Үш хандықтың ордасы болған Ұшқан

Жақында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде аудандық Аналар кеңесі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған маңызды жайттарға орай аудан ардагерлері, қоғамдық ұйым жетекшілерімен бірге жастар мен студенттердің басын қосқан жақсы шара өткізді. Онда мақаладан туындайтын маңызды мәселелер де талқыға түсті.

Жеті жұрт көшкен Маңғыстау, жеті хан жерленген Сарайшық секілді Ұлы даланың жеті қырына тән ұлттық құндылықтар Атырау аймағында да аз емес. Бұл жөнінде студент-жастарды тарихтың тереңінен сыр шерткен шежірелі әңгімесімен қызықтырған «Дарын» әдеби шығармашылық бірлестігінің төрағасы, ардагер-журналист Нұрдәулет Ақназаров Жылыой жеріндегі жауһарларға да тоқталды. Нұрекеңнің айтуынша, жылыойлықтардың Ұшқан деп жүргені – ежелгі қала. Ол сарматтар мекен еткен үш хандықтың ордасы болған деседі. Шаһардың солтүстігіне таман орналасқан үлкен көне қорым - сол кездегі ата-бабамыздың зираттары. Тағы бір аңыздарда «Ұшқан» сөзі үш жаққа таралып аққан бұлақ көзінен туындаған деген де болжам бар. Осы және өзге де тарихи жерлер төңірегінде ой толғаған ардагер еліміздегі екінші Алтын адам табылған Аралтөбе қорымының айналасы қоршаусыз, ашық-шашық жатқандығына қынжылыс білдірді. Қазақстанның туристік базасына енгізілген Ақмешітке саяхаттап келген туристер Аралтөбеден де айналып өтпесі анық. Міне, сондайда шетелдіктерге не бетімізді айтпақпыз? Бұл ретте тарихи жер абаттандырылып, мемлекеттік қамқорлыққа алынуы керек деп ұсыныс тастады.

Жер атаулары жайлы ардагер-журналист Қонаш Қалдыоразұлы да ой толғады. Ал ардагер-ұстаз Наурызбай Төлеуов мемлекеттік тілдің іс жүзінде толық мәртебеге ие бола алмай келе жатқанына реніш білдірді. Елімізде шығып жатқан кей кинофильмдердегі кейіпкерлердің өзі екі тілде сөйлейді. Таза қазақша емес не таза орысша да емес, тілі шұбарала кинолар ана тіліміздің аясын тарылтып отыр деген пікірде. Сондықтан «Ұлы даланың жеті қыры» аясында мемлекеттік тілімізді осындай «қойыртпақтан» қорғауымыз керек» деді ақсақал.

Аналар кеңесінің төрайымы Мұстахима Малашқызы еліміздің салт-дәстүрі аясында биыл қайырымдылық шаралары өтетінін хабарлады. Ол әр он екі айға бөлініп қойылады. Мәселен, наурызда Ұлыстың Ұлы күні тойлануына байланысты бұл ай «Шашу» шарасына арналмақ екен. Онда халқымыздың осы бір керемет үрдісі жан-жақты паш етілмек. Осы сәтте студент Балауса Жұмабаева «Көрісуді неге еліміздің өзге жерлеріне таратпасқа?!» деген ұсынысын айтты.

«Ұлы даланың жеті қырына» байланысты Мейірхан Алғазиева, Роза Тасболатова және басқалар өз ойларын ортаға салды.

Е.Бисекенұлы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521