Еуропа елдерінің сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығының 2005 жылы Будапешт қаласында өткен конференциясының шешімімен жыл сайынғы ақпанның бірінші бейсенбісі Дүниежүзілік сайлау күні ретінде атап өтіледі. Сайлауды ұйымдастырушылар үшін бұл – кәсіби мереке. Осы уақытта күллі әлемде сайлаушылардың құқығын қорғайтын түрлі шаралар жүзеге асады. Біз де өз кезегімізде аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Зәуреш Қалмұхановаға жолығып, аудан аумағында атқарылып келген жұмыстар мен мереке күні ұйымдастырылатын шаралар хақында әңгімелеп беруін сұраған едік.
- Зәуреш Тұхпатоллақызы, еліміздегі кез келген заң Конституция талаптарына негізделетіні белгілі. Сол секілді барлық сайлау процесі Ата Заңымыздың қағидалары мен "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңына сүйенеді. Алдымен, осы турасында түсінік берсеңіз.
- Иә, Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабының 2- тармағында: «Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар» деп көзделген. Ал кез келген саяси науқанға сайлау құқығы бар еліміздің барлық азаматтары толыққанды қатыса алады. Жалпыға бірдей сайлау құқығы — республиканың он сегіз жасқа толған азаматтарына тиесілі. Яғни, олар тегіне, әлеуметтік, лауазымының және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге жағдаяттарына қарамастан сайлауға қатысып, дауыс беруге, Президент, Парламент немесе мәслихат депутаты, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшесі ретінде сайлануға құқылы дегенді білдіреді. - Өткен 2024 жылдың 6 қазанында республика көлемінде референдум өтті. Еліміз үшін аса маңызды бұл оқиғаның маңызы неде? Бұрынғы өткен осы тектес жалпы халықтық саяси науқаннан айырмашылығы қандай? - Референдум - бұл еліміздегі ең өзекті деген мәселелерді халық болып шешудің басты тетігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев референдум өткізудің еліміздің болашағы үшін жасалған маңызды қадам екенін ерекше атап өткен еді. Еліміз тәуелсіздік алған жылдарынан бері жалпы референдумдар өткізіліп келеді. Айталық, 2022 жылдың 5 маусымындағы референдум - Қазақстан Республикасының Конституциясындағы заңнамалық өзгерістерге байланысты ұйымдастырылған жалпыхалықтық саяси науқан. Соның аясында елімізде Конституциялық реформа жүзеге асып, Ата Заңымызға біраз өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес көптеген заңдар толықтырылып, кейбір заңнамалық актілер алып тасталынды. Жалпы еліміздің саяси жүйесінде де бірқатар өзгерістер орын алды. Соның куәсіндей - референдум негізінде 2022 жылғы 20 қарашада біз Республика Президентін жетіжылдық мерзімге сайлап алдық. Сондай-ақ ҚР Конституциясының 42-бабының 5-тармағына сәйкес, бір адамның Республика Президенті болып бір реттен артық сайлана алмайтынын таңдап, оны Ата Заң арқылы бекіттік. Президент Конституцияның бүкілхалықтың дауыс беру арқылы өзгеруі халықтың еркін білдірудің айқын көрінісі деп атады. Референдум, міне, осындай оңды өзгерістерге бастайды. Сіз айтып отырған былтырғы айтулы саяси оқиға - 2024 жылдың 6 қазанында Қазақстанда Атом электр станциясын салуды талқыға салатын жалпыхалықтық референдум. Бұл - биліктің халық пікірімен санасуы, халықтың ойын, ұсынысын ескеруі. Көріп отырғаныңыздай, референдум Қазақстанда белгілі бір мәселелерді шешуге өз әсерін берді. Қазір қандай да бір мемлекетімізде болып жатқан жағдай - халықтың назарында. Халық өз пікірін ашық айта алатын деңгейге әлдеқашан жетті.
-Еліміз үшін тағы бір маңызды оқиға - "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңында аудан мен ауыл әкімдерінің сайлауы көрсетілген. Жалпы ауданда жергілікті әкімдердің сайлауы қандай деңгейде өтті, осы жөнінде мәлімет бере кетсеңіз.
-Иә, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңның 113-1-бабында аудан әкімдерінің сайлауы көрсетілген. Бұл баптың 1 – тармағы 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды түрде күшіне енді. Жалпы ауданымызда 8 ауылдық округте тікелей әкімдер сайлауы өтті. Бір қала әкімінің және бір кент әкімінің сайлауы және 6 ауылдық округ әкімдерінің сайлауы болды. Мұнда заң бойынша әкім төрт жылға сайланады. Ал әкімнің заңда белгіленген өкілеттілігі мерзімінің аяқталуы, заңда белгіленген жағдайда, әкім өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуы немесе әкімшілік-аумақтық бірліктердің құрылуы, шекараларының өзгеруі (қосылуы, бөлініп шығуы немесе бөлінуі) негіз бола алады. Сайланатын әкім «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы заңының және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс. Әкім болу үшін кандидат ретінде ұсынысты белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар - өз мүшелері арасынан тек бір адамды ұсынуға құқылы. Бұдан басқа жеке азаматтар да өзін өзі ұсыну тәртібімен әкім болуға үміткер ретінде дауысқа түсетін ниеті болса, сайлау комиссиясына келіп өтінішін береді. Биыл да аудан аумағында әкімдер сайлауы өтеді. Нақтырақ айтқанда, Қара Арна ауылдық округі бойынша өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты ауыл әкімінің сайлауын өткізу жоспарланған.
-Дүниежүзілік сайлау күніне аудан көлемінде қандай шаралар өткізіледі. Осыған орай, өңірдегі сайлаушыларға қандай жылы лебізіңізді білдірер едіңіз.
- Дүниежүзілік сайлау күні жыл сайын ақпан айының бірінші бейсенбісінде өткізіледі. Биыл көріп отырғаныңыздай, мереке күні ақпанның 6-сына тап келіп тұр. Мерекеге орай іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізу мақсатында, әрине, алдын ала жоспарлар жасақталды. Соның бірі - аудандық аумақтық сайлау комиссиясында өтіп жатқан «Ашық есік» күні. Қазіргі жол - жастардікі. Сондықтан аудан орталығындағы колледж, лицей, мектептердің жоғары сынып оқушылары мен студенттер арасында жалпы сайлау тақырыбында «дөңгелек үстелдер», пікірсайыстар, сайыстар, кездесулер, «ашық есік» күні ұйымдастырылып отыр. Иә, қазір сайлау органдарына жүктеліп отырған міндет зор. Маңызды сайлау науқандарында дауыс беру кезіндегі сайлаушылардың жоғары деңгейде қатысуы, жастардың белсенділік танытуы - алған бағытымыздың сенімді тірегі. Ендеше, барша сайлаушыларды да кәсіби мерекемізбен шын жүректен құттықтап, еліміз үшін ортақ мақсаттарға жету жолында сарқылмас қуат, отбасылық амандық, береке тілеймін.
-Әңгімеңізге рахмет!!!
Ел үшін сіңірген еңбектеріңіз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан Е.ҚОШАҚАНОВ