Шалғай ауылдағы шешімін тапқан мәселелер

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады» деген еді.

Тарқатылмайтын түйін жоқ

Иә, билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Шенеуніктер алдына келген адамға шекесінен қарамай, қайта мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Президент Жолдауында айтылған пікірді міне, осы екі ауыз сөзге сыйдыруға болады. Қазір қуантатыны - айтылған сөз іс жүзінде де жүзеге асып жатыр. Оған мысалды көптеп келтіруге болады. Айталық, содан бері аудан мен округ әкімдері жергілікті жерлерге барып, халықпен еркін форматта ашық диалог құруды дәстүрге айналдырды. Соның арқасында тұрғындарды толғандырып жүрген толғақты мәселелердің түйінін тарқатып, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында көптеген жұмыстар жүрігізіп келеді. Өткен аптаның дүйсенбісі күні ауданнан шалғайда орналасқан Ақкиізтоғай ауылында өткен келелі кездесу – дәл соның айғағы.

Ауылдық округ орталығында өткен кездесуге аудан әкімінің міндетін атқарушы Гүлнафис Айшуақова, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бекет Құлбаев, дербес бөлім басшылары, коммуналдық мемлекеттік мекеме басшылары мен Ақкиізтоғай ауылы әкімі М.Қабиденов, сондай-ақ жергілікті тұрғындар қатысты. Кездесу «Facebook» (Ақкиізтоғай Әкімі аппараты) және «Instagram» (akkiiztogay_akymy_apparaty) әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшалар арқылы тікелей эфирде көрсетілді.

Кездесуді қоғамдық кеңес төрағасы Б.Құлбаев ашып, жүргізіп, аудан әкімінің еңбек демалысында болуына байланысты міндетін атқарушы ретінде Гүлнафис Аязберікқызы өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде қысқаша хабарлама жасады. Ол осыған дейін аудан басшысының ауыл тұрғындарымен жалпы 8 кездесу өткізгенін атап өтті. Онда 60-қа жуық мәселе көтеріліп, қазіргі таңда 31-і толықтай шешіліп, орындалғанын, 17-іне кездесу барысында нақты жауап берілгенін, 11-і орындалу үстінде екенін, ал бір мәселе әзірге шешімін таппағанын жеткізді.

-Көтерілген мәселелердің 6-уы жолға қатысты. Екеуі жаңа жер учаскелеріне инфрақұрылым жүргізу бойынша болса, екеуі мәдениет үйін салу және бір мәселе жайылымдық жерлердің көлемін кеңейту еді. Енді сол сауалдарға тоқталып өтейін. Жол салу мәселесі бойынша: ауылда жоспарға сәйкес 5 шақырым жолдың құрылысы толық аяқталды. Қалғаны Ақкиізтоғай ауылішілік жолдарын қайта жаңғыртудың екінші жобасына енгізілді. 8.6 шақырым автомобиль жолын салуға жоба жасақталып, сараптамалық қорытындысы алынды. Құрылыс жұмыстарын мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы "ABC-Лимитед" мекемесі жеңімпаз атанып отыр. Қазіргі таңда келісім шарт жасақтау жұмыстары жүргізілуде. Екінші мәселе: ауылда жаңадан салынатын жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жекеменшік жерлерге инфрақұрылым тарту қарастырылған болатын. Ауыз су, жерлердің құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптамалық қорытындысы алынды. Мердігер мекеме анықталып, құрылыс-монтаждау жұмыстары 2024 жылдың шілде айында басталған еді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталды. Қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жерлердің құрылысын жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптамалық қорытындысы алынды. Өзгерістер енгізілді. Қайтадан сараптамаға жолданып, оң қорытындысы берілді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталды. Жалпы құрылыстың аяқталу уақыты - 2026 жылдың ақпан айы. Газ желілерінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптамалық қорытындысы келді. Құрылыс монтаждау жұмыстары 2024 жылы басталып, қазір аяқталды. Қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Мәдениет үйінің құрылысын салу «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі таңда жобасы жасақталып, конкурсқа жариялау үшін құжаттамалары дайындық үстінде. Жайылымдық жерлердің көлемін кеңейту мәселесіне келетін болсақ, оны тиімді пайдаланудың 2025-2030 жылдарға арналған жоспарлық бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта аудандық мәслихаттың шешімімен ұсынылатын болады. Ал орындалмаған мәселеге келетін болсақ, ол су мұнарасын іске қосу. Жалпы құрылысы толықтай аяқталып тұр. Іске қосу жұмысын жасап жатырмыз. Міне, аудан әкімінің тұрғындармен өткен кездесудегі көтерілген мәселелердің орындалысы осындай. Қалғаны кезең-кезеңімен жүзеге асады,- деді Гүлнафис Аязберікқызы.

Қылмыстан ада ауыл

Кездесу үстінде шалғай ауыл тұрғындары өз тарапынан бірнеше сауалдар қойып, бірқатар маңызды мәселелерді көтерді.

Айталық, бұрын ауыл әкімі қызметін атқарған, ауылдың тыныс-тіршілігімен жақсы таныс Мүбәрак Бектембаев «Аралтөбе» су қоймасын салудың қажеттілігін баса айтып, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін де өткір қойды.

Бұл ұсынысқа аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Жәнібек Сабыров жауап берді. Оның айтуынша, «Аралтөбе» су қоймасы бойынша экономикалық негіздеме дайындалып, жұмыс жобасы жасақталған. Егер 2026 жылы жоба сәтті аяқталып, республикалық бюджеттен қаржы қарастырылса, онда су қоймасының құрылысы басталатын болады. Бұл орайда аудан әкімінің міндетін атқарушы Гүлнафис Айшуақова жобаны іске асыру кезінде сол жерлердегі тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғап, сақтау мақсатында да зерттеу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.

Бұл бағытта арнайы зерттеу тобы тартылып, қорғау шараларын алу жобада қамтылған екен. Сөз арасында «Ақмешіт» тарихи-мәдени кешеніне апаратын жол құрылысының да басталғанын жеткізді. Су қоймасына қатысты қазіргі таңда екі жоба ұсынылған екен. Егер қосымша үшіншісі жіберілетін болса, ол да қоғамдық талқылауға шығарылатынын мәлімдеді.

Жиын барысында аудан әкімінің міндетін атқарушы Г.Айшуақова Ақкиізтоғай ауылдық округінде соңғы жылдары бірде-бір қылмыс дерегі тіркелмегенін хабарлады. Бұл – ауыл тұрғындарының тәртіпке, заңға деген құрметінің, сондай-ақ учаскелік полиция қызметінің жүйелі жұмысының айғағы.

Кездесу соңында аудан әкімінің міндетін атқарушы Г.Айшуақова сол күнмен тұспа-тұс келген барша мемлекеттік қызметшілерді кәсіби төл мерекелерімен құттықтап, аудан басшысымен болған жүздесуге белсене қатысқан ауыл тұрғындарына ризашылығын білдірді.

-Ауданда атқарылған жұмыстар аз емес. Алдағы уақытта өз жалғасын тауып, барлық мәселелер жоспарлы түрде кезең-кезеңімен шешімін табатын болады, – деп сендірді ауыл тұрғындарын кездесу соңында Гүлнафис Аязберікқызы.

Иә, мұндай кездесулер халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, аудан орталығынан шалғайда орналасқан елді мекендер тұрғындарының көңіліне сенім ұялатып, ауылдың дамуына тың серпін берері анық. Бұл ретте ақкиізтоғайлықтардың да ұсыныс-пікірлері ескерусіз қалмайтыны анық.

Азамат МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT