Салқындатқышы бар автобустар керек

Бүгінде ауданымыздағы тұрғындардың басым бөлігі қоғамдық көліктердің қызметін пайдаланады. Оның ішінде мектеп оқушылары да бар. яғни күнделікті жұмыстағы адам таңертеңгі сағат 6-дан бастап, кешкі 20:00-ге дейін қоғамдық көліктің қызметін тұтынады. Одан кейін сенбі, жексенбі күндері де жеке шаруасының қамымен қала орталығына қатынайтындардың қарасы көп. Демек, тұрғындар үшін қоғамдық көлік қызметі – басты қажеттіліктердің бірі.

Білуімізше, бұл саланың жұмысын қалыпқа келтіру үшін бірқатар шаралар атқарылды. Осы уақытқа дейін қоғамдық көліктің мәселесін тұрғындар әлеуметтік желіде көтерген болатын. Алайда А пунктінен В пунктіне дейін жеткізіп салатын, қаражат жағынан да тиімді, көлікке қатысты кейбір мәселелерді айтқым келіп отыр.

Маусым айының ортасы. Шіліңгір шілдерінің ыстығында аялдамаға әрең жетіп, автобусты күтіп отырдым. Көп күттірмей келген №8 бағыттағы автобус ішіне кіргеннен қуанышты жайтқа тап болдым. Күннің ыстығынан шаршағанмен қоғамдық көлікке отырған сәтте бірден көңіл-күйім көтеріліп сала берді. Себебі, көліктің іші кең, ең бастысы – салқындатқыш жүйесімен жабдықталған. Одан бөлек, бейнекамерамен де қамтылған. Сол сәтте «ауданымыздағы барлық қоғамдық көліктерде неге осындай жағдай жасалмаған?» деген сауал мазалады.

Өзім 4-учаске тұрғыны болғандықтан, көбінесе №5 бағыттағы автобусқа отырамын. Бұл қоғамдық көлікті жаңа өзіміз айтқан №8 автобуспен салыстыруға мүлдем келмейді. Өйткені, өзі шағын болғандықтан іші үнемі қапырық, жаздың аптап ыстығында ол көлікте отыру мүмкін болмай кетеді. Ал мына автобус жолаушыға өте жайлы, алған бағытына жету үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Бұдан кейін журналист ретінде зерделеп, «Ауданымызда салқындатқыш жүйесімен қамтылған басқа да автобустар бар ма?» деген сауалға жауап іздеп көрген болатынмын. Қуантарлығы, №2 бағыттағы қатынайтын қоғамдық көлік те салқындатқышпен жабдықталған екен.

Сыйымдылығы мен кеңдігі №8 автобуспен бірдей. Осы орайда ауданымыздағы жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық автобустардың жұмысымен танысып, қазіргі жәй-күйін білу үшін «БатысТехИнвест» мекемесінің мамандарымен байланысқа шыққан болатынбыз.

Біз осы мекеменің маманы Сәуле Қылышбаеваға «Ауданымызда қанша қоғамдық көлік бар? Өзіңіз білетіндей, басым көпшілігінде жағдай жасалмаған. Бұл мәселе шешімін таба ма?» деген сұрақ қойдық.

-Қазіргі таңда ауданымызда әртүрлі бағытқа қатынайтын 50 автобус бар. Олардың бірқатары шағын. Тек бейнекамерамен қамтылғаны болмаса, ауа салқындатқышы жоқ. Әрине, бұл мәселе – біздің басты назарымызда. Болашақта тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау үшін қолдан келгенін аянып қалмаймыз. Әзірге жаңадан салқындатқышы бар, іші кең 20 автобус келеді деп күтілуде. Алайда оның қай бағыттарға қатынайтыны белгісіз. Десе де, бүгінде көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп келеді,-деді ол.

Бізбен сұхбаттасқан сала маманы қоғамдық көліктерді жаңалау проблемасы алдағы уақытта оңтайластырылады деген сенімін білдірді.

Айта кетейік, бүгінде қоғамдық көліктердің барлығына терминалдар қойылып, жолаушылар жүру ақысын төлем карталарымен төлейді. Оның құны автобустарда 50 теңге. Егер төлем картасы болмаса, қолма-қол 100 теңге. Сондай-ақ, қазір ай сайын емес, күн сайын өмір сүру қымбаттап жатқан заманда халықтың қалтасы такси қызметін көтермейді. Мұнымен не айтқымыз келеді? Қазіргі кезде қоғамдық көлікке жүгінетін қарапайым халыққа жоғарыда біз айтқандай жағдай жасалса, ғанибет емес пе?! Әсіресе, күннің ыстығында кең әрі таза және салқындатқышпен қамтылған автобуста отырғанға не жетсін! Бұл әр жолаушының көңіл-күйін көтеріп, жанға жайлылық сезімін ұялатады.

Айнұр Мейрамбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT