Салықты халық бақылайтын болады

ken-zhyloi.kz

Жетінші шақырылған аудандық мәслихаттың бюджет, қаржы, экономика және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы болып өтті. Мәжіліске аудандық мәслихат хатшысы Сайлаубай Таласов және аудандық мәслихаттың 7 депутаты қатысты. Комиссия төрағасы Аманбек Мұқанов мәжілісті ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының 2020 жылғы бюджетке салықтық түсімдердің орындалысы туралы бір мәселе қаралды. Аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқарма басшысының міндетін атқарушы Салтанат Сабырова баяндама жасады.

-Былтырғы наурыз айынан бастап төтенше жағдайға байланысты түсім 2019 жылмен салыстырғанда және жоспармен де аз түсіп, болжам 96 пайызға орындалды. Жоспар 52 922,7 млн. теңгеге, нақты түсім 50 494,3 млн. теңгеге немесе бюджет 2 144,3 млн. теңгеге кем орындалып отырған жайы бар. Ал жергілікті бюджет 97,1 пайызға, жоспар 42 258,4 млн. теңгеге, нақты түсім 41 018,0 млн. теңгеге немесе жергілікті бюджет 1 716,2 млн теңгеге орындалды. Өткен 2019 жылы 138 салық төлеушіден 363 358 мың теңге көлемінде, ал былтырғы жылы 60 салық төлеушіден 80 771 мың теңге түсім түскен. 2020 жылға салық төлеушілер азайып кетті. 2019 жылы 105501 коды бойынша (ойын бизнес салығы): 2020 жылдан бастап салық төлеуші болмауына байланысты 2020 жылы 4 тоқсаны және 2019 жыл үшін 28 864 мың теңге төлем түскен. Ойын бизнесі салығы бойынша Салық кодексінің 539 және 540 баптары 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін әрекеттелді. Осыған сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ойындарға салынатын қосымша салық жойылады. Микро және шағын бизнес компанияларын үш жыл мерзімге кірістен салық төлеуден босату бойынша «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» заңына жаңа 57-4 бап енгізілді.

Пандемия кезінде кәсіпкерлердің жұмыс көлемінің азаюына байланысты түсім аз түскенмен, біраз жұмыстар атқарылды. Көлеңкелі бизнесті болдырмау, облыс әкімінің салық базасын кеңейту мақсатындағы жыл сайынғы шешімі негізінде жергілікті уәкілетті органдармен бірлескен жұмыс жүзеге асты. Камералдық бақылау жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде бюджетке қосымша 554,0 млн теңге өндірілді. Қоғамдық бақылау бойынша да жұмыстар жасалды. Енді сол бойынша ақпараттар жарияланып отырады. Қоғамдық бақылау бойынша жыл сайын акция өтеді. Былтыр "Қоғамдық бақылау: Чекті талап ет" акциясына аудан бойынша 800-ге жуық адам қатысты. Облыс деңгейінде жыл қорытындысы шығарылып, азаматтарға сыйлық табысталды. Акция жыл сайын жалғасын табуда. Халық белсенді болып осындай акцияларға қатысуы керек. Алдағы мақсатымыз алдымызға қойған болжамдарды орындау, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жоғарғы деңгейге көтеру, – деп С.Сағынғалиқызы өз баяндамасын аяқтады.

Депутаттар баяндамашыға тақырыптан бөлек көптеген сауалдар қойып, нақты жауап алды.

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521