Құлсары қаласында бұрын жайқалған саябақтар бар болатын. Сондай жақсы демалыс орнының бірі Қамыскөл саябағы еді. Құлсары қаласының 8-учаскесіндегі Қамыскөл көлінің жағалауында орналасқан соң мұнда келушілер де көп болды.
Әсіресе, отау құрып, үйленген жас жұбайлардың неке қиғаннан кейін қыдырып, естелікке фотосуретке түсетін көрікті жерлерінің бірі еді.
Жай күндері де таза ауада тыныстап, демалуға келетін жұрттың қарасы жетіп артылатын. Сөйткен саябағымыздың жағдайы қазір сын көтермейді, көз алдымызда құрып барады деуге болады.
Бұрынғы талдар себепсіз кесіліп, өзге ағаштар уақытылы суарылмаған соң, қурап барады. Онсыз да қараусыз қалған саябақ іші қиратылып, түрлі қоқыс қалдықтарына толған.
Рас, өткен жылдың мамыр айында жергілікті әкімдік, «Атырау-Жарық» ЖШС-нің қызметкерлері мен ауыл тұрғындары бірлесіп, саябақ ішін тазалап, қалпына келтіріп еді. Өкінішке орай, қазір сол атқарылған жұмыстың ізі де қалмады.
Саябақтың қазіргі иесі бақты күтіп ұстап, ауданымыздың экологиялық ахуалын жақсартуға үлес қосса, халық демалатын жерге айналдырса дейміз.
Егер халық үніне құлақ асатын Үкімет бар болса, онда жергілікті әкімдік те осы ұсынысымызға назар аударса дейміз. Болмаса бұрынғыша «Атырау-Жарық» ЖШС-на қайтарып бергені жөн.
8-учаске тұрғындары атынан Амандық ҚАБДЫҒАЛИЕВ