Ақыры құрылысты сапасыз жүргізген мекеменің сайда саны, құмда ізі де қалмады.
Аудандық «Кең Жылой» газетінің 2009 жылғы 19 ақпандағы №8(7327) санында «Сапасыз салынған үй» атты сын мақала жарық көрген еді. Онда ерлі зайыпты Бағытжан мен Раушангүл Тілепбергеновтердің арызы негізінде Жаңа Қаратон поселкесіне барып, осы жолдар авторы апаттық жағдайдағы үйде тұрып жатқан бір отбасының мұң-мұқтажын жазған еді. Міне, содан бері арада 11 жылдан астам уақыт өтсе де мәселенің әлі ашық күйінде қалғанын көрген біз аталған тақырыпқа кері оралып, қайтадан қалам тербеуге мәжбүр болдық. «Көтере алмасаң, қосып арқала» дегендей, сөйтсек осы жылдар ішінде жаңақаратондық «сапасыз салынған үйдің» үстіне тағы да бір проблема қосылыпты. Бұрын апаттық деп танылып, тұруға жарамсыз боп келген үй енді саннан да сызылып тасталған болып шықты. Бүгінгі газет оқырмандарына түсінікті болуы үшін мәселенің мән-жайын басынан бастап баяндайық.
Ел Үкіметінің қаулысымен ескі Қаратон тұрғындары Жаңа Қаратонға көшірілгені белгілі. Сол уақытта, яғни 2000 жылдың шілдесінде Тілепбергеновтер отбасы да көппен бірге жаңа орынға қоныс аударады. Оларға пайдалы алаңы 65.82 шаршы метрлік екі бөлмелі 192 «а» үй «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй-жайды жалдау шартымен» пайдалануға берілген-ді. Ерлі-зайыптылардың қолында аудан әкімдігінің мөрі басылып, қолы қойылған жалдау шарты әлі күнге дейін сақтаулы. Онда екі үйліктің бір жағында орналасқан оларға берілген пәтерінің нөмері 192 «А» деп тайға таңба басқандай жазылған. Бірақ арада жыл өтпей жатып жаңа баспанаға ие болған бақытты жанұяның қуанышы ұзаққа созылмады. Құрылыс жұмыстары үйдің жобалық талаптарына сәйкес жүргізілмей, уақыт өте келе үйдің қабырғалары қақ ортасынан жарылып, арасында адамның саусақтары емін-еркін сыйып кететіндей саңылаулар пайда болады. Ал сол жылы Жаңа Қаратондағы екінші кезекте пайдалануға берілген 62 тұрғын үйдің тапсырысшысы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ да, ал құрылысты жүргізген мердігер мекеме, кейін «Ембісәулетқұрылыс» деп атын өзгерткен, бұрынғы «Ембімұнайқұрылыс» ЖШС болатын-ды. Осы сақалды құрылыстың ішінде ерлі-зайыпты Бағытжан мен Раушангүл Тілепбергеновтердің де үйі бар-ды.
«Жыртық үйдің» жырын жырлаған олар, міне, 20 жылдан астам уақыт бойына бірнеше ондаған құзырлы органдарға шағымданып, ешқандай нәтиже шығара алмай келеді. Тіпті, прокуратура, сотқа да жүгінді. 2007 жылғы наурыздың 5-індегі аудандық сот өз шешімімен «Ембісәулетқұрылыс» ЖШС-н Б. Тілепбергеновтің Жаңа Қаратон поселкесінде орналасқан №192 «А» үйінің құрылыс кемшіліктерін жою мақсатында жоба жасақтап, күрделі жөндеу жүргізуге міндеттеген-ді. Бірақ сот шешімі де орындалмады. Амалы таусылған Тілепбергеновтер облыстық соттар әкімшісіне дейін шағымданды. Өйткені шешімде көрсетілгендей, «өз міндеттемелерін тиісті түрде орындамаған, құрылысты жобалық құжаттардан ауытқып, сапасыз жүргізген» мердігер мекеме заңға сәйкес 10 жылдың ішінде объектіні пайдалану мүмкіндігіне кепілдік беруі тиіс еді. Осы уақыт ішінде ол жіберген жолсыздық пен оның зардабын жойып, үйді қалпына келтіруі керек-ті. Өкінішке орай, заң органдары міндеттегенмен, мердігер оны шыбын шаққан құрлы көрмеді. Ақыры құрылысты сапасыз жүргізген мекеменің сайда саны, құмда ізі де қалмады. 2009 жылы «Ембісәулетқұрылыс» ЖШС дәрменсіз борышкер ретінде банкроттың «батпағына» батып, «ҚазМұнайГазБарлауӨндіру» АҚ-ның бұйрығымен таратылып тынады. Бұл туралы сол уақтағы облыстық соттар әкімшісі Г.Жұмағалиеваның Б.Тілепбергеновке жолдаған жауапхатынан білдік. Осылайша апаттық ахуалдағы пәтерді қалпына келтурді ешбір мекеме, ешқандай да құзырлы орган өз мойнына алғысы келмей, бір отбасының кәріздің лас суымен алысып он жыл өмірі өтсе, екінші жағынан қабырғасы қақыраған «жыртық үйдің» астында өмірі мен денсаулығын күн сайын қауіп-қатерге тігіп, бақандай 20 жылдан астам уақыт ғұмыр кешіп келеді. Атамыз қазақ «Жыртық үйдің де Құдайы бар» деуші еді. Өкінішке орай, Тілепбергеновтердің мұң-зарына құлақ асар жер бетінде тірі жан табылмады. Ерлі-зайыптылар жаза -жаза жауыр болған мәселеден өздері де шаршап, жан-жақтан келген жауапхаттардан құралған құжаттарды құшақтап қана отыр. Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде жауапты органдар іс жүзінде шөптің басын да сындырған жоқ. «Том-том» болып жинақталған көп қағаздан жұбайы Раушангүлдің өзі де шатасып, басы айналады.
-Онсызда құлағалы тұрған үйімнің ауласындағы кәріздің құдығы әнебір жылдары поселкенің лас суына толып, пәтерім біраз жыл антисанитариялық жағдайға душар болғанда, ақыры мәселені 112 желісіне қоңырау шалу арқылы шешкенмін. Жергілікті әкімдіктен қайыр болмады. Соның кесірінен жалғыз баламның денсаулығы нашарлады. Қазір күйеуімнің де денсаулығы жоқ. Сапасыз үймен арпалысып жүргенде қосымша тағы бір мәселемен бетпе бет келіп отырмыз. Ол – пәтеріміз бен жер учаскеміздің жылжымайтын мүлік ретінде еш жерде тіркеуде жоқтығы, - дейді бізбен әңгімесінде Раушангүл Тілепбергенова.
Бұл проблеманының туындағанын отағасы Бағытжан осыдан бірнеше жыл бұрын Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы өзіне мекен-жай анықтамасын алғанда біледі. Бастапқыда мән бермейді. Үйіне келіп көзін ашып қараса, өзі тұрып жатқан Жаңа Қаратон №192 «А» үйінде емес, өзге Дүйсенғали Салахиденов деген көршісінің пәтерінде «пропискада» тұрғанын көріп, таң тамаша қалады. Кейін жұбайы Раушангүл мен ұл-қыздарына да мекен-жай анықтамасын шығартқанда олардың да заңды түрде өз үйінде тіркеуде тұрмағаны белгілі болады. «Сонда бұл қалай?» деген сауал туындап, Тілепбергеновтер отбасы тағы да құзырлы органдардың табалдырығын тоздырмай ма?! «Бақсақ, бақа екен» дегендей, 192 «А» үй ешбір мемлекеттік мекеменің деректер базасында жоқ болып шығады. Яғни, іс жүзінде бар баспана, құжат жүзінде жоқ! Сөз басында айтылған мәселеге керағар проблема.
Мәселенің мән-жайын анықтау барысында Раушангүл Тілепбергенова бір күні жергілікті әкімдікке бас сұқпай ма?! Сол кезде Жаңа Қаратон поселкесінің әкімі болған Дүйсенбай Нұртазин Тілепбергеновтердің тұрып жатқан 192 «А» үйін поселкенің картасынан таба алмай дал болады. Ол ол ма, бұл баспана аудандық Кірістер басқармасының деректер базасында да жоқ болып шығады. Сондықтан отағасы: «Өзге жұрт секілді жер мен үйдің салығын да төлеп отырған жоқпыз. Өйткені үйіміз Үкіметтің санатында жоқ», - дейді.
Бір қызығы, осыдан он жақты жыл бұрын Әділет басқармасының толтырған «Азаматтарды тіркеу кітабы» Тілепбергеновтер отбасында әлі күнге сақтаулы. Сыртқы қабы байрағымыз түстес көк кітапша 2011 жылдың 19 шілдесінде толтырылған. Онда 192 «А» үйдің поселкеде бар екенін, оның Б.Тілепбергеновке 2000 жылғы 14 шілдеде «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалдау шартымен» берілгені тайға таңба басқандай анық жазылған. Соның ішінде үй иесі отағасынан бастап, отбасы мүшелерінің 2011 жылғы 19 шілдеде өз үйлеріне тіркелгендігін айғақтайтын аудандық ішкі істер бөлімінің мөрі басылған. Бұл көк кітапша қолданыста күшін жойса да, Жаңа Қаратон поселкесінде 192 «А» үйдің бар екендігін, Тілепбергенов Бағытжан мен әйелі Раушангүлдің және ұлы Диас Тұраштың қазіргі таңда осы пәтерде тұрып жатқандығын айғақтайтын жалғыз құжат болып есептеледі!
Әрине, мұның барлығы 192 «А» үйдің әлі күнге жекешеленбей, үй құжаттарының пәтер иесінің атына ресімделмегеннен туындаған мәселе болар. 2000 жылы пайдалануға бергенде мемлекет есебінде тұрған 192 «А» үйдің арада ондаған жыл өткеннен кейін «Азаматтарға арналған үкімет» МК-ның деректер базасына ілікпей, ұшты-күйлі жоқ болып кетуі түсініксіз. Ал Жаңа Қаратонда мемлекеттік тұрғын үй қорының есебінде тұрған үй жалғыз Тілепбергеновтерге ғана тиесілі емес.
-Үйіміз құлағалы тұрған соң, ең алдымен сол мәселенің түйінін шешіп алайық деген мақсатпен өзгелер секілді баспанамызды жекешелендіруге жұмыстанбадық. Көріп отырсыз, оған 10-15 жыл уақытымыз зая кетті. Үкімет бұзып, орнына үй салар, болмаса басқа жерден пәтер берер деп үміттеніп келдік. Бірақ үмітіміз ақталмады. Айналып келгенде үйіміз сапада да, санда да жоқ болып шықты. Қазір өзімнің қайда «пропискада» отырғанымды да білмеймін. ...Екі жағымыздағы көршіміздің үйінің мекен-жай нөмерлері «Шаңырақ көшесі - 192 «В» және «Ақжол көшесі – 190» деп аталады. Екеуінің де үйі мен ауласының қабырғасына құзырлы органдар пәтерлерінің нөмері жазылып, таңба басылған тақтайша қадап кетті. Бірақ ондай мекен-жай белгісін біздің үйге орнатқан жоқ. Осыдан-ақ басыбайлы баспанамыздың еш жерде есепте жоқ екенін білуге болады. Қазір қарап отырсам, Жаңа Қаратон поселкесінде 191-нөмерлі үй жоқ екен. Ол әуелден бізге тиесілі мекен-жай болуы мүмкін-ау деген ойға қаламыз, - дейді санда да сапада жоқ үйде тұрып жатқан жаңақаратондық Раушангүл Тілепбергенова.
Қазіргі таңда Тілепбергеновтер отбасы пәтерін жекешелендіруге жұмыстанып жатыр. Күні бүгін тұрып жатқан жеріне мемлекеттік акт алуға қол жеткізді. Енді пәтерінің құжаттарын ресімдеу ғана қалды. Жаңа Қаратон поселкелік әкімдігінің бас маманы Шаштыбике Жалғасбаеваның айтуынша, ол алдағы уақытта аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы шешіледі екен. Үйдің Үкіметтің деректер базасына енгізілмеуінің себебін 192 «А» үйдің «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалдау шартымен» пайдаланып отырғандығынан деп түсіндірді. Жалпы поселкеде осы секілді мемлекеттік тұрғын үй қорының есебінде тұрған 46 пәтер бар көрінеді. Сонда олардың барлығы да Тілепбергеновтер тәрізді ресми мекен-жайсыз отыр ма? Мемлекетттік тұрғын үй қорындағы үйдің «Азаматтарға арналған үкіметтің» деректер базасына тіркелмеуін қалай түсінеміз? Сұрақ көп, жауап жоқ!
Е.Қошақанов