Сақалды құрылысқа айналмасын...

Құлсары қаласында тозығы жеткен ескі ғимараттың бірі – «Жастар үйі» еді. Осыдан бірнеше ай бұрын соған күрделі жөндеу жұмыстары жүреді деп ішінде отырған мекеме қызметкерлерін апыр-топыр көшірді. Оған көпшіліктің қуанғаны да рас. Бір мезгілдері аудандағы жалғыз мәдениет үйі сол болып, ішінде талай концерт пен айтыс өткен киелі мәдени ошақ болатын. Үлкендердің көзіне ыстық көрінетіні сонша, әлі күнге дейін ескі атауымен «Мұнайшылар үйі» деп атайды.

Ал сол ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары былтырғы жылдың желтоқсан айында басталды. 8 ай өтті, әлі бітетін түрі жоқ сияқты. Бұл күрделі жөндеу жұмыстарын «А.Ж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер мекемесі қолға алған екен. Мекеме сатып алу конкурсымен жеңімпаз атанып, іске кіріскен ғой. Алайда мекеме бекітілген кестемен тиісті жұмыстарын уақытылы атқармай, мерзімінен кешігіп жатыр. Бұл туралы Құлсары қаласы әкімі аппаратының әлеуметтік желідегі ресми парақшасы хабарлаған.

– «А.Ж» мекемесіне жұмыс қарқынын арттыру бойынша тапсырма берілді. Айтылған жұмыстар қайтадан жанданып жатқанын қаперлеріңізге береміз,-делінген ресми парақшада.

Бір ғимаратты жөндеу бірнеше ай мерзімге созылады. Қалалық әкімшіліктің тапсырмасын күтіп отырмай, артылған жұмысты абыроймен атқарып тастаса аудан жұртышылығы да дән риза болар еді. Өйткені қаланың қақ ортасында орналасқан ғимараттың жан-жағында құрылыс материалдары айлар бойы шашылып, көркін кетіріп тұрғанына біз де қынжыламыз.

П.Қизатова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT