мектеп ғимараты 1994 жылы тұрғызылған. Мұнда білім алатын балалар еңсені басқан тар, заманауи талапқа жауап бермейтін ескі класс бөлмелерінде сабақ оқиды. Және мектепте спорт зал, акт залы, кітапхана, үйірме, факультатив кабинеттері жоқ. Түптеп келгенде, мектеп шәкірттеріміздің білім алу талабына сай келмесе де, ауылдың ұл-қыздары осы оқу ордасында тәрбиеленіп, оқып жүр. Қазіргі уақытта бұл мектепте 270 бала білім алады. Ал, тасжол, көше жарықтары айтарлықтай проблемалық мәселе болмағанымен, тоқ көздерінің әлсіздігі халықтың басты уайымына айналды. Дегенмен бұл мәселе де жуырда өз шешімін табарына сенеміз,-дейді округ әкімі Нұржарық Сауытов.
Тікелей байланысқа қосылған ауыл үлкендері мен жастары Майкөмген ауылының келер жылы жаңа саябақтармен толығуы мүмкін екендігін естіп, бір қуанып қалды. Сондай-ақ тұрғындар 2025 жылы теміржол станциясының жанында қоршалған жерге көгалдандыру жұмыстары жасалып, ауыл тұрғындары демалатын саяжай салынып, ауылдағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жанынан да саябақ бой көтеретінін айтқан ауыл әкіміне ризашылығын білдірді.
Халықпен тығыз байланыс орнатып, көкейінде жүрген көп сауалға нақты жауап берген ауыл әкімі осылайша өткен он айлық атқарған жұмысын қорытындылап, келер күндері қолға алар ісін пысықтап алды.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ