Біздің отбасымыз бала кезімде Новостройка деген жерде тұрған.
Соңғы уақыттары ол жерлерге жаңа үйлер салынып, қаламыз көркейе түсті. Бірақ біздер тұрған ескі төрт үйлік, екі қатарлы корпустар әлі бар. Манап ағай мен Зеріп апайдың отбасымен үй арасында үй жоқ дейтіндей іргелес көрші болдық. Ағайдың балаларының барлығының жасы бізден үлкен болды. Біздер мектепте оқып жүрген кезде Нұрсипат аға, Айсұлу, Зүлпат, Шәрбат апалар жоғары оқу орнында оқитын еді. Манап ағаның кенже қызы Ләззат Пушкин атындағы мектепте оқушы. Есімде қалғаны: Манап ағай балаларының оқуына аса жауапкершілікпен қарайтын еді. Кешкісін жұмыстан келе жатып, аулада бізбен ойнап жүретін Ләззатты шақырып алып, жол жөнекей: «Ертеңгі сабақтарыңа дайынсың ба?»,-деп міндетті түрде сұрайтын. «Ал сендер ше?»,-деп бұрылып барлық балалардан сұрайтын. Сонда сабақ оқымай, ойынның қызығына түскен біздер ұялып, ойынды тастап, лезде үй тапсырмасын дайындауға кететінбіз.
Манап ағай да, Зеріп апай да аса мәдениетті де зиялы жандар еді. Ол кісілердің дауыс көтергенін, біреулерге зекіп ұрысқанын естіп көрмеппін. Аулаларында жеміс талдары отырғызылған болатын және көктемде жыл сайын шағын бақшаларына көкөністер егетін. Ағай мен апай өздері бастап атыздарды қазып жүретін-ді. Аулаға гүл өсіретін. Осылайша олар балаларын еңбекке баулып, қарапайымдылыққа үйрететті. Апай Абай атындағы орта мектепте мұғалім болды. Байсалды, байыппен сөйлейтін адам. Менің ата-анам Манап ағайдың балаларын бізге үнемі үлгі қылып отыратын. Бір кездері Зеріп апа ауласында сиыр ұстады. Жаздыгүні шарбақта құрт жасап, кептіріп қоятын. Осындай ерінбейтін еңбекқор жандар болды. Ағай өткен ғасырдың 80-жылдары жаңадан салынған Мәдениет үйінде басшылық қызмет атқарды. Таңертең біздер мектепке кетіп бара жатқанда, Манап ағай ертелетіп жұмысына бет алатын еді. Ауданда қандай концерт болатынын, гастрольмен қандай әртістер келетінін Манап ағайдан кешке жұмыстан қайтқанда білетінбіз. Сол кездері Манап ағай Ембі ауданынан Алматыда өткен айтысқа қатысты. Менің анам Қалжан мұғалім болатын, балаларына «жыр додасын теледидардан көрсетеді, жіберіп алмайық» деп бәріміз теледидар алдына жайғасып отыра қалдық. Манап ағайдың теледидардан қазақтың ұлттық киімімен домбырасын төкпелеп отырғанын көрдік. Бұрынғының адамдары қарапайым, кішіпейіл болған сияқты. Әлі күнге дейін сол Новостройканың ескі үйлерінің жанынан өтіп бара жатып, өзімнің балалығым өткен үйдің терезесіне еріксіз қарап қаламын. Көрші Манап ағайдың ауласына қарап, сол кездегі жайқалып өсіп тұратын гүлдерді көз алдыма елестетемін. Бала кездегі естеліктер көңілге сондай жылы, жүрекке ерекше ыстық, жақын болатыны сөзсіз. Қасиетті Жылой топырағының төл перзенті, ұлағатты ұстаз, күміс көмей жыршы-термеші, парасаты биік, пайымы бөлек сегіз қырлы, бір сырлы азамат Манап Ғалимов туралы естелігім осындай.
Роза РАХМЕТОВА,
Құлсары қаласы
№21 жалпы орта білім беретін мектептің
мұғалімі