Сәлем салу – сыйластықтың белгісі

Сәлем салу- қазақтың ежелден келе жатқан аса сұлу салт-дәстүрлерінің бірі. Жаңа түскен келін өмірінің жаңа парағы беташарында қайын жұртына сәлем салудан басталады. Бұл дәстүр қазақылықтың қаймағы бұзылмаған оңтүстік пен батыста жақсы сақталуы осы үрдістің ертеден келе жатқан нағыз ұлттық қасиетіміз екенін білдіреді.

Белгілі этнограф Досымбек Қатран сәлем салу ықылым заманнан бері келе жатқан салт екенін айтады.

«Туыстық қатынастардың күрделенгеніне байланысты, әулеттегі жарасымды сыйластықтың жібін үзбеу үшін қалыптасқан дүние дейді. Қазақ қоғамында әйел затына қатысты ырым-тыйым, шектеу өте көп. Себебі әйел – өмірге ұрпақ әкелетін, оны өсіріп, тәрбиелейтін бірден бір адам. Сондықтан оның дені сау, көрегенді, тәрбиелі болуы керек. Отбасының кіші ұл-қыздары үйдегі шаруашылықтың бел ортасында жүрген келінге қарап бой түзеп, соған қарап өсетін болған. Ұрпақ өсіретін бірден бір адам әйел болғандықтан, ол орындайтын салт-дәстүр шарттары да көп болған”, - дейді этнограф.

Келін иіліп сәлем салуы арқылы қайын жұртындағы үлкендерге деген ерекше құрметін білдірсе, алдарында ізет көрсетіп басын иіп жатқан келінді олар да еріксіз сыйлауға мәжбүр. Осыдан келіп өзара сыйластық пен татулық орнамай ма!

Осыны білген ата-бабаламыздың даналығына қайран қаласыз. Қазақ даласында отбасы институтының ежелден дамып кеткенінің бір мысалы осы.

“Жалпы, келінге жүктелетін міндет көп қой. Солардың бірі – өзі түскен шаңырақта, өзі жүрген ортада жақсы аура қалыптастыру. Неге дейсіз ғой. Келіннің сәлем салуы – сыйластық ортаны қалыптастыратын, өзгелердің субординация сияқты дүниелерді қатаң сақтауына, өзін дұрыс ұстауына жетелейтін керемет бір этикалық мәні бар ереже, тәртіп ретінде орныққан дүние”, — деп санайды Досымбек Қатран.

Этнографтың айтуынша, сәлем салу жай ғана иіле салу емес, оның ар жағында үлкен тәрбие жатыр. Сәлем салған келінге риза болған үлкендер де “Өркенің өссін”, “бақытты бол”, “Көп жаса” деп ақ батасын береді. Себебі оның алдына өмірді жалғастырушы ана, ошақ иесі, отбасын тәбиелейтін жан иіліп сыйластығын білдіріп жатыр. Міне, осылайша әр қазақ отбасында адамдардың бір-біріне деген құрметі мен татулығы қалыптасады.

«Сәлем салғаннан ешкім қорланып, кем болып қалмайды. Керісінше, бұл отбасындағы сыйластыққа жол ашып, оны одан әрі күшейте түсетін үрдіс», — дейді этнограф.

Келін қай кезде сәлем салмайды?

Досымбек Қатранның айтуынша, күйеуі қайтыс болған жесір әйелге жылын бергенше, бір жыл бойы сәлем салмауға рұқсат етіледі.

«Бір жыл бойы аза тұтады. Жылын берген соң, аза тұту аяқталды деп есептеледі. Осыдан кейін дәстүрлі ортада әмеңгерлік салтымен жесір әйел қайынағасына немесе қайныларының біріне күйеуге шығуы тиіс. Яғни, әмеңгерлікпен әулеттегі еркек кіндіктінің біріне тигенше, сәлем салмайды», — дейді ол.

Осы орайда, этнограф ғалым жүкті әйелдерге де сәлем салу міндет екенін атап өтті.

«Сәлем салу - Аллаға серік қосу» дейтін әсіредіншілдерге

“Келіннің сәлем салуы шариғатқа қайшы ма?” деген сұраққа белгілі исламтанушы-ғалым Қайрат Жолдыбайұлы былай деп жауап берді.

“... Жалпы, құрмет ниетімен сәлем салу ешқандай ширк амалына жатпайды. Сәлем салу атауының өзі біреуге табыну немесе құлшылықты емес, амандасуды білдіріп тұр. Иіліп сәлемдесуге ешбір танымал ислам ғалымы “ширк” деп үкім шығармаған”. Бұл – қазақтың әдет-ғұрпы”, - деді Қайрат Жолдыбайұлы.

Ғасырлардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл дәстүрімізді ширкке балап жүргендердің көздегені- ұлттық дәстүрлерімізді тамырымен жою екендігін әр саналы азамат түсінеді деп ойлаймыз.
Қазақтың осынау алтындай салт-дәстүрлерін біздің Жылой өңірі де қатаң ұстанады деп айта аламыз. Күні кеше үйінде ата-анасына еркелеп жүрген өрімдей қаракөз қыздарымыз жат елге бара сап ата-енесіне сәлем салады. Тіптен оларға бұл туралы ешкім де алдын ала ескертіп, үйретпесе де солай жасайды. Бұл біріншіден, халқымыздың ген арқылы сақталған «отбасы-қастерлі» деген ұғымынан. Өйткені, келін - отанасы. Үлкенге басын ию арқылы, оларды сыйлау арқылы ұрпағының санасына да сыйластық ұғымын құяды. Жоғарыда әйелдің отбасындағы тәрбиешілік ролін айтып кеткенбіз.

“Ата-енеме сәлем саламын. Көшеде алдымнан қайынағам шыға қалса, иіліп сәлем беремін. Олар міндетті түрде “Көп жаса! Бақытты бол!”,- деп ақ батасын беріп жатады”, -дейді құлсарылық келін.

Әр облыста сәлем салу үлгісі әртүрлі. Жылыой мен бізбен көршілес Маңғыстау облысында келіндер қолының сыртын оң тізесіне қойып, сәл бүгіліп, иіліп сәлем береді.

Сәлем салудың тағы бір түрі ет желініп болғанан кейін табақты алу кезінде атқарылады. Қазақтың ең сүйсініп жейтін ұлттық тағамы -еттен соң ас қайырылып, ақ бата беріледі. Табақты дастарханнан көтеріп алған келіндер сәлем етеді. Осылайша үлкендерді, асты сыйлайтынын көрсетеді. Үлкендер жапатармағай «Бақытты бол! Көп жаса!» деп батасын береді. Психологтар адамдардың бір-біріне жақсы сөз айтып жүруі керектігін, бұдан өмірге жақсы аура таралатынын, адамдардың бақытты болатынын айтады. Ал мұны еш ғылымсыз-ақ жақсы түсінген ата-бабаларымыз «Жақсы сөз-жарым ырыс» деп сөздің магиясын біліп қана қоймай, керегесін кең, шаңырағын биік ұстай білген.

Ендеше, сәлем салу- қазақтың нағыз ұлттық жауһар салт-дәстүрі.

С.ТӘЖІҚЫЗЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT