Салымыз суға кетпеді

Өткен көктемгі алапат су тасқыны Құлсарыдағы сайлау учаскелерінің жұмысына да өз әсерін тигізді. Бірақ олар қалпына келген қаламен бірге қайта орнығып, қарқынды жұмыс жасап жатыр. Жалпы Жылыой ауданында 1 аумақтық, 25 сайлау комиссиясы бар. Құлсары қаласы бойынша тасқын судан зардап шеккен үш білім ордасы болса, соның бірі - №19 мектеп ғимараты. Мұнда №237 дауыс беру учаскесі орналасуы керек еді. Бірақ тасқыннан кейінгі күрделі жөндеу жұмыстарының жүруіне байланысты ол №7 Е.Халықов атындағы орта мектеп ғимаратына ауысты. Енді осы учаскенің сайлаушылары аталмыш мектепке барып, өз таңдауын жасап жатыр.

Суға кеткен екінші нысан - Құлсары қаласындағы №20 орта мектеп. Онда №100 дауыс беру учаскесі орналасқан, тұрғындар өз таңдауын жасау үстінде. Ал су тасқынынан зардап шеккен үшінші ғимарат - №8 мектеп болса, онда №238 учаскесі орныққан. Мұндағы референдум комиссиясы мұндағы дауыс берушілерге өз таңдауын жасауына мүмкіндік жасауда.

Айталық, Құлсары қаласындағы № 237 дауыс беру учаскесіне тасқын уақытында үйлері суға кетіп, баспанасының іргетасы көз алдында сөгілген жандар да келіп өз дауыстарын беруде. Солардың бірі - Ниетжановтар отбасы. Баспанасы суға кетіп, күтпеген жағдайға тап болса да, жалпұлттық референдумда ерлі-зайыптылар болып дауыс беруге келді.

Қоғамдық маңызы бар саяси науқанға қатысып, сайлау учаскесіне өз таңдауын жасауға келген Кенжеғали Ізтұрғанұлы мен жұбайы Алтын Орашқызынан осы сәтті пайдаланып сөзге тартып көргенбіз:

-Біз Құлсарыдағы 2-учаске тұрғындарымыз. Шарбақта үйіміз және сарайымыз бар. Тасқын уақытында су келіп, нар көңіліміз құлазып қалғаны рас. Сарайымыз бел ортадан суға кетіп, үйіміздегі судың деңгейі де жоғары болды. Арнайы комиссия мүшелері келіп, үйімізді тексерістен өткізгеннен кейін ғана үлкен үйдегі жар жарылып, іргетасымыз сөгіле бастады. Алайда, қайта қарауға өтініш білдірмедік. Себебі, ол кезде үйінің құжатымен сабылып жүрген тұрғын көп болды. Бұл іс ұзаққа созылып кетер деп “бас аман, аяқ-қолымыз сау ғой” деп ары қарай өзіміз реттеуге шешім қабылдадық. Біздің үлкен үйіміз “ремонттық жағдай” деп танылған болатын. Бүгінде 4 баламыз бар. Үш қызымыз тұрмыста, қазір ұлымызбен тұрамыз. Қазіргі таңда, үйіміздің күрделі жөндеуі аяқталуға жақын. Құрылыстың барысында бізге үлкен көмегі тиген “Бек” құрылыс сауда үйінің қызметкерлеріне үлкен алғысымды білдіремін. Үйі суға кеткен халық жағдайына қарасып, қолынан келген көмегін көрсетіп, жеңілдіктер жасаған барша кәсіпкерлерге рақмет. Соның арқасында салымыз суға кетпей, дауыс беру учаскесіне келіп, еліміз үшін маңызды сәтте өз таңдауымызды жасап тұрмыз, -дейді отағасы.
Еске сала кетсек, бұл учаскеде көктемгі тасқыннан зардап шеккен “Достық”, “Мирас” ықшамауданының бірқатар көшелері, Е.Омаров, Н.Арқабаев, Д.Тәттібаев көшелері, А.Жангелдин, Д.Нұрпейісова, М.Жұмабаев, М.Маметова, Ә.Молдағұлова, С.Сейфуллин, Б.Майлин көшелері және Н.Арқабаев пен Ө.Алдахов көшелерінің арасындағы үйлердің тұрғындары дауыс береді.

П.Қизатова, Д.Ізбасарова

Суретте: Кенжеғали Ізтұрғанұлының жұбайы Алтын Орашқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT