Шакман мен КамАЗдар тасжолды тапап жатыр

Бұл туралы жергілікті тұрғындар дабыл қағуда.

 

Таяуда редакциямыздың тілшілер қосынына Ақкиізтоғай ауылының тұрғыны Темірхан Тұрлашев есімді азамат телефон арқылы хабарласты. Ол Құлсары мен Ақкиізтоғай ауылының аралығындағы салынғанына көп уақыт бола қоймаған жаңа асфальт жолдың үстімен щебень тиеген ауыр жүк көліктерінің ерсілі-қарсылы жүріп, тасжолды бүлдіре бастағанын хабарлады. Ашынған азамат:

-Осы тасжолды салдыру үшін қаншама күш, қаражат жұмсалды. Ендігі міндет - осы тақтайдай тегіс тасжолды күтіп ұстау. Осы мақсатты көздеген біз осыған дейін де Құлсары-Ақкиізтоғай трассасын таптап жатқан ауыр жүк көліктерінің бейберекетсіз әрекеті туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дабыл қаққан едік. Байқаймыз, бірақ одан толық нәтиже шықпаған секілді. Соңғы жылдары астауын щебень мен өзге де құрылыс материалына толтырып алған 25-30 тонналық Шакман-дар мен 8-10 тонналық КамАЗ-дар екі аралықтағы асфальт жолдың үстімен бұрынғыша жүйтки жөнелетінді шығарды, - деді тұтқаның арғы жағынан.

Сөзінің дәлелі ретінде тілшілердің Whatsapp желісіне телефонның бейнекамерасына түсірілген фото мен бейнежазбаларын да жолдады. Бейнежазбадан ауыр жүк көліктерінің қас қарайған түнгі мезгілде, тіпті таңғы сағат 05.15 минутар шамасында осы асфальт жолмен жүк тасымалдап бара жатқанын көреміз.

-Бұрын жастар қалаға қашатын еді. Қазір Ақкиізтоғайға тасжол төселгелі ауылға тұрақтай бастады. Көпшілігі көлік алуға жұмыстанып, соны кәсіп қылады немесе қаладағы жұмысына барып-келеді. Ал егер тасжол ауыр жүк көліктеріне тапталып, бұрынғы таз қалпына түсер болса, онда ауылдан қалаға қашатындар көбейеді. Сондықтан облыстағы жолдарды қадағалайтын арнайы мемлекеттік мекеме қызметкерлері ауыр жүк көліктерін ұстап, заң аясында шара қолданып, тоқтатуы керек, – дейді Темірхан.

Т.Тұрлашевтың айтуынша, қазір ауылдағы дала жолының өзі Шакман мен КамАЗ-дың табанының астында тілініп, ойдым-ойдым болып қалған. Соның кесірінен, ауылдың үстін жиі шаң басып тұрады екен.

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521