Құлсары қаласындағы қордаланып қалған аса өзекті мәселелердің тізімі жасалып, ол ауданды дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді даму жоспарына енгізілген. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады. Бұл жөнінде аудандық әкімдікте өткен брифингте Құлсары қаласының әкімі Қадыржан Адинов мәлім етті.
-2023 жылғы қалалық бюджеттің кіріс бөлігінің жылдық жоспары 3 млрд 168 млн 644,0 мың теңге болса, нақты түскені 3 млрд 254 млн 9,8 мың теңгені құрап, 102,6% орындалды немесе 85 млн 365,8 мың теңгеге жоспардан артық түсім түсті. Қала бойынша 32835 шаршы метр құрайтын жерге төсемтас төсеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Қаланың ықшамаудандарына 11 дана әмбебап балалар ойын алаңын салуға да смета жасалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобалаушы мердігер мекеме: «ВибоСтрой» ЖШС. Құрылыс жұмыстарына бюджеттен қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы болып «Өмірзақ» ЖШС анықталды. Мекеменің күшімен «Береке», «Барлаушы», «Жадырасын», «Шұғыла», «Аэропорт», «Мешіт» ықшамаудандары мен №124, Ы.Алтынсарин, Д.Таубаев, Б.Өтеулиев көшелеріне әмбебап балалар ойын алаңы салынатын болады. Өткен жылы «Жадырасын», «Береке» ықшамаудандарында жұмыс басталды. Құрылыс жұмыстары биылғы наурыз айында қайта жалғасады. Сондай-ақ, Құлсары қаласының алты ықшамауданының аулаларын абаттандыру бағытында жоба жасақталған болатын. Жоғары кернеулі әуе желілерінің апаттық үзілістерінің алдын алу мақсатында, «Дан Трейд компаний «ЖШС-мен 3 дана реклоузер құрылғысы алынып, «Автожолшылар» ықшамауданы, 5-ші және 7-учаскелерге орнату жұмыстары жүргізілді,- деді Қадыржан Аманкелдіұлы.
Қала әкімінің айтуынша, «Казжылыой құрылыс» ЖШС-мен қала әкімшілігінің теңгеріміндегі «Автожолшылар», «Аэропорт», «СМП-224», «Береке» ықшамауданы мен 7-учаскедегі Ф4Д 10кВ әуе желісінде апатты жағдайдағы электр және көше жарығының темір бетон бағаналарын ауыс-тыру жұмыстары жүргізіліпті. Электр желілерінің қуаты әлсіз жерлерге 5 дана 630Квт трансформатор алынып, «Автожолшылар» ықшамауданына – 2 дана, «Мерей», «Мереке» ықшамаудандарына – 1 дана, 4-ші ықшамауданға 1 данасы орнатылған.
-Құлсары қаласы бойынша қараусыз жүрген төрт түлікті ұстап, арнайы орынға қамау жұмыстары «Амира» ЖК-мен жүргізілді. Онда қамалған малдың иелері анықталып, қала аумағында төрт түлікті ұстау қағидалары түсіндіріліп, ҚР ӘҚБтК-нің 408, 505-бабына сай аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторларымен 48 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Сондай-ақ, Құлсары қаласында – 4, 7-учаске маңындағы Құрсай өзегі жағалауына «Led_real» ЖШС-мен жарық диодты қондырғылар, «Нұр Олжа и Ко» ЖШС мен «Атамұра» мұражайына жарықдиодты медиа қасбеті орнатылды,-деді Қ.Адинов.
Қала аумағында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің дәліздері мен жертөлелеріне дезинфекция жұмыстарын жүргізу үшін «Мұздыбаева» ЖК-мен шарт жасақталған. Оның аумақтық жалпы көлемі 155315 шаршы метрді құрайды.
П.ТӘЖІ