Сапалы кадр саланы өрге сүйрейді

Ауданның медицина саласында жағымды жаңалық жетерлік. Әсіресе былтыр сапалы дәрігерлік қызметпен қамтамасыз ету мақсатында біраз жұмыс жасалды. Жаңа бөлімше құру, ауыл-аймақтағы амбулатория құрылысы, маман тапшылығын шешу қолға алынды. Атырау қаласынан басқа стенттеу, коронарография сияқты кардиология саласындағы күрделі операциялар мен диагностика қаламызда да қолжетімді болып отыр. Бұл бөлімшелер медициналық көмек көрсету мерзімін айтарлықтай қысқартады, жүрек-қан тамырлары ауруларына диагностика жасап, ем-домының сапалы әрі уақытылы көрсетілуін қамтамасыз етуде. Кардиоорталықта бір профессор, бір интервенциялық кардиолог, кардиологиялық реаниматолог және төрт орта буын қызметкері жұмыс істейді екен.

Жаңа орталық заманауи құрылғылармен жабдықталған, оның ішінде SIEMENS құрылғысы, дефибриллятор, кардиологиялық монитор және жасанды тыныс алу аппараты бар. Оның ашылуы ауданымыздағы медициналық қызмет көрсетудің деңгейін айтарлықтай жақсартып отыр. Денсаулық саласындағы айтулы жаңалыққа куә болған тұрғындардың жүздері жадыраңқы. Білікті мамандар мыңдаған адамның дертінен айығуына көмектесеріне сенімдімін. Сала ардагері ретінде көңілімізді қуантатын жайттар көп-ақ. Алайда «әттеген-ай» дейтін тұстар да аз болмай тұр. Негізінен дәрігерлер – қоғамдағы адамдардың денсаулығын күзетіп, мемлекеттің алға жылжуына үлес қосушы бірден-бір мамандық иелері.

Дәрігерлік сала тек іспен емес, сөзбен де терең тамырласып жатады. Өйткені «дәрігер науқасты жартылай іспен емдесе, жартылай сөзбен емдейтіні» – талассыз ақиқат. Қазір дәрігердің қабылдауына барсақ, компьютерден көзін алмай, «Қандай себеппен келдіңіз?», «Қай мекен-жайда тұрасыз?» деген жаттанды сөздерінен ешқандай жылылықтың лебі сезілмейді. Осындай ақ халатты жандардың салыңқы қабағы мен тұнжыр, немқұрайлы көзқарасынан кейбір науқастардың дертіне дерт қосып, көңілі жараланып жататынын да естиміз. Біз қызмет еткен тұста білікті дәрігерлер бұл қағидатты жадында ұстап, науқастармен тиісті дәрежеде сөйлесіп, қарым-қатынас құра білетін. Аурудың қаншалықты жеңіл түрде өтетіні, науқастың қасында қолдайтын адамдарының бар-жоғы, әлеуметтік жағдайы – осының бәрі психикалық түрде науқасқа әсер етеді. Мұндай жандармен қарым-қатынас жасағанда сол адамның ең алдымен дәрігерге сенім артуы ескерілуі керек. Дәрігердің әрбір сөзі ем болуға тиіс. Яғни сол дәрігердің сенімділігін науқас сезініп, ауруды жеңуіне көмек берген кезде ғана емделуші кез келген үрейді жеңе алады.

Сапалы кадр саланы өрге сүйрейді. Сондықтан еңбек нарығында біліктілігі жоғары, тәжірибесі зор, қабілеті айрықша мамандарға деген сұраныс қашан да жоғары болған, бола бермек те. Біз талай жылғы тәжірибемізді жас мамандарды тәрбиелеуге жұмсағымыз келеді. Олай болса сала ардагерлері мен жас мамандар арасында жиірек кездесу ұйымдастырылса, аудандық емхана ішінен сала зейнеткерлеріне жайлы бөлме ашылса деген тілегіміз бар.

Мария ІЗМАҒАМБЕТОВА,

аудандық орталық аурухана ардагерлері ұйымының төрайымы,

денсаулық сақтау саласының ардагері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT