Үш соғыстың куәгері

Біз әңгіме еткелі отырған майдангер Елеуғали Табылдиев осыдан бір ғасыр бұрын, яғни 1918 жылдың 16 маусымында Мақат ауданында дүниеге келді.

Әке-шешеден тым ерте қалып, балалық шағы балалар үйінде өтті. Сол кездегі Гурьев педагогикалық техникумын тамамдап, еңбекке араласқалы тұрғанда әскер қатарына алынды. 1939 жылы Қазан қаласында әскери дайындықтан өткен жас сарбаз Орынборда, Алматының Сарыөзегінде Отан алдындағы борышын өтеп жатты. Сол кезде Кеңес-Фин соғысы басталып, қызыләскер Табылдиев қызмет ететін әскери құрама солтүстікке жөнелтілді. Автомобиль бөлімінде жүргізуші болып темір тұлпарды тақымына қысқан сарбаз жауынгерлік жолы оқ пен оттың ортасында осылай басталды. Кеңес Армиясы жеңіске жеткен майданнан ол аман шықты. Енді елге оралғалы тұрғанда Ұлы Отан соғысы бұрқ ете түсті. Елеуғали ақсақалдың көзі тірісінде қалдырған дерекке сүйенсек, бүкіл майдан даласында оның әскери автокөлігінің ізі сайрап жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыстың қызып тұрған шағында АҚШ пен КСРО екінші майдан ашу туралы келісімге келгені белгілі. Міне, сол уақытта американдықтар Одақты әскери керек-жарақпен қамтамасыз етіп тұрды. Майдангердің айтуынша, құрама штаттардан әкелінген құрал-жабдықтар, түрлі техникалар Ираннан Персид шығанағы арқылы жеткізілген. Қызыләскер Е.Табылдиев қызмет еткен автополк жүргізушілері сол әскери жүкті Закавказье майданының құрамындағы Грузияның тасжолымен тасымалдап, соғыс өрті лаулап тұрған Нальчикке дейін дін аман жеткізу үшін бар күш-жігерін жұмсады. Ол "Крест асуы" деп аталған екен. Жолай талай рет әуе мен жерден атқылаған жау самолёттері мен жаяу әскерінің оғына тап болған кездері аз кездеспеді.

Темір тұлпардың тізгінін босатпаған жерлесіміз осылайша әскери көлігімен жарты әлемнің топырағын таптап, шаңын аспанға шығарды. Соғыс аяқталар қарсаңда Е.Табылдиев қызмет ететін әскери құрама маршал Р.Малиновский басқаратын Забайкалье майданының құрамында Жапонияға қарсы соғысқа жөнелтілді. Батыстағы ел Ұлы Жеңісті тойлап жатқанда кіші сержант Табылдиевтің әскери бөлімі еліміздің шығысында жапондармен шайқасқа кіргелі тұрды. Ала жаздай айқасып, ақыры соғысты Моңғолияда жеңіспен аяқтады. "Қырық жыл қырғында ажалды өледі" дегендей, осылайша үш майданның қанды қырғынынан аман шыққан жылыойлық жауынгердің ендігі арманы туған еліне аман-есен оралу еді. Бірақ алты жыл етігімен су кешкен азаматқа әлі алты айдан астам уақыт азаматтық борышын өтеуіне тура келді. Тек 1946 жылдың сәуірінде ғана Е.Табылдиевтің табаны туған жер топырағына тиді. Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, "Германияны жеңгені үшін", "Жапонияны жеңгені үшін", "Жуков", басқа да медальдарын омырауына тақты. Жауынгерлік жолын қатардағы қызыләскер болып бастап, кіші сержант дәрежесінде батальон комсоргы ретінде аяқтаған Елеубай Табылдиев соғыстан кейін ғана өзінің педагогтық қызметіне кірісті. Жан жары Үмила екеуі үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп, немере-жиен сүйді.

Е.ҚОШАҚАНОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521