15 ақпан – Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына орай, №21 жалпы орта білім беретін мектепте кітапханашылар мен алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен «Ауғанның асуында от кешкендер» атты Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өткізілді.
Қазақтың батыр қолбасшысы Бауыржан Момышұлы: «Ерсіз ел болмайды, елін ер таниды, ерлерін ел таниды» - деген екен. 10 жылға тарта уақытқа созылған Ауған соғысына Қазақстаннан интернационалдық борышын өтеуге 22 000 адам аттанып, олардың 761-і қаза тапқан және 21-і хабарсыз кеткен екен. Ал ауданда 41 ардагер бар. Екінші дүниежүзілік соғыста Отан үшін от кешіп, опат болған ерлердің ерлік дәстүрін жалғастырған олардың барлығы да батырлар.
Бүгінгі өскелең ұрпақ алдында олардың қай-қайсысы да құрметке лайық. Кездесуге келген ардагерлер Сәбит Ауданов пен Киікбай Сламбек оқырмандарға Ауғанстан жеріндегі жауынгерлік жорығы жайлы естен кетпес естеліктерімен бөлісті. Әсіресе «Қара майор» атанған Борис Керімбаев туралы айтылған аңызға бергісіз ақиқатқа негізделген ерлік жолы қатты қызықтырды. Соның ішінде, ардагерлердің Калашников автоматы хақындағы қызықты әңгімелері ұл балаларға қатты ұнады. Соның әсері болса керек, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Ардақ Тәжіғалиеваның жетекшілігімен 11 сынып оқушылары автоматты шашып-жинаудан секундтық нормативті орындап таң қалдырды.
Мектептің кітапхана меңгерушісі Шолпан Кусикбаева «Ауған соғысының жаңғырығы» атты кітап көрмесін өткізіп, 10 жылға созылған соғыстан дерек беретін электронды кітаптарға арналған буктрейлер көрсетті.
Тәлімгер Ботакөз Тойғұлова жетекшілік еткен мектептің республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының мүшелері ардагерлер алдында өз өнерін көрсетті. Кеш соңында интернационалист-жауынгерлер мен оқушылар естелік фотосуретке түсті.
Н.Сарсенова,
кітапханашы