Шайханада ұмыт қалған қара сөмке

Өткен сәуір айының соңғы күндерінің бірінде Теңіз кенішіндегі күзет қызметінің сарбаздары кешкісін қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ондағы жұмысшылар шайханасын аралап жүрген-ді.

Сол сәтте құрылыс құбырына асулы тұрған қара көк түсті қол сөмкені көздері шалып қалады. Бұл жөнінде басшылыққа хабарлаған күзет қызметкерлері кейін иесі табылмаған соң, куәгерлердің қатысуымен әлгі сөмкені ашып қарап, акт жасақтауға мәжбүр болады. «Рюкзак» ашылған соң оның иесінің кім екендігі де анықталады. Өйткені ішінен құжаттар сақталған шағын қолсөмке табылады. Бірақ күзетшілерге қосымша ішкі істер бөліміне хабар беруіне де тура келді. Өйткені қара сөмкеден жеке мүліктермен бірге суық қару саналатын кастет те шықты. Әрмен қарай қос куәгердің көзінше қосымша тексеріс жүргізген полиция қызметкерлері ақша салынған қол сөмкені ашып қалғанда қағазға оралған шөп тектес затқа кезікті. Арнайы сот-химиялық сараптама кейін оның 0,63 грамм болатын кептірілген марихуана екендігін анықтап берді.

Ал криминалист маман мен сот-баллистикалық сараптама қара сұр түсті металдан жасалған зат-кастет суық қаруға жататынын, ол ұсталық жолмен, яғни қолмен ұрып-соғуға арнап жасалғанын бекітті. Осылайша шайхана ішіне ұмыт қалдырылған қара сөмке иесінің барлық қылмыстарын әшкерелеп берді. Көрші ауданнан ауысымдық әдіспен жұмысқа келген орда бұзар отыздан асқан жігітті тәртіп сақшылары қызметінен шеттетіп, тергеуге алуына тура келді. Өйткені үстінен Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабымен іс қозғауға мәжбүр болды. Сот сотталушы жігіттің қылмыстық теріс қылық әрекеті ҚК-нің 287-бабының 1-бөлігімен және 296-бабының 2-бөлігімен дұрыс сараланған деп тапты. Өйткені ол металдан жасалған суық қаруға жататын кастетті және есірткі затын өзімен бірге заңсыз сақтап, алып жүрген. Істі қараған судья Р.Алдамбергенов сот орынтағында отырған азаматты қылмыстық теріс қылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Әр бап бойынша 80 және 70 сағаттан қоғамдық жұмыстарға тартуға үкім еткен-ді. Бірақ 58-баптың 2-бөлігінің негізінде түпкілікті жаза ретінде 80 сағаттық қоғамдық жұмысқа кесілді. Оның үстіне айыпкерден 77836 теңге процестік шығын да мемлекет пайдасына өндірілетін болды.

Н.АБУЛХАНОВ,

аудандық соттың бас маманы,

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ, өз тілшіміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521