Сайланған әкім - халқына жақын

Желтоқсанның 10-ы күні аудан орталығынан шалғай орналасқан Қосшағыл ауылдық округінде әкім сайлауы өтті. Ауыл басшылығына үміткер ретінде үш азамат қатысты. Округ бойынша тіркелген 2504 сайлаушының 1282-і сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Нәтижесінде 1997 жылы туған Құлсары қаласы әкімі аппаратының бас маманы қызметін атқарып келген Жанғазы Еркінов Қосшағыл ауылының әкімі болып сайланды. Аудандағы ауылдық округ әкімдерінің осыған дейінгі тізіміне қосылған ол жаңа есім әрі ең жасы да. Өзгелерінің әкімдік тәжірибесі толысқан, саяси додада шашасына шаң жұқтырмай жүрген жүйріктер.

ОН ЖЫЛ БҰРЫН БАСТАЛҒАН САЯСИ ДОДА

Осы жерде сәл-пәл шегініс жасап, өткенге көз салсақ. Негізінен, елімізде ауыл әкімдерін сайлау 2013 жылы басталғаны аян. Арада өткен төрт жылдан кейін, яғни 2017 жылы 24 тамызда 14 облыстың аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдарының әкімдері сайланды. Сол кездегі республикалық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметтеріне сәйкес, науқан барысында ауыл әкіміне 4059 кандидат ұсынылып, олардың 3951-і тіркеуден өтіп, 1416 ауыл әкімі сайлауда жеңіске жетті.

Демек, ауыл әкімдерінің сайлана бастағанына биыл тура он жыл толған екен. 2013 жылғы 24 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің №555 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін сайлау, өкілеттігін тоқтату және қызметтен босату Қағидасына» сәйкес, бұл саяси науқан Жылыой өңірінде де қалай жүзеге асқаны есімізде. Ауданда сол 2013 жылғы тамыздың 6-сы күні Құлсары қаласында және Жаңа Қаратон поселкесі мен селолық округтерде тұңғыш рет әкімдер сайлауы болды.

Бірақ ол кездегі науқан қазіргі сайлаудан мүлдем өзгеше еді. Олай дейтініміз, әкімдерді халық емес, халықтың атынан сөз сөйлейтін жергілікті мәслихат депутаттары сайлады. Сондықтан оның әділ де ашық өткеніне қазіргі жұрттың күмәнмен қарағаны жасырын емес.

Айталық алғашқы сайлауға аудандық Мәслихаттың құрамындағы 13 депутаттың 11-і қатысып, өз округтеріндегі сайлаушылары атынан таңдау жасады. Сайлау науқаны барысында әр округтен үміткер ретінде бұрынғы әкімдерді қоса алғанда барлығы 27 адам ұсынылды. Нәтижесінде Құлсары қаласы бойынша халық қалаулыларының 10-ы, қазіргі Атырау қаласының әкімі болып тұрған Шәкір Кейкинге, 1-еуі Серік Садуақасовқа, ал Қара-Арна селолық округінен ұсынылған үміткердің ішінен Ерлан Нұрғанға – 2, Ерболат Елеусіновке 9 депутаттың дауыс бергендігі белгілі болды. Өзге округтерден ұсынылған Н.Сауытовқа, А.Ідірісов, Р.Молдабаева, Б.Қариев пен М.Бектембаевтарға таңдаушылардың барлығы бірауыздан жақтап дауыс берді. Сайлау комиссиясының хабарламасына қарағанда, сол кездегі ел тарихындағы маңызды саяси оқиға аудан орталығында барлық демократиялық талаптарға сай өтіп, сайлау барысында ешқандай заң бұзушылық деректері орын алған жоқ.

БҰЛ САЙЛАУ БҰРЫНҒЫ САЙЛАУДАН ӨЗГЕРЕК

Қазіргі өтіп жатқан ауыл әкімдерінің сайлауының басталғанына да екі жылдан астам уақыт өткен екен. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл жерде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жаңа бастамасының бірнеше ерекшелігін айта кеткен жөн. Бұған дейін ауыл әкімдері жанама дауыспен сайланып келсе, бұл жолы елді мекеннің басшысын тұрғындар тікелей дауыс беру арқылы анықтады. Президенттің ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастамасы алғаш 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты кезекті Жолдауында көтерілген еді.

-Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек. Мысалы, қоғамдық пікір сауалдамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды. Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын,-деген еді сол кезде Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Арада бір жыл өтер-өтпесте бұл бастама шын мәнінде қолға алынды. Сөйтіп, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2021 жылдың маусым айында Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің басшылық құрамының басын қосып, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері мен ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде арнайы кеңес өткізді. Онда Президент Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы ауылда тұратындығына тоқталып, бұл саяси шара, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқанын жеткізді:

-Осы оқиғаны еліміздің тарихындағы айтулы белес деп айтуға болады. Негізі, бұл – біз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Азаматтарымыз тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Біз бұған біртіндеп, жоспарлы түрде келдік, Алдағы сайлау біз жүзеге асырып жатқан саяси реформаларға тың серпін береді деп сенемін. Сондай-ақ тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашады, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев халық сайлаған болашақ әкімдер туралы:

-Әкімдер - биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі. Жұрт олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды. Сондықтан тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болу үшін алдағы сайлауды дұрыс ұйымдастыру өте маңызды, – дей келіп, сайлаудың әділ де ашық өтеріне зор сенім артты.

«ОТЫЗ ЖЫЛДА ОРДА ЖАҢА»

2021 жылдың 25 шілдесінде еліміздің тарихында тұңғыш рет халықтың өзі таңдайтын ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Бұл саяси додадан жылыойлықтар да қалыс қалған жоқ. Міне, содан бері де Жылыой өңірінде ауыл мен қала, кент әкімдері жергілікті халықтың атсалысуымен сайланып, олар өз ауылдары үшін нақты жоспарлы іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Бұрыннан қызмет істеп келген Жем, Қара-Арна ауылдық округінің әкімдері Данияр Айтпенбет, Ерболат Елеусіновтер мен биыл келген Ақкиізтоғай, Майкөмген ауылдық округінің әкімдері Марат Қабиденов пен Нұржарық Сауытовтар осы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қойған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға» сәйкес тікелей жергілікті халықтың сайлауы негізінде сайланып, жұмыс жасап жатырған билік өкілдері.

Бұл сайлау әкім болып отырған азаматтарға ерекше жауапкершілік жүктеді. Соның арқасында өңірдің ауылдық округтерінде көптеген жоспарлы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асты. Қазір ауылдар мен аудан орталығы арасында жол мәселесі шешіліп, балабақшалар мен спорт кешендері, дәрігерлік емханалар, ойын алаңдары салынып, көше жарықтары орнатылды. Күні бүгін мәдениет үйлері де бой көтеріп, алды пайдалануға беріліп жатыр. Соның бірі – Шоқпартоғай ауылындағы мәдени нысан. Онда өткен күз айында өңірге іссапармен келген облыс әкімі Серік Шәпкенов кестеге сәйкес аудан жұртшылығымен кездесу өткізіп, жергілікті тұрғындарды жеке қабылдады.

Қазақта «Елу жылда ел жаңа, қырық жылда қазан жаңа» деген нақыл бар. Мен бұған «Отыз жылда орда жаңа» деген сөзді қосар едім. Расында да, Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толғаннан бастап ел жүрегі – Ақордамызда үлкен саяси өзгерістер орын алып, мемлекет жаңа тарихи бетбұрыс кезеңіне қадам басып, «Жаңа Қазақстанның» іргетасы қалана бастады. Ауыл әкімдерін халықтың тікелей сайлауы – сол игі бастаманың жемісі еді.

Бұл, сөз жоқ, билік пен бұқара халықты жақындата түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 29 наурызда VIII шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті отырысының ашылуында сөйлеген сөзінде: «Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Бұл – аса маңызды жұмыс. Биыл, алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді» деген еді. Айтқандай, жақсы бастама жалғасын тауып, биыл еліміздің бірқатар өңірлерінде аудан әкімдерінің де сайлауы өтті. Саяси науқан Атырау облысының Қызылқоға мен Исатай аудандарында ұйымдастырылып, бұқара халық тұңғыш рет өңір басшысына өз таңдауын жасады.

Жылыой жұртшылығы осындай оңды өзгерістердің мұнайлы өңірде де орын алғанын қалайды.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT