Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Парламент пен мәслихаттарды партиялық тізім және бір мандатты округ бойынша жасақтаудың тың тәсілдері іске қосылғанын» айта келіп, бұл ретте еліміздің заң шығарушы органындағы көппартиялы жүйенің артықшылығына тоқталған-ды.
«Біз көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамын жасақтаймыз. Бұл қадам мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттырары сөзсіз. Болашақта Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің даусын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін. Мұндай тәсіл атқарушы билікке бүкіл қоғамның талап-тілегін ескеретін тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді» деген еді.
Айтқандай, өткен жылы кезектен тыс Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау науқаны кезінде барлық партияларға бірдей мүмкіндік берілді. Өз кезегінде бұл фактор сайлаушылар мен үміткерлердің белсенділігіне жол ашты. Сарапшылар саяси партиялардың дауыс берушілердің назарын аудару үшін қызу өзара пікірталасқа түсуі демократиялық қоғамға тән құбылыс екенін алға тартты. VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та партиялар сайлауға бірдей жағдайда қатысқанын тілге тиек етті. «Қандай да бір саяси ұйымға артықшылық берілген жоқ. Президент ешбір партияның мүшесі емес. Облыс әкімдері партия бөлімшелеріне жетекшілік етпейді. Жоғары лауазымды қызметкерлер партия тізімінде болған жоқ. Мұның бәрі Қазақстанда ашық азаматтық қоғамның нығайып келе жатқанын көрсетті» деді.
Президент Мәжілістің VIII шақырылымындағы депутаттық корпустың құрамын ұзақ жылдар оппозицияда болған партияның белсенділері толықтырғанына назар аударды. Бұл орайда Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындаған міндеттерге сай «Сайлау туралы» заңға өзгерістердің енгізілуі - саяси жүйеге соны серпін бергені анық. Соны саяси серпіліс аудандық мәслихат құрамына да оңды әсер етті. 2023 жылдың 19 наурызында өткен сайлау науқанынан кейінгі депутаттар құрамы елімізде жаңадан енгізілген мажоритарлық жүйе аясында мандатқа ие болды. Қазіргі аудандық мәслихат құрамында «AMANAT» партиясынан 9, «Aqjol» партиясынан 2 депутат болса, қалған 3 депутат – өзін-өзі ұсынғандар.
- Мәслихат өз қызметін «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына, мәслихаттың регламентіне сәйкес жүзеге асырады. VIII шақырылған Жылыой аудандық мәслихатының депутаттары туралы толық мәлімет барлық әлеуметтік желілерге жарияланды. Онда халық қалаулыларының аты-жөнімен бірге, сайлау округі, байланыс телефоны және партияға қатыстылығы да міндетті түрде көрсетілді. Мәслихат жұмысының негізгі нысаны - мәслихаттың сессиясы. Мәслихаттың жұмыс жоспарына сәйкес жүйелі түрде аудан әкімінің есебі, аудандық бюджеттің орындалысы туралы, аудандағы әлеуметтік сала объектілерінің күзгі-қысқы кезеңге дайындығы туралы, 3 жылдық бюджетті бекіту, оларға мерзімді өзгерістер мен толықтырулар енгізу сынды мәселелер қаралды. Жылыой аудандық мәслихатының салаларға негізделген екі тұрақты комиссиясы жұмыс жасайды. Онда барлық партия мүшелерінен құралған депутаттар түгел бар. Яғни, әлеуметтік сала, құқық, коммуналдық шаруашылық, құрылыс, өндіріс, ауыл шаруашылығы және экология мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы С.Мәмбетова болса, екінші бюджет, қаржы, экономика және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Н.Қапанов.
Екі тұрақты комиссия да қарқынды жұмыс жасауда,-дейді Қ.Қалдығұлұлы. Мәслихат депутаттарының барлығы дерлік түрлі саяси партия мүшелері. Көппартиялық жүйеге көшкелі халық қалаулыларының белсенділігі артқанын төмендегі деректерден көруге болады. Қазір олар өз сайлаушыларымен тоқсан сайын кездесіп, өтініш-пікірлері, ұсынысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға, мекемелерге, облыстық басқармаларға, министрліктерге депутаттық сауалдар жолдап, мәселенің оң шешілуіне өз құзыреттері аясында ықпал етуде. Өткен жылы аудандық мәслихат депутаттары әртүрлі тақырыпта бірнеше депутаттық сауал жолдады.
Атап айтсақ, мұнай өндіруден түсетін қаражатты ауданда қалдыру, жобалық-сметалық құжаттамаларға, мемлекеттік сатып алуға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарды ҚР Ұлттық экономика министрлігіне, ҚР Парламентіне, ҚР Премьер-министріне мәслихат атынан жіберді. Оған қоса, газ бағасы, экология мәселесі, «Игілік» бағдарламасы бойынша бөлінетін қаражаттың көлемін ұлғайту, жұмыссыздық мәселесі туралы депутаттық сауалдар ТШО компаниясына, Сенат, Парламент депутаттарына, ҚР Премьер-министріне жолданды. Құзыретіне қарай жергілікті атқарушы органдарға әртүрлі мәселелер бойынша сауалдар тастап, шешімін тапқаны да бар. Соның нәтижесінде аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа ғимаратын салу туралы шешім қабылданды. Күнделікті өмірдің басқа маңызды жақтары да назардан тыс қалмайды. Шақырылым басынан бастап депутаттардың назарында келе жатқан басты мәселе - аудандағы жұмыссыздық жайы. Ол арнайы жиналыстарда, тұрақты комиссиялардың жиындары, мәслихаттың сессиясында да қаралып келеді. Депутаттар Теңіз кен орнына барып, мекеме өкілдерімен де кездесулер өткізді.
Қ.Мыңбаевтың айтуынша жұмыссыздық мәселесін көтерген депутаттық сауалдар мәслихат атынан да, саяси партия мүшесі ретінде жекелеген депутаттар тарапынан да жоғарғы билікке, Сенат, Парламент депутаттарының назарына жеткізілді. Әзірге бұл мәселенің өзектілігі күн тәртібінен түсер емес. Осы бағытта келіссөздер жүргізіліп, жұмыссыздықты азайту тетіктері қарастырылған. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, нығайту, мейлінше сол салаға мемлекеттік қолдауды күшейту арқылы шешу жолдары да көзделгенін айтады. Аудандық мәслихат депутаттарының жұмысы тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын көтеруге бағытталған ірі және шағын істерден де тұрады. Мемлекеттік бағдарламалардың аудан бойынша орындалуын әрдайым назарда ұстау, әлеуметтік жағдайдың қарқынды дамуы үшін жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржының тиімді жұмсалып, уақытында игерілуін бақылау, жалпы өңірдегі өзекті мәселелердің шешілуіне атсалысу да - мәслихат депутаттарының негізгі миссиясы. Халық қалаулылары сонымен қатар демеушілік және қайырымдылық жұмыстар атқарып келеді. Аз қамтылған тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға материалдық көмек көрсетіп, аудандағы шараларға демеушілік жасап, әртүрлі қайырымдылық акциялардан қалыс қалмайды. Халықпен байланысты нығайту, депутаттардың қызметін жариялы ету мақсатында мәслихаттың отырыстары тікелей эфир арқылы көрсетіледі. Мәслихаттың фейсбук және инстаграм желілерінде ресми парақшалары, депутаттардың жеке парақшалары бар.
П.ҚИЗАТОВА