Серік Шәпкенов: Тұрғындардың медицинаға сенімін арттыруға жұмыстануымыз керек

Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысы өтті. Онда 2022 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы баяндалды.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиевтің мәліметінше, өткен жылы салаға 60-қа жуық маман келген. Дегенмен өңірде әлі де кадр тапшылығы өзекті. 

- Қазіргі таңда облысқа анестизиолог-реаниматолог, жалпы практика дәрігері, акушер-гинеколог, пульмонолог және инфекционист дәрігерлердің қажеттілігі жоғары. Кадр тапшылығын төмендету үшін бір жолға берілетін үстемақы көлемін жоғарылатып, қызметтік пәтермен қамту қажеттілігі жоғары. Сондай-ақ 2022 жылы 846 маман, оның ішінде 104 маман Израиль мен Германияда біліктілігін арттырды. Оған жергілікті бюджеттен 550 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ облыстағы мемлекеттік медициналық ұйымдарда медициналық техникамен жабдықталу 92,3%-ды құрады,-деді А.Байдуалиев.

Басқарма басшысының орынбасары Қайсар Абдалиевтің мәліметінше, өткен жылы облыс бойынша 8 068 пациент өзге өңірлерде ем алған. Оның 5 924-і жоспарлы түрде емделді. Жалпы ем шығыны - 5,1 млрд теңге. 

- Атырау облысында 144 медициналық қызметтің тек 30 түрі ғана көрсетіледі. Бұл бойынша 506 операция жасалған. Алайда дәл осы операция түрлері бойынша Астана, Алматы, Ақтөбе және өзге облыстарда 407 пациентке операция жасалды. Атырау облысы бойынша 2023 жылдың екінші жартыжылдығында 5 бейін бойынша: отоларингология, урология, нейрохирургия, эндоскопиялық,онкологиялық бейін бойынша жаңа операция түрлерін енгізу жоспарлануда,- деді Қ.Абдалиев.

Алқа отырысы барысында облыс әкімі дәрігерлердің біліктілігін арттырып, тұрғындардың дәрігерлерге деген сенімін арттыру үшін жұмыс істеуге шақырды.

- Өздеріңіз келтірген дерекке сүйенсек,  тұрғындардың жартысынан көбі өзімізде жасалатын операцияны басқа аймақтардан жасататыны туралы айтылды. Біз де оны жасай аламыз. Мен облыстағы дәрігерлердің кәсібилігіне күмән келтірген емеспін. Мәселен жүрекке жасалатын операция. Бұны өңірдегі кардиохирургтар да жасайды. Қажетті құрал-жабдық да жеткілікті. Облысымыз қажетті медициналық құрал-жабдықпен қамтуда республика деңгейінен 9%-ға жоғары. Ендеше не осы операцияларды Атырауда жасауға не кедергі? Аудан тұрғындарымен кездескенде де, жеке қабылдауыма келген тұрғындардың да сауалының басым көпшілігі - денсаулық сақтау саласына қатысты. Бұрын «ақ халаттылар біздің өмірімізді сақтап қалатын ең мейірімді жандар» деп айтушы едік. Қазір содан қалып бара жатқандаймыз. Емдеу мекемелеріне тиімді жұмыс істеу үшін барлық құрал-жабдықтар алынды. Соны ел игілігіне жұмсап, халықтың үніне құлақ асып, жанашырлықпен жұмыс істеу керек. Тұрғындарға медициналық көмек қолжетімді болу қажет. Атырауда кадр дайындауды назардан тыс қалдырмаған жөн. Бұл ретте жас мамандарды дайындап, жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек,-деді С.Шәпкенов.

Жиыннан соң аймақ басшысы облыстық психикалық денсаулық орталығына барып, жұмысымен танысты. Мұнда ерлер және әйелдер бөлімі, күндізгі стационар мен невроздық бөлімде 140 науқас ем алады. Олармен балалар психиатры, психологы, қолданбалы мінез-құлықты талдау терапевті, логопед, дефектолог мамандар жұмыс істейді. 1936 жылы салынған 160 орындық ғимараттың тозығы жеткен. Бүгінде 250 орындық жаңа нысан салу үшін жобалық сметалық құжат жасалуда.

Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT