Шөлқарадағы төгілген мұнай «көлі»

Жақында редакциямызға «Жылыой табиғаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Шыңғысов хабарласты.

Ол өткен аптаның ішінде өзінің қоғам мүшелерімен бірге аудан аумағында орналасқан Шөлқара деген жерде болып қайтқан екен. Құлсары қаласынан 120 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан аталған учаскеде бір жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұрғылау жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді. Әрине, онда күткендегідей қара алтын бұрқағы атқылаған. Бірақ сонау Алматыдан ат арытып келген мердігер мекеме апатқа жол беріп алды. Соның кесірінен бірнеше ондаған тонна мұнай далаға төгіліп, топырақ пен өсімдіктер дүниесіне елеулі мөлшерде зиян келтірген екен. Бірлестік төрағасы сол жерде қолдан қазылған үлкен апан құдықтарға құйылған мұнай аңғарларын фотосуретке түсіріп, бұрғылау шеберінің міндетін атқарушы Айбек Шамешов есімді азаматты сөзге тартыпты.

-А.Шамешовтің айтуынша, оқыс оқиға шілденің 26-сы күні орын алған екен. «Р-1» ұңғымасынан қатты қысыммен мұнай мен газ атқылап, бұрғылау қондырғысының басында алапат өрт болған. Ол жиырма төрт сағат бойына жанып тұрды. Тілсіз жауды бұрғышылар өз күшімен ауыздықтапты. Төгілген мұнайды экскаватормен қазған апан шұңқырларға шоғырландырған.Қазір ондағы қара майлар топырақпен «өңделіп», «шлам» ретінде Атырау, Құлсары, Боранқұл бағыттарындағы мұнай қалдықтарын тазалайтын мекемелерге тасымалданып жатыр. Бұрғылау шебері бұл апат жөнінде облыстық Экология департаментінің хабардар екендігін, олардың мамандары жақында келіп, табиғатқа келтірілген зиян мөлшерін анықтап, апаттың орнын қалпына келтіру жұмыстарын жүйелі жүргізуді жүктеп кеткенін мәлім етті. Енді залал көлемі анықталып, заң бойынша тиісті айыппұл да салынатын болады, - дейді А.Шыңғысов.

Бірлестік төрағасының айтуынша, Шөлқара кен орнына Кеңес өкіметі кезінде, яғни өткен ғасырдың 80-жылдарының басында Оңтүстік Ембі терең барлау-бұрғылау экспедициясының бұрғышылары бұрғы бойлатқан екен. Алып мекеме тараған соң, оның игеруге беріп кеткен мұнай алаңдары да қараусыз қалды. Күні бүгін игерусіз жатқан кеніштің бұрғылау жұмыстарына тапсырыс берген - алматылық жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазір мұнай атқылаған жерге ақтөбелік бұрғышылар «фонтанный арматура» орнатып қойды.Ұңғымадан мұнай 150-160 атмосфералық қысыммен келіп тұр.

Өкінішке орай, мұнаймен ластанған жер жалғыз кен орнының төңірегінде ғана емес. Шөлқараға келе жатқан тұста қоғамдық бірлестік төрағасы мінген автокөлік өз бағытынан адасып, жолсыз жазық даламен жүруіне тура келген. Міне, сол сәтте қоғам мүшелері жерге суша шашып тастаған қара май төгіндісінің үстінен түскен. Оның Шөлқарадан тасымалданып жатқан мұнай қалдықтары екендігінде сөз жоқ.Төгілген жердің шөбі мен топырағы едәуір мөлшерде залал шеккен. Оны да А.Шыңғысов фотосуретке түсіріп алды. Оның айтуынша, аталған бұрғылау мекемесі аудан аумағында бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде осыған дейін де апаттық ахуалға жол беріп алған. Енді олар Шөлқарадан соң Оңтүстік Елеместің жеріне бұрғы бойлатпақ. Онда да табиғат-анаға кесірін тигізбесіне ешкім кепілдік бере алмайды.

Ербол Қошақанов,

арнаулы тілшіміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521