Салық өсімпұлынан кімдер құтыла алады?

Жеке тұлғалардың салық өсімпұлын кешіру шаралары жылдың соңына дейін жалғасады

Қаржы министрлігі салықтық рақымшылыққа қатысты арнайы ереженің күшіне енгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, жеке тұлғалардың салық өсімпұлын кешіру шаралары жылдың соңына дейін жалғасады.

Айыппұлдан құтылу үшін берешектің негізгі сомасын төлеу керек.

"Бізде бүгіннен бастап жеке тұлғалар бойынша салықтық рақымшылық ережелері күшіне еніп отыр. Қазір 1 миллион 400 мың адамның салықтық берешегі бар. Олардың негізгі борышы 14 миллиард теңгеден асады. Ал өсімпұлдары 6,5 миллиардқа тең. Әрбір адам берешектің сомасын мемлекеттік кірістер комитетінің ресми ресурстарынан көре алады", - деді Сұлтанғазиев астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетсек, 16 шілде күні жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық өткізуге арналған заң күшіне енген болатын. Осыдан кейін қаржы министрлігі арнайы ережені бекітті.

Кәсіпкер ретінде тіркелмегендер өсімпұлдан құтылады

Салық рақымшылықтың тағы бір тиімді тұсы жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, бірақ осы қызметтен пайда тауып, салықтық қарызға батқандар өсімпұлдан құтылады. Берешектің бәрі 2002-2003 жылдары салық органдары жергілікті жүйеден жалпы республикалық салықтық ақпараттық жүйеге (БСАЖ) көшкенде шыққан.

2019 жылдың басында осы санаттағы қарыздың жалпы сомасы 700 миллион теңге болған. Соның ішінде негізгі борыш – 400 миллион теңге, өсімпұл – 300 миллион теңге. Ал осы қарызды төлемеген адамдардың саны он алты мыңға жетіп отыр.

Өсімпұлды есептен шығару үшін мемлекеттік органға барудың қажеті жоқ. Қарыздың негізгі сомасы төленсе болды. Мемлекеттік кірістер органдары күн сайын жеке тұлғалардың есепшоттарын қарап отырады.

Негізгі қарыз төленген жағдайда тиісті шешім шығарып, үш күннің ішінде өсімпұлды есептен шығарады. Салықтық рақымшылық басталғанға дейін негізгі қарыз бен өсімпұлды төлегендер болса, оларға өсімпұлдың ақшасы қайтарылады.

sputniknews.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521