Мемлекет басшысы халықпен тиімді кері байланыс орнату керектігін қатаң ескерткен-ді. «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады» деген еді Президент «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында. Бұл ретте «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қабылданып, халықтың мұң-мұқтажы ескеріліп келеді. Бәрі де Ашық айтылды Осы тұжырымдаманың, негізінен, бірнеше компоненттері бар. Соның бірі - ашық байланыс арналары. Онда Үкімет өкілдері азаматтарға ойларымен, идеяларымен және пікірлерімен алмасу үшін қолжетімді және ыңғайлы платформалар ұсынады. Бұл қоғамдық жиналыстар түрінде жүзеге асырылуы мүмкін.
Айталық, жақында аудан әкімі Жұмабек Қаражанов аудандағы ауылдық округтер мен кент, қаланы аралап, ондағы тұрғындармен кездесіп, халық алдында атқарылған жұмыстарға есеп беріп, көпшіліктің көкейінде жүрген көптеген сауалдарға жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін де мұқият тыңдады. Тұрғындар еркін отырып, өз ойын ортаға салып, жүздесу ашық диалог түрінде өрбіді. Сондай жарқын жүзді жүздесу өткен аптада Құлсары қаласында да өтті. Оған аудан ақсақалдары, кәсіпкерлер, жастар, қала тұрғындары мен аудандық әкімдіктің бөлім басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Аудандық «Кең Жылыой» мәдениетінің үйінің үлкен көрермендер залында болған кездесу түсқайта сағат 15.00-де басталғаннан сегіз сағатқа дейін созылды. Келелі кездесуде көптеген мәселелердің мән-жайы анықталып, мұң-мұқтажын ақтаруға келген қарапайым халық әкімге тікелей сұрақ қою үшін де кезекке тұрып жатты. Жұмабек Байрақбайұлы залдағы қала тұрғындарымен тілдесіп қана қойған жоқ, ол әлеуметтік желіден тікелей эфир арқылы қосылған құлсарылықтардың да сауалына жауап беріп, сындарлы диалог өткізді. Алдымен, халықтың алдына шығып, сәуірде болған табиғи апатта «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», қаламызды алапат тасқын судан аман алып қалу үшін қолынан келген игі істің бәрін жасаған аудан тұрғындарына алғысын білдірген аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы алғашқы сөзінде:
- Өздеріңізге мәлім, көктемгі су тасқыны баршамызды әбігерге салып, өңірімізге айтарлықтай қауіп төндірді. Соған қарамастан еліміздің бірлігінің арқасында аудан халқы бұл қиындықты да еңсере білді. Осынау табиғаттың тосын мінезі кезінде сын сағатта жұдырықтай жұмыла біліп, етігімен су кешкен аудан тұрғындары мен ер азаматтарға жалау бола білген ақжаулықты аналар мен аяулы нәзік жандыларға да өз ризашылығымды білдіремін,-деп жиынды қала халқына деген алғысымен бастады.
Одан кейін ауданда жасалған және әлі де жүргізіліп жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Соның ішінде аудан орталығындағы жол құрылысына тоқталған ол:
- Қазіргі таңда Құлсары қаласы «Атырау» ықшам ауданында ұзындығы 22,1 шақырым қалаішілік автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Сегіз шақырым автокөлік жолына ірі түйірлі тасжол жабындысы төселді. Құрылыс жұмыстарын 2025 жылы мердігер мекеме "Атырауинжстрой-АИС" ЖШС аяқтайды. Сонымен қатар Құлсары қаласында 31,8 шақырым автомобиль жолын қайта жаңғыртудың 3-кезеңінің жұмыстары аяқталуда. Қазір ауданда жолдың жиектерін салу жұмыстары жүргізілуде. Оны мердігер мекеме "Казкомсервис" ЖШС атқаруда. Бұдан бөлек Құлсары қаласының 8 көшесіне автокөлік жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Оның ішінде 7 көшеге жол жөндеу толықтай аяқталып, қалған 1-еуінің, яғни Қашаған Күржіманұлы көшесінің жөндеу жұмыстары басталып, жыл аяғына дейін бітетін болады. Бұл істе мердігер мекеме "АВС Лимитед" ЖШС тиісті жұмыстар атқаруда.
«Болашақ» ықшам ауданында жаңадан салынған тұрғын үйлер орналасқан жерлерге кварталішілік ұзындығы 4,4 шақырым автокөлік жолдарын салу да аяқталды. Жобаны мердігер мекеме "Казкомсервис" ЖШС сапалы жүргізді. Құлсары қаласының І ықшамауданындағы, Махамбет даңғылы мен Ұ.Абдрахманов көшесіндегі және И.Тайманов бойындағы автомобиль көпірлеріне күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, сараптамадан өтуде. Құрылыс жұмыстары 2025 жылға жоспарланып отыр. Абаттандыруға келетін болсақ, Құлсары қаласының 41 көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары басталған-ды. 2023 жылы 7 көшеге тротуар төселсе, 2024 жылы 34 көшеге төсемтас төсеу жұмыстары жоспарланған. Бүгінде 34 көшенің 33-не жаяу жүргіншілер жолы салынып аяқталды.
Қазіргі таңда мердігер мекеме «Өмірзақ» ЖШС-нің қолға алуымен бір көшенің, яғни Арқабаев көшесіне төсемтас төсеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары ішінде 2025 жылға жоспарланған ауқымды жобаның бірі - 62 407 метр жаяу жүргіншілер жолын және веложол салу еді. Қазір бұл бағытта жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобалаушы мекеме «Poligram» ЖШС жақсы іс тындырады деп ойлаймыз. Құлсары қаласының І, ІІ, ІІІ, V шағын аудандарында, сондай-ақ Абд-рахманов көшелерінде инфрақұрылым және 30 ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында үйлердің ауласына ойын алаңы, жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолы, тасжол салу қарастырылған. Аталған жұмыстарды мердігер мекеме «Өмірзақ" ЖШС-мен бірге 2025 жылдың І жарты жылдығында аяқтау көзделіп отыр. Құлсары қаласында 11 нысанға әмбебап балалар ойын алаңының құрылысы жүргізілуде, бұл жұмыстар осы айдың соңына дейін аяқталады. Осы жобаны да "Өмірзақ" мекемесі атқаруда. Бүлдіршіндеріміз үшін салынып жатқан балалар ойын алаңы бар көшелерді нақтыласақ, олардың қатарына «Береке», «Барлаушы», «Жадырасын», «Шұғыла», «Аэропорт», «Мешіт», 5, 7, 8-учаске, СМП-615, «Автожолшылар» секілді ықшам аудандар жатады,-деді аудан басшысы.
Қалпына келген қала келбеті Қазір қаламыздың орталығына көрік беріп тұрған көпқабатты тұрғын үйлерге біртұтас архитектуралық келбет беру мақсатында жасалынып жатқан жұмыстарды көз көріп, құлақ естуде. Осы тұста 18 тұрғын үйдің қасбеті мен шатырына күрделі жөндеу жұмыстарының әлі де жалғасын тауып жатқандығы рас. Бұл жобалар жөнінде аудан әкімі өз сөзінде:
- Бүгінгі күні 18 тұрғын үйдің 9-ында күрделі жұмыстар аяқталды, қалған үйлердің жөндеу жұмыстары келесі жылдың бірінші тоқсанында жасалады. Осы тұста қаламыз үшін маңызы зор жобаны бір емес, бірнеше мекеменің қосылып жасап жатқандығын айта кеткеніміз жөн шығар. Атап айтсақ, «Атырау Строй Стандарт», «KDS Construction», «АСКОС+», «L.A.D. Stroy», «Жана Гасыр-К», «Исаев Л.Т», «АстанаДорАркитекс» ЖШС-тері аталмыш жобада сапалы жұмыс үлгісін көрсетіп, қаланың келбеті жасарып қалғаны рас. Ал қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан үйлерді нақтыласақ, олардың қатарына 7 үй, №187, №188, Махамбет даңғылы 22, 1 ы/а №19, 24, 25, 3 ы/а №45, 33, 40-41, 42, 48, 1, 1 ы/а №30, 26, 23, 22, 20 үйлер кіреді. Бұдан бөлек қаламыздың көшелеріне 75 аялдама және екі жылы аялдама орнатылғанын да атап өткен дұрыс болар. Бұл жобаны мердігер мекеме "КазТекИнвест" ЖШС атқарған болатын. Қаламызды жарықтандыру мәселесіне келсек, Құлсары қаласында 51,4 шақырым электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда ескі тоқ желілеріне демонтаж жүргізілуде. Жоба мердігер мекеме "Электромонтаж" ЖШС-нің назарынан тыс қалмай үздіксіз жүзеге асып жатыр. Ал Құлсары қаласының электрмен жабдықтау объектілерін салу жұмыстарына түзету бойынша іс мемлекеттік сараптамаға жолданды. Сараптама алынғаннан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады. Оның шешімі қантар айында шығады деп отырмыз. Жұмысты атқарушы мердігер мекеме – "Айком ЛТД" ЖШС. Одан бөлек «Болашақ» ықшам ауданында ұзындығы 4 шақырым көше жарығының құрылысын жүргізу үшін мердігер мекеме анықталды. Яғни жобаны «ИнтерТехСтрой» ЖШС алғанымен, техникалық қадағалаушы анықталуда. Тек содан кейін мердігер мекеме бірден жұмысын бастайды,-деді нақтылап.
Сонымен қатар ауыз су, кәріз суы, газдандыру және құрылыс жұмыстары бойынша атқарылған жұмыстар туралы хабарламасын одан әрі жалғастырған аудан әкімі Жұмабек Қаражановты жиналғандар бірауыздан тыңдап, ағымдағы жылы өзекті мәселеге айналған су мәселесінің жағдайына қанық болды. Оған бөлек тоқталған аудан әкімі:
- «Болашақ» ықшам ауданында қуаты 600 текше метр көтергіш сорғы станциясын резервуармен қоса сатып алу және орнату үшін мердігер мекемемен келісімшартқа отыру құжаттары рәсімделуде. Және Құлсары қаласы аумағында орналасқан 17 дана кәріз су айдау станциясының (КНС) 12 данасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп аяқталды. Қазіргі таңда 1 ГКНС-ке жөндеу жүріп жатыр. Аталған жұмыстар ағымдағы айда аяқталады деп күтілуде. Келесі жылы мердігер мекеме "Еламан Ойл" ЖШС-імен бірігіп тасжол салу және генератор орнату жұмыстары жүргізіледі. Газдандыру жұмыстарында биыл халық, әрине, кезекте ұзақ тұрды. Алайда ағымдағы жылы жасалған жұмыстардың қатарында «Болашақ-1» ықшам ауданында ұзындығы 75 шақырым газ жүйесі құрылысы аяқталғанын атап өтейін. Бұл ағымдағы жылы толықтай іске қосылады. Жобаны аяқтаған мердігер мекеме "Электромонтаж" ЖШС еді. Ал құрылыс жұмысына тоқталсақ, 2024 жылы Құлсары қаласында №27 көпқабатты тұрғын үйді бұзып, орнына дене шынықтыру кешенінің құрылысы салынған болатын. Бұл жобаны мердігер мекеме "Градстройсервис" ЖШС межелі уақытында сапалы орындады десек те болады.
Құлсары қаласындағы «Мұнайшылар үйі» ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары үшін мемлекеттік сатып алу порталы арқылы «Алтын Жаңбыр – Золотой Дождь» ЖШС арасында 2022 жылдың 20 қыркүйегінде №77 келісімшарт жасақталған еді. Алайда, мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын аяқтамағаны үшін Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына арадағы мемлекеттік сатып алу келісімшартын бұзуға талап арыз беріліп, сот шешімімен талап қанағаттандырылып, келісімшарт бұзылды. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізіліп, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы қайта конкурс жарияланды. Конкурс шешімімен мердігер мекеме «ТенгизТрансКазахстан» ЖШС анықталып, жөндеу жұмыстары басталып кетті. Құрылысы 2025 жылы аяқталады деп отырмыз.
Апатты үйлерден жаңа баспанаға Биыл ауданымыз үшін сынақ болып келген су тасқынынан кейін қиыншылықтар болғаны рас. Десек те, қаламыздың жанашыр азаматтарының арқасында аудан орталығы ауызбіршіліктің нағыз үлгісін көрсете алды. Бірақ, су тасқынынан зардап шегіп, маңдай терімен салған баспанасынан айырылып, бала-шағасымен дала кезіп кеткен отбасылардың жанайқайы күллі республикаға жетіп, бүкіл қоғам назарында болды. Міне, осы тұста баяндамасын жалғастырған аудан әкімі зардап шеккен нысандарды қайта қалпына келтіру мәселесіне де тоқталды:
- Н.Арқабаев-К.Төлесінов көшелерін жалғайтын көпірді қалпына келтіру жұмыстары бойынша мердігер мекемемен келісімшарт жасақталып, қазір демонтаж жұмыстары жүргізілуде. Бұл істе "СК-KazAlem" ЖШС 5 айда өз жұмысын аяқтайды деп жоспарлап отырмыз. Ал аудандағы автомобиль жолдарын қайта қалпына келтіру жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айында басталған болатын. Қазіргі таңда 9,8 шақырым автокөлік жолдары мен жол жиектерін қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Жобаны мердігер мекеме "Казкомсервис" ЖШС жүргізді. Осы орайда жолдары бүлінген көшелердің қатарына Сәли Шәкірова, І.Сариев, А.Қауқаев, С.Датов пен С.Шәкірованы қосатын өткел, №181, №4, №204, №205, №207 №208, №209, орталық ауруханаға кірме жолы, Тұзтөбе, Нұрлы жол, Д.Әжіғалиев, У.Абдрахманов, П.Бекбосынов, Сауран, Н.Ондасынов, №200, К.Аманжолов, Е.Тауманов, №24 мектеп гимназиясына кірме жол, А.Секербаев көшелері кіретінін айта кеткеніміз жөн болар.
Су тасқынынан кейін 17 мың шаршы метр жаяу жүргіншілер жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмысты мердігер "Алатау Инжиниринг Групп" және "СтройHOUSE" ЖШС-тері желтоқсан айында аяқтайды деп отырмыз. Құлсары қаласына кіреберістегі «Басшы ата» зиратын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бұл жоба да ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде. Жұмысты атқарушы мердігер мекеме – ЖК "Жанаев Н". Жалпы Құлсары қаласы аумағында 11 зират орналасқан. Оның 6–ына қоршау жүргізілді. Қалған 5 зиратқа жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Сараптамаға келесі жылы жолданады.
Сонымен қатар, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға «Болашақ» ықшам ауданынан 100 тұрғын үй салынып, күні бүгінге 80 үйдің кілті табысталып, пайдалануға берілді. Қалған 20 үй бойынша тұрғындар тарапынан тиісті құжаттарына түзету жұмыстары жүргізілуде. Аудандағы негізгі мәселенің бірі - апатты үйлерді көшіру екенін жақсы білеміз. Су тасқыны салдарынан Құлсары қаласы Махамбет даңғылындағы 9 көпқабатты тұрғын үй және 92 пәтер апатты деп танылды. Қазіргі таңда тұрғын үйді Атырау қаласынан таңдаған 10 тұрғынға облыс орталығынан үй беруге қаулы шықты. Ал 62 пәтердің иелеріне «Болашақ» ықшам ауданынан үй табысталып, көшірілді. Сондай-ақ 11 кәсіпкерлік нысан, 10 тұрғын бойынша тиісті құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек Құлсары қаласында орналасқан 36 көпқабатты тұрғын үйге құрылыс жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалау-сметалық құжаттама жасақталды. Авторлық қадағалаушы – «ММ Project» ЖШС,-деді Жұмабек Қаражанов.
Табиғи апатқа байланысты ауданда төтенше жағдай режимін жою барысында 13 сәуірден бастап қазіргі таңға дейін «Жылыой Тазалық» мекемесі қала аумағындағы үйлерден, әлеуметтік нысандар мен көшелерден су тасқынынан кейін 140 000 метр/куб қоқысты арнайын полигонға шығарған еді. Жұмыстар күнделікті режимде 5 бригада бөлінісімен сағат 08:00 мен 20:00 уақыт аралығында жүрген болатын. Осы мәселеге де ден қойған аудан әкімі:
- Бұл жұмыстарға 17 арнайы техника, 5 жүк тиегіш жұмылдырылды. Күні бүгінге дейін 32 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Құрылыс қалдықтарын қала ішіндегі су тасқынынан зардап шеккен орындарға төгу мүмкіншілігі қарастырылып, сонымен қатар зардап шеккен үйлерден шыққан қоқысты тазарту жұмыстары "Теңізшевройл" компаниясының 14 арнайы техникасымен ағымдағы жылдың 29 қазанынан 14 қараша аралығында атқарылды. 208 тұрғынның қоқыс қалдықтары, яғни 530 рейс, 9300 м3 қоқыс шығарылды. Қазіргі таңда «Жылыой тазалық» ЖШС мен «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы бірлесе 6 ауыл-аймағын тазартуда.
Сондай-ақ, төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында тамыз айынан бері Жем өзені және Құрсай өзегінде түп тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме - «СапИнВест» ЖШС. Жоба бойынша жалпы ұзындығы 95 шақырымды құрайды. Оның ішінде Құрсай каналы – 46,1 км, Жем өзені – 48,9 км және Бөгет 61 км,-деп қысқаша тоқталып өтті. Жиында үйі суға кетіп, бағалаушы тараптан әлі қорытындысын ала алмай жүрген ауыл азаматтары мен үйлерінің қаражатына көңілі толмай қайта бағалауға өткізген тұрғындардың қарасы көп болды. Олардың нақты жауабын аудан әкімі жиыннан кейін жеке қабылдап беретінін айтып, алдымен қалаға ортақ мәселелерге құлақ түрді. Оның ішінде көшелер мен «Достық» ықшам ауданындағы көпірді жарықтандыру мәселесі көтеріліп, тұрғын үй кезегінде тұрған жандар мен «Болашақ» ықшам ауданынан газ жүйесіне көңілі толмай, әлі қысқы киіммен ұйықтап жүрген қарапайым халық та аудан әкіміне мұңын шағып жатты.
Сондай-ақ жиында «Төтенше жағдай уақыты қашан аяқталады, не үшін тоқтамай тұр?», «Қосшағыл ауылдық округіне шығаберістегі бұрынғы Өкпе аурулары ауруханасы қазір қандай қызмет атқарады?», «№17 үй бұзыла ма?», «Балалар ойнайтын алаңдар тағы салына ма?» деген сынды көптеген сұрақтар қарша жауып, аудан әкімімен кездесу жеке қабылдау арқылы кешкі сағат 23:00-ге дейін жалғасты. Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов тұрғындардың барлығының сауалын сабырмен тыңдап, мәселесіне мән беріп, әрқайсысына жеке-жеке жауап беріп, Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілгендей, жергілікті жұртшылықпен сындарлы диалог өткізді.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ