Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз», - деген болатын.
Өткен ХХ ғасыр қазақ халқының тарихында ұлы оқиғалармен есте қалады. Сол оқиғалардың ішінде халқымыздың басынан өткен 1930-1938-ші зұлмат жылдар зардабы өте ауыр кезең болды. Өткенге ой жіберіп, осы күнге жете алмай, армандап өткен асыл жандарымызды еске алу, ұмытпау – әрбір ұрпақтың парызы.
Гүл шоғын қою рәсіміне
қуғын сүргіннің құрбаны Абдолла қария, Ардагерлер кеңесі, аудандық мәслихат, қуғын сүргін құрбандарының ұрпақтары, Жылыой мұсылмандары мешітінің Бас имамы, дербес бөлім басшылары қатысты.
Жылыой ауданының әкімі Х.Жамалов өз кезегінде:
Құрметті аудан тұрғындары!
Халқымыздың сан ғасырлық тағдырында талай сәулелі сәттер де, қасіретті кезеңдер де аз болмағанын тарихтан жақсы білесіздер.
Солардың бірі өткен ғасырың 30-шы жылдарындағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық - миллиондаған жазықсыз жандардың қаны мен көз жасына суарылған тарихтың шерлі беттерінің бірі болды.
Бүгінгі күн қаншалықты қайғылы болғанменен, оның маңызы үлкен, тәрбиелік мәні зор. Қазақ айтқан, «Өткенге топырақ шашсаң, келешек саған тас лақтырады» деп. Өткенді ұмытуға болмайды. Алаштың алыптары қазақтың әр сүйем жерінің қасиетін кетірмей, бүгінгі ұрпағына қалдырды. Сол ұрпақ бабалардан қалған аманатты, оның қасиетін білу керек.
1997 жылдан бастап «31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» болып жарияланып, осындай өткеннің ауыр сабақтарын сараптайтын, халықтың басына түскен қиын да, қилы кезеңдерді ұмытпауға дәріптейтін атаулы күндердің біріне айналды.
Бұл күн адамзат тарихындағы осындай зұлматты оқиғаны болашақта болдырмауды міндеттейді.
Қаншама зобалаң жылдарды бастан кешкен қазағымның әрқайсысының айтқан зары, кешкен мұңы, жүріп өткен тар жолдары – бәрі-бәрі бүгінгі ұрпақтың құлағында, жүрегінде, мәңгі есінде.
Жазықсыз жапа шеккен, ұлт зиялыларының есімдері біздің жадымыздан ешқашан өшпек емес.
Өткенді білмей болашақты болжау қиын. Сондықтан да, тарихтан тағылым алып, өткенге тағзым ету парызымыз.
Құрметті жылыойлықтар!
Мұндай зобалаң қазақ жеріне енді қайтып келмесін.
Ең бастысы еліміз аман, халқымыз тыныш болғай!-деді.
Репрессия құрбаны болған ата-бабаларымызды еске алу үшін 1 минуттық үнсіздік жарияланды.