Сақшыға сақадай сай жағдай бар

Сақшыға сақадай сай жағдай бар
Фото: ашық дерек көзінен алынды

Кез келген қызметке орналасқан жас маманның негізгі «бас ауруы» ол - баспана. Бізде көбіне-көп бұл мәселені жастар жағы мемлекеттің ипотекалық бағдарламалары арқылы шешіп жататыны жасырын емес. Ал полиция органына қызметке орналасқан қыз-жігіттерде ол жағынан проблема жоқ. Қалай дейсіз ғой?

Өйткені аудандық полиция бөліміне орналасқан жас маманның отбасының әрбір мүшесі үшін мемлекет «Отбасы банкіден» есеп-шот аштырып, 45 мың теңгеден ақша аударып тұрады. Мәселен, полиция қызметкерінің жанұясында бес адам болса, онда ай сайын олар үшін 225 мың теңге түсіп, депозит ретінде жинала бермек. Бұл - жалақыдан бөлек қаралатын қаржы.

Әрмен қарай, ол ақша қомақты қаражатқа айналғаннан кейін мемлекеттік бағдарлама бойынша еш кедергісіз қалаған пәтерін ресімдеп ала алады. Ал оған дейін қызметкер өзгелер секілді пәтер жалдап, «жетім бұрыш» жағалап жүрмейді.

Полиция органы арнайы қызметтік пәтермен қамтып, толық жағдайын жасайтын болады. Бұл біздің мемлекеттің еліміздегі полиция органында уақытпен санаспастан күні-түні тұрғындардың тыныштығын қас қақпай күзетіп жүрген қызметкерлерге деген шынайы қамқорлықтың белгісі. Ендеше, аудан жастары ішкі істер саласына қызметке тұрып, мемлекеттің қолдауын сезінгені жөн. Полиция қызметкері болып еңбек еткеннің тағы бір ерекшелігі бар. Ол жұмыс жасаған әрбір жылы еңбек өтіліне бір жыл жарымнан қосылып тұрады. Мәселен, тәртіп сақшысы ретінде екі жыл қызмет атқарған азаматтың еңбек кітапшасына үш жылдық тәжірибе жазылады. Осылайша ол жылдар өте келе өзге сала мамандарына қарағанда ертерек зейнеткерлікке қалып, көп жылғы еңбегінің зейнетін тез көруіне мүмкіндік жасайды.

Әрине, мұнда қызметке қабылдануы үшін болашақ полицейдің, ең алдымен, денсаулығы мықты болуы шарт. Содан кейінгі талап: жасы 18-ге толған 35-ке дейінгі орта, арнаулы орта және жоғары білімді жастар қабылданады. Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, қатардағы және сержанттық құрамға әскери міндетін өтеген жігіттер тест тапсырмай-ақ жұмысқа алынады. Жалақысы бастапқы әзірде 150 мың теңгеден жоғары болады. Бірте-бірте басшылық құрамға тағайындалғаннан кейін 200 мың теңгеден асатыны анық.

Полиция қызметкері тегін медициналық көмекпен, қызметтік пәтермен немесе тұрғын үйді жалға алғаны үшін өтемақымен қамтылып, жыл сайын 45 күндік еңбек демалысына шығады. Аудандық полиция бөлімінің Теңіз кенішіндегі бөлімшеде қызмет істейтін тәртіп сақшысына 21 күндік жұмыстан кейін, 7 күндік ауысымдық демалыс беріліп, қызмет орнында тегін жатақхана мен тамақпен қамтылатын болады.

Қазіргі таңда аудандық полиция бөлімінде 60 бос орын бар. Оның 52- сі офицерлік, 8-і сержанттық құрам саналады. Ендеше, туған елімнің тыныштығын күзетіп, ынтымақ бірлігін арттыруға атсалысамын деген әрбір патриоттың жас тәртіп сақшысы болуға асыққаны абзал.

Жеңіс САДЫХОВ,

аудандық полиция бөлімінің кадр саясаты бөлімше бастығы,

полиция майоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT