Шалғай ауылдағы саялы бақ

Ақкиізтоғай ауылдық округіндегі “Талаптан” қоғамдық бірлестігі өңірдегі белсенді үкіметтік емес ұйымдардың бірінен саналады. Оның соңғы жылдары жасаған жұмыстары ауыл халқын ауызбіршілікке шақырып, біраз жобалардың жүзеге асуына мұрындық болды. Соның нәтижесінде ақкиізтоғайлықтар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», өздері тұрып жатқан елді мекенді көгалдандыруды, абаттандыруды қолға алып, озық технологияны тиімді қолданып, бау-бақша, егістік шаруашылығымен шұғылданды.

Туған ауылымызға пайда келтірер жарқын жобаны «Талаптанның» талапты азаматтары биыл да қолға алды. Нақтырақ айтқанда, аудандағы ең іргелі компания - “Теңізшевройл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің әлеуметтік инвестициялық бағдарламасының 2025 жылғы жариялаған конкурсында “Саялы бақ саясында” жобасымен қатысып жеңімпаз болып, қаржылай қолдауына ие болдық.

Иә, бұл жобамыздың басты мақсаты - шалғай ауылдағы көгалдандыру мәселесін шешу. Ауылымыздың ішіне жас шыбықтар отырғызу арқылы өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту, тұрғындар арасында еріктілікті дамыту, осы бағыттағы ауыл халқын толғандырған өзекті мәселелерді тұрғындармен бірлесе отырып шешуге тарту, тәрбиелеу.

Әрине, жоба жайлы ауыл тұрғындары жақсы хабардар. Сондықтан да оның жүзеге асқанын бірауыздан қолдады. Қазіргі кезде жоба жұмысы басталып кетті десе де болады.

Осындай шалғай ауыл халқы үшін пайдалы, жарқын жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, қаржылай қолдау көрсетіп отырған “Теңізшевройл” компаниясына Ақкиізтоғай ауылының тұрғындары атынан риясыз рақметіміз бен шексіз алғысымызды айтқымыз келеді. Алға қарай да серіктестік басшылығының қолдауымен сенімді серіктес ретінде бірге жұмыс жасап, жақсы жобаларды жүзеге асырармыз деген ойдамыз.

Нұрәділ Қабиев, “Талаптан” қоғамдық бірлестігінің төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT