Сарыптан сақтаныңыз!

Ауданымызда соңғы жылдары Қосшағыл, Тұрғызба, Шоқпартоғай ауылдарында, Қаратон кенті мен Құлсары қаласында тұрғындардың жедел бруцеллезбен ауыруы тіркелуде. Бруцеллезді қазақтар сарып деп атаған. Бұл жұқпалы ауру халық шаруашылығына әлеуметтік – экономикалық тұрғыдан едәуір залалын тигізеді.

Адамдар сарыпты ауылшаруашылық малдарынан жұқтырады. Әсіресе, адам үшін ең қауіптісі - ұсақ және ірі қара малдар. Сиырларды қой, ешкілермен бірге қорада, сондай-ақ, жайылымда бірге ұстағанда ауру жұқтыруы мүмкін.
Бруцеллезбен ауыратын жануарлар, әсіресе, іш тастаған және төлдеген кезде қауіпті. Адам ауру жануарларды баққанда, мал төлдеген кезде көмек көрсеткенде, ауру жануарлардан алынған шикізаттарды өңдегенде, тамаққа шикі сүт және одан дайындалған өнімдері пайдаланғанда жұқтыруы мүмкін. Бруцеллалар ағзаға өткеннен кейін адам бірден бруцеллезбен ауырмайды. Жасырын кезеңнен ұзақтығы шамамен 1-3 аптаға, ал кейбір жағдайларда бірнеше айға дейін созылуы мүмкін.

Ауру әдетте біртіндеп басталып, адамның көңіл - күйі нашарлайды, асқа деген тәбеті жоғалады, қалжырайды, бұлшық еттері ауырады, күйзеліске ұшырайды, бойында азапты ұйқысыздық, қатты тершеңдік пайда болады. Бір тәулік ішінде дене температурасы тұрақсызданып тұрады. Сарыппен тек ересектер ғана емес, балалар да жиі ауырады.

Ауырған адамдардың сарыпты мал сою кезінде сақтық шараларын сақтамағандықтан жұқтырғандығын тәжірибе көрсетті. Ұжымдық және жеке шаруашылықтарда сарып індетін болдырмау үшін сақтық шараларына үлкен мән беру қажет. Малды сойғанда, мал төлдету кезінде арнайы киім, етік, қолғаптар кию керек. Бұл киімдермен тұрғын үйге кіруге болмайды, себебі оларда сарып микробтары өте көп болуы мүмкін. Арнайы киімдер жиі залалсыздандырылып, күнделікті жуылуы қажет. Қолды сабынмен жуудың да пайдасы зор.

Мал іш тастаған уақытта міндетті түрде мал дәрігеріне хабарлап, зертханалық тексеруден өткізу керек. Төлдің шуын, астындағы төсенішін тек қана күрекпен, айырмен ұстап, жәшікке салып, 20 % хлорлы әк ерітіндісімен ( 1 шелек суға 2 кг әк) залалсыздандырып, ит қазып ала алмайтын тереңдікке көміп тастау қажет.
Бруцеллез - емделетін ауру. Дер кезіндегі диагностика мен емдеу жедел бруцеллездің созылмалы сатыға өтуіне жол бермейді.
Қазіргі күні ауданда малдың көп бөлігі жеке иелікте. Халықтың бруцеллез жұқтырмауының алдын алудың негізгі құралы - бруцеллез табылған елді-мекендердегі жануарларға малдәрігерлік қадағалауды күшейту. Әрбір өлі туылған мал төлдері туралы жергілікті әкімдіктің ветеринарлық маманына міндетті түрде хабарлау керек.

Мал қожайындары малдарын жыл сайын тексертіп, ектіруі, мал сою ережелерін сақтауы қажет. Осының барлығы адамдардың да, жануарлардың да саулығының кепілі болмақ.

З. ТАСБОЛАТОВА,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының
жетекші маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT