Сандық технологиядағы сансыз қауіп

Цифрлық технологиялардың дамуы бүгінгі қоғамның барлық саласына – экономикадан бастап білім мен ғылым, руханият, еліміздің қауіпсіздігіне де жаңа серпін беріп отыр. Еліміздің «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан бастамалар елдің даму стратегиясының ажырамас бөлігіне айналды. Осы бағытта «Қазақстан киберқалқаны» сияқты ірі жобалар да қолға алынып, цифрлық қауіпсіздікті нығайту мен технологияларды кеңінен насихаттауға ерекше назар аударылуда.

Цифрлық сауаттылық – дәуір талабы

Жергілікті деңгейде де цифрландыруды дамыту бойынша нақты қадамдар жасалуда. Соның ішінде ауданымыз ілгері технологиялық бастамаларды қолдап отырған белсенді өңірлердің бірі.

Айталық, ауданда цифрландыру тек мемлекеттік қызметтермен шектелмей, білім беру мен ақпараттық қауіпсіздікке бағытталған нақты қадамдармен жалғасуда. Цифрлық технологияларды оқушыларға кеңінен таныстыру мақсатында бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асып келеді. Атап айтсақ, қаладағы №6 жалпы білім беретін және №18 Сатыбалдиев атындағы орта мектепте ІТ технологияларды заманауи өмірде қолдануға арналған шеберлік сабақтары өтті.

Іс-шара «Теңізшевройл» компаниясының ІТ және цифрландыру мәселелері бойынша колледждер мен жалпы білім беретін мектептерді қолдау бағдарламасы негізінде жүзеге асты. Жоба ұйымдастырушысы Фариза Нұржауова:

-Шеберлік сабақтарда IT мамандары өндірісте қолданылатын құрылғылардың, компьютерлердің, радиоқабылдағыштардың, планшеттердің, Quest және Hololens виртуалды шындық шлемдерінің жұмысын, мектеп оқушыларына цифрлық технологияларды қолданудың нақты үлгілерін көрсетті,- дейді. Оның айтуынша алдағы уақытта да цифрландыру және ІТ бойынша шеберлік сабақтарын аудандағы барлық мектепте өткізу жоспарланып отыр. Мұндай бастама жас ұрпақты цифрлық әлемге дайындаудың, оларды жаңа заманның кәсіби бағытына бейімдеудің нақты мысалы болды. Бүгінде цифрлық сауаттылық – адам өмірінің ажырамас бөлігі. «Электронды үкімет» порталдары арқылы мемлекеттік қызметтерді ашық, қолжетімді түрде алуға қол жетіп отыр. Көп алысқа бармай-ақ, бәрімізге таныс e-gov платформасын алайық. Азаматтардың цифрлық қызметтерге деген бейімділігі артып, қағазбастылық пен ұзын-сонар кезек мәселесі біртіндеп шешімін табуда. Сонымен қатар онлайн банк қызметтері, ғаламтор арқылы сауда-саттық – осының бәрі көптеген тұрғындардың күнделікті дағдысына айналды.

Бұл – уақытты үнемдеу ғана емес, мемлекетке деген сенімнің нығаюы, жемқорлық тәуекелдерінің азаюы, цифрлы қоғам қалыптастырудағы айқын көрініс.

Өкінішке қарай, цифрландыруды дамыту өзімен бірге жаңа қауіп-қатерді де ала келуде. Әсіресе, киберқауіпсіздік мәселесі жаһандық маңызға ие бола бастады. Мұндай сын-қатерлерге лайықты жауап ретінде «Қазақстан киберқалқаны» жүйесі қолға алынды. Оның мақсаты – елдегі мемлекеттік, әлеуметтік және бизнес құрылымдарды түрлі кибершабуылдардан, ақпараттық арандатулардан, деректердің ұрлануынан қорғау. Бұл тек технологиялық жоба ғана емес, бұл – қоғамдық сана мен мәдениетке де әсер ететін кешенді бағдарлама.

Осы жоба аясында еліміздің барлық аймақтарында, соның ішінде біздің ауданда да ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, киберқауіпсіздік тақырыбында оқыту семинарлары ұйымдастырылып келеді. Жасөспірімдер мен жастар арасында ғаламтор мәдениеті мен этикасы тақырыптары насихатталуда, мемлекеттік мекемелердегі ІТ инфрақұрылымның қауіпсіздігі күшейтілуде.

«Қазақстан киберқалқаны» жүйесі: хакерлерден қорғай ала ма?

Қазіргі таңда технологиялар, жасанды интеллект пен мобильді құрылғылардың қарқынды дамуы киберқауіптердің артуына да себепші болуда. Бұл өз кезегінде хакерлік шабуылдар, зиянды вирустар, фишинг әрекеттері, жеке деректерді ұрлау сынды киберқылмыстың көбеюіне әкеліп соқтырып жүр. Бұл өз кезегінде озық технологияны пайдаланушы қарапайым тұрғындардан бастап, алпауыт ірі компанияларға, олигархтарға да қауіп төндіріп отыр. Көптеген мемлекеттер киберқылмыстардың алдын алу үшін әртүрлі тәсілдерді қолдануда. Қазақстан да бұл көштен қалмай ғаламтор кеңістігінде тиімді және қауіпсіз болу үшін киберқауіпсіздік саласын дамытуға күш салды. 2017 жылы мемлекет киберқылмыспен күрес мәселесінің өзектілігіне назар аударып, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «Қазақстанның киберқалқаны» жүйесін құру бойынша шаралар қабылдау тапсырды. «Қазақстанның киберқалқаны» тұжырымдамасы бекітілді. Оның мақсаты - электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелердің және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның сыртқы және ішкі қауіптерден қауіпсіздік деңгейіне қол жеткізу және қолдау, Қазақстан Республикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету еді.

Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі, әсіресе, коронавирустық пандемия кезінде өзекті болды. Пандемия киберқылмыстың түрлері мен ауқымын кеңейтті. Тәж тажалын жұқтыру қаупінен қорқып, адамдар өмірлік процестерінің көпшілігін іс жүзінен онлайнға ауыстырды. Атап айтқанда, азық-түлік сатып алудан бастап жұмыстағы әріптестік қарым- қатынасқа дейін деректердің ағып кету қаупі жоғары болса да қашықтықтан басқару платформасына ауыстырды. Мұндай жағдайда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өсіп келе жатқан киберқауіптерге қарсы тұру, азаматтардың жеке деректерін, ақпараттық инфрақұрылымды, стратегиялық маңызды объектілерді қорғау және тұтастай алғанда ұлттық ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін арттыру қажет болды. Осы міндеттердің барлығын шешу үшін де осы тұжырымдама бекітілген еді.

-Тұжырымдама мемлекеттік органдарды ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру саласындағы ағымдағы жағдайды бағалауға, «цифрлық» экономиканы дамыту перспективаларына және өнеркәсіптегі өндірістік процестерді технологиялық жаңғыртуға, ақпараттық қамтамасыз ету аясын кеңейтуге негізделген. Құжат электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелер мен телекоммуникация желілерін қорғау, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың негізгі бағыттарын айқындады, - дейді «Қазақтелеком» АҚ-ның аудандық техникалық цехының басшысы Б.Бегендіков.

Сол жылдың қазан айында Киберқауіпсіздік тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Міне, соның аясында ақпараттық қауіпсіздік стандарттары жетілдіріліп, заңнамалық тұрғыдан ықпалы артты. Осы салалық заңда компьютерлік инциденттер нәтижесінде ұйымға келтірілген мүліктік залалды, сондай-ақ деректердің сыртқа шығуы нәтижесінде жеке азаматқа келтірілген моральдық залалды өтеуге мүмкіндік беретін «киберсақтандыру» түсінігі енгізілді. Бұл ретте елімізде алғаш рет жеке деректерді қорғау саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті анықталды. Енді жеке дерегі ашылып қалған тұрғындар осы комитетке жүгіне алатын болды.

Комитет содан бері осы салада ауқымды жұмыстарды атқарып келеді. Әсіресе 2022 жылы қазақстандық ақпараттық желілерге хакерлердің шабуылдары көп болды. Бірақ «Киберқалқан» тұжырымдамасының арқасында мемлекеттік органдар мен басқа да интернет қолданушыларының жұмысын тұрақтандыруға мүмкіндік туды. Тұжырымдама өз жұмысының қорытындысын шығарып, қазірдің өзінде жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан киберқауіпсіздігі әлемдік деңгейде жетілдірілді.

А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT