«AMANAT» партиясының бастама- сымен еліміз бойынша сайлауалды бағдарламалардың орындалу барысын жүйелі бақылап отыру мақсатында партиялық бекет ашу жұмыстары жүргізілді. Сондай бекет аудандағы бірнеше нысанға қойылған еді. Оның басты мақсаты – құрылыс сапасын, бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын, сондай-ақ жалақының уақытылы берілуін бақылау, мониторинг жұмыстарын жүргізу.
ҚУАНЫП КІРІП, ҚҰЛАЗЫП ШЫҚТЫ
Міне, осыған орай өткен аптада «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының мүшелері А.Мақсотұлы, Ж.Жалмұханов ауданымызға арнайы келіп, аудандық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Қ.Мыңбаев пен комиссия мүшесі Б.Құлбаевпен бірге аудандағы құрылыстар мен күрделі жөндеуден өтіп жатқан нысандарға зерде- леу жұмыстарын жүргізді.
Алдымен, партия мүшелері екі жылдан бері күрделі жөндеу жұмысы жүріп, енді аяқталады деп тағатсыздана күтіп отырған Қосшағыл ауылдық округіндегі №2 орта мектепке барды. Есігінен ішке қуанып кірген комиссия мүшелерінің сұрқы бірден өзгеріп сала берді. Өйткені, оларды тұтқасы жоқ, жартылай сынған «жаңа» пластик терезелер күтіп тұрған еді. Жалпы терезе қисық қойылғаны өз алдына, оны екі жағына ағаш қағып, ақпен бояй салған. Саусағыңның ұшымен «тық» еткізсең, бетіндегі жарық-жарық ақ бор сау етіп құлап түскелі әрең тұр. Ал әр кабинетке орнатылған есіктердің сапасының нашар екенін де көрген комиссия мүшелері оның да ұзаққа бармайтынына налыды. Баспалдаққа жапсырылған кафельдер түскен, өрт дабылдары, кәріз жүйесі қосылмаған. Бір сөзбен айтқанда, жөндеу жұмыстарының сапасыз жасалғаны айдан анық көрініп тұрды.
Жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеме «SCS Инжиниринг» ЖШС-нің өкілдерін құрылыс нысанынан таба алмадық. Жалпы оқу жылына дейін аз ғана уақыт қалды деп жанталасып, ақ тер, көк тер болып жұмыс жасап жатқан жұмысшылар да көрінбейді. Зерделеу жұмысы кезінде анықталған кемшіліктерді комиссия мүшелерімен еріп жүрген мектеп директорына ғана айтуға тура келді. Білім ордасы толық пайдалануға берілгенге дейін партияның тікелей бақылауында тұратын болды.
Осылайша №2 мектепке қуанып кірген комиссия мүшелері сапасыз жұмысты көріп, құлазып шықты.
КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ МЕН ОҚУ ПРОЦЕСІН ҚАТАР АЛЫП ЖҮРГЕН...
Бұдан соң мониторинг топ мүшелері Құлсары қаласындағы М.Сатыбалдиев атындағы №18 жалпы білім беретін орта мектепке барды. Бұл мектеп ғимаратының жайы бөлек. Күрделі жөндеу жұмыстары сапалы жасалған. Көз қуантады. Жақын арада аяқталуға жақын.
Тапсырыс беруші жөндеу жұмыстарының кейбір тұстарын қайта жасау жөнінде мердігер мекеме "Гранд-Мастер" ЖШС-не ұсынысын берген екен. Сол күні ғимарат іші-сыртын аралап шыққан комиссия мүшелері де өз ұсыныстарын ортаға салды. Оларға жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтау тапсырылды.
Бұл мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысының оқу процесіне кедергі келтірмегенін бұған дейін де жазған едік. Оқу жылы барысында тапсырыс беруші жақтан мектеп басшылығы мен мердігер мекеменің арасындағы жасалған тиімді келісімінің нәтижесінде жөндеу жұмыстары күндіз сабақ түгел аяқталғаннан кейін, кешкі уақытта ғана жүргізілген. Соның арқасында оқушылар алаңсыз білім алып, өткен оқу жылын өз мектептерінде аяқтауына мүмкіндік алған еді.
100 ОТБАСЫНА - 100 БАСПАНА!
Мониторингтік топ Құлсарыда баспанасын тасқын су басқан тұрғындар үшін салынып жатқан қаладағы «Болашақ» шағын ауданындағы 100 үйдің құрылысымен танысты.
Олар құрылыс басында тапсырыс беруші облыстық Құрылыс басқармасы басшысы Н.Құсайынов және мердігер мекемелердің басшыларымен кездесіп, құрылыстың жүру барысы- мен танысты. Қазіргі таңда жүз үйдің іргетасын құю, ақ таспен көтеріп, бөлмелерді бөлу секілді жұмыстар жүріп жатыр. Өзіміз көргендей, іргетасы биік, сапалы материалдар пайдаланылып отыр екен. Әрбір үйдің жері 10 соток, ал үйдің өзі 100 шаршы метр.
Құрылыс жұмыстары келісім шартқа сәйкес ағымдағы жылдың қыркүйек айында аяқталуы тиіс.
П.ҚИЗАТОВА